Қилы-қилы тағдыр бар. Түрлі-түрлі арман болады. Солардың кейбірі орайын тауып жатады. Менің де көптен көксеп, көктен тілегенімді жерден бергендей сәті түсіп ебепке себеп жалғанып қиюы келе кетті. Дегдар қауымнан шыққан, терең білімді болғанымен тәкаппарлығы жоқ, қарапайымдылығы «мен мұндалап» біліне бермейтін, қайғы, қуанышы жылдар бойына сырт көзге шалынбаған осы әйелдің ашылмаған үлкен сыр сандығы бар еді. Оны ашу қияметтен қиын. Кілті жердің жеті қабат астында, астары алты қат көкте жатқан жұмбақты қалай шешемін десем де батылым бармай, сылтау таппай тосаңсумен оқтай зымырап ондаған жылдар артта қалып бара жатқан. Кезігу оңай-ақ, әңгімені қалай бастаймын? Сұрақ табылады-ау, бірақ оңып тұрған жоқ. Оның үстіне шәкірті түгіл ұстаздар қабағына тік қарап көрмеген тікбақай Зуһра апай болса ше. Жаратқан ием, өзің сақтай гөр!
Абырой болғанда Ғазекең ағамыздың туғанына сексен жыл толу мерекесі тойланып жатты. «Мыңнан тұлпар» дегендей Моңғолиядағы ат төбеліндей азғана қазақтың ортасынан түлеп ұшып, қырандай қанат қағып уыздай жас кезінен мемлекеттік жоғары басшылыққа шығып, қырық жыл бір елді басқарысып, қазағының мұң-мұқтажын арқалап, абырой намысымызды әуелете көтеріп өткен нар тұлғасының мерейінен туған халқы несін аяйды. Қобда дариясының бойы шаңға бөкті, жағасындағы жасыл орман қанға батты. Ақшулан түтіні будақтаған аппақ шағаладай ақбоз үйлерді қаз-қатар тігіп, ат жарыстырып, өлең-жырмен күні-түні думандатып дүбірлетпейсің бе-ай келіп. Ырду-дырду мерекені қызықтап отырып біреу сырт жағымнан келіп, иығымнан түрткенде ғана ес жидым. Жалт қарасам Дәкен екен. Улаанбаатардан ат терлетіп тойға келген қонақтардың біреуі. Маған көптен таныс. Университтетте оқытушы болып істейді. Осы мерейтойдың жанкүйер ақы иесінің бірі, Ғазекеңнің немере інісі.
– Екеуіміз бір жаққа барып келсек қайтеді? - деді оңашалап. Қолында телекамера.
– Сөйтелік. Қайда барамыз сонда?
– Зуһра апайдың үйін білетін шығарсың?
Денемді үрей ме, қуаныш па әлдене билегендей екі ойлы тұрмын. Сыр түбіне күні бүгін тірі жан жетіп көрмеген, елуінші жылдарда Моңғолияның батыс өлкесін елең еткізген сол жұмбақ күтпеген жағдайда дәл қазір шешіле қояды-ау деп үш ұйықтасам түсіме кірді ме.
Көкке өрмелеген жұлдыздай ақыл білім, сыр сымбатымен ауызға ілініп, елге танылған егіз қозыдай, тап-тату ерлі зайыптың бір тасқында қақ айырылған тау өзеніндей аяқ астынан екі жаққа кетуі жұртты сең соққан балықтай абдыратып кеткен. Ары ойланып, бері толғанып сан саққа да жүгірткен. Алып қашпа сыпсың сөздің бірі қисынын таппай айдалаға лағып кетіп, жабулы күйінде қалған.
– Дөп басып төбесінен түспесем де аяқтай аумақта тұрып келеміз, маңайлататын шығармын, жүрсек жүрелік дедім.
– Қандай ғанибет. Кеттік! – деді, Дәкен балаша қуанып. Не үшін деп қазбаламадым.
– Ғазекеңнің рухын елеулі түрде еске алу сәтінде онымен он жыл отасқан Зуһра апайды да туыс туғандары ұмытпау адамгершілік қой...
Ол дастархан басында көзілдірік киіп, шәй кесе мен кітапты қатар қойып, ауыр ойда отыр екен. Тосыннан сопаң етіп кіріп барғанымызға елең еткенімен, қуанған да, қабақ шытқан да рең бермеді. Сабырмен сәлем алып, дәмге шақырды.
– Ішіңдер! - деді, үстемелей құйып.
Үй іші жинақы, мұнтаздай таза. Төргі қабырғада ілулі тұрған алтын кемерлі суретке көз сүрінерлік.
«Әйел затының сұлулығын Мадоннаға теңеу әлемдік мода шығар. Қазақтың дәл мынадай сұлулары Мадоннаны шаңына ілестіре ме тәйірі». Бұл қызының да, сіңілісінің де емес, Зуһра апайдың өз суреті. Сан жылдардың қызықтары мен қасіреттерінің ізі ажарын осып, еңсесі сәл еңкіш тартса да сымбаты сынды, сезімі әлі сергек. «Екеуінің некелескен кезінің бір белгісі де. Ойпыр-ай одан бері де!..»
– Тойға неге бармадыңыз апа? Шақыру бермеген бе? Менің созалаңдап бара жатқан ойымды кілт үзген Дәкеннің осы сұрағы. Таңданыстан өкпе назы басым. Зуһра сәл кідірді. Жауап таппай қиналып отырған жоқ. Кеседегі демін алған шәйін жүрек дірілімен әрең жұтты. Сарқыны шайқалып тұр. Ол тамағын кенеп, күлімсіреді де:
– Неге бермесін, берді ғой шақыру. Бала-шағаның тулақ шашуы емес, көпшіліктің тойы емес пе. Құт берекелі болсын. Тілеулеспін. Иә ол кісі заманында елінің ерен тұлғасы еді. Мен бе мен... Дені сау, денесі ширақ кезінде елу, алпыс жасының тойына да шақырған. Енді міне көзі кеткеннен кейінгі сексен жылдығы. Бәріне қатыса алмадым. Қорланып та, қомсынып та емес. «Қатты жүрсең шаңды аяқ, ақырын жүрсең малма аяқ» деген аталарымыз. Дауысы жаңқышақтанып біздің райымызды бір шолып өтті де байсалды қалпына көшіп:
– Кімнің ішінде қандай ит ұлып жататынын бөгде жан қайдан сезсін. Ал сендерге мен шын сырды айтайын. Менің де төрімнен көрім жақын. Ішке бүккен күйі ала кетем бе?
... Иә, біз бір таудың екі бетінде болсақ та бір өзеннің бойында туып өсіппіз. Мен қаршадайымнан әкеден тірідей айырылып, жетім қалғаныммен текті атаның ұрпағы ретінде маңдайдан шерткізбей үкі, тұмар тағып бұлғақтап өстім. Екуіміз де әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, одан соң алғашқы мектептен бастауыш білім алған соң Улаанбаатарға жетіп, ілгерілеп оқып жүргенде таныстық қой, - деді.
Менің көз алдыма қырқыншы жылдардағы оқығандар бейнесі келді. Солардың бірқатары айттыру, құдалық, қалың жолымен некелескен жұптарын жазбай, сүйгеніне қосылғаны туралы әңгімелер айтылатын. Осы ойымды сезе қойғандай Зуһра апай тамағын кенеп:
– Біз екеуіміз ойнап жүріп от басып, опық жеп адасқандар қатарынан емес едік, -деді. Шүу дегеннен, құмарлықпен құлай салмай, ұнатсақ та бір бірімізді ұзақ сынап сабырмен, сарыла жүріп араға сан айларды салып барып табыстық. Оқудан екеуіміз де кенде болмадық. Ол болса екі бірдей жоғары мектепті іш, сырттан үздік бітіріп, үлкен мекеменің бастығы болып орналасты. Мен де екінші мектептің табалдырығын аттаған едім. Бертінде жастардың кейбірі оқуын аяқтап үлгерместен кез келген уақытта, қалаған жерінде тұрмыс құрып жүре беретін болды емес пе. Біздің тұсымызда бұл ерсі көрінетін. «Пәленшенің қызы көлденең өткен көк аттының етегінен ұстап кете барыпты» дегізбей, тойды ел ішіне, ауылға келіп жасадық.
Керейдің бұрынғы керауыз ұлығының баласы деген қарқарадай атағым, Мәскеуден КУТВ бітіріп келіп, сырмақ шетіне ілінген айбынды ағам бар. Басымнан құс ұшырмай әспенсітіп өсірген ауылым «Жетім қыздың тойы» дегізбей абыр-сабыр болып, барын салып ойын-тойды келістіре істеп, мені қолдан ұзатты. Адуынды ер Қара Оспанқызы Дариғаны қырық түйеге жасау артып, аяғына күміс білезік салған торы жорғаға мінгізіп аттандырған деуші еді. Менің салтанатым содан кем түскен жоқ. Қазақтың сол сән салтанаты бәлкім менімен аяқталған да шығар, - деп ілулі суретке бір қарап, сөзін қайта сабақтады:
– Келген жерім де осал болмады. Обалы кәнеки ұлы-кішісі түгел қоғадай жапырылып, жайылып жастық, жазылып төсек болып, бастарына хан көтерді. Біз жаз бойы сауық, серуен құрып, күзге салым Улаанбаатарға оралдық. Ғазизбектің қол-аяғы балғадай, уылжыған жас. Беделді ұйымның басшысы, қолғанат көп. Үйімізде тұрып оқитын ауыл балалары бар. Тұрмысымыз олқы нәрседен ада. Тап тұйнақтай. Мектебіме автомобильмен жеткізіп тұрады. «Қолды жылы суға малу» деп сірә соны ғана айтар. Бос уақытымызда екеулеп Толының жағалауындағы сыңсыған орманды аралаймыз. Боғда тауына шығып, үйір үйірімен өрген бұғы, маралды тамашалаймыз. Кейде ойынға барамыз. Ертегіге бергісіз таңғажайып тәтті сол дәуренімізге көз, тіл тиді ме, қайдан білейін, көңілге бір қаяу түсті. Маған не тез алып тынбаған, не оңай айықпаған сырқат пайда болмағанда біздің бақыт пен ләззат, рахатқа толы жұбайлық сол өміріміз толықсып, дәуірлеп тұра берер ме еді, шіркін, қайтер еді... Әй, бірақ біз пендеміз. Семіздікті қой болмаса пенде қайдан көтерсін. Жақсылықтан да жалығамыз да...
Ал, мен ше, мен өз шешіміме өкініп көрген емеспін. Емделіп, домдалып бейнет аз шекпедім. Алайда денеге батқан аурудан да «екеуіміз бірдей емес, біреуіміз ғана мұңлы болсақ-ау» деген ой дерті қатты қинады мені.
Әбден үміт үзілген соң өзімді аямай, оның көңіліне де қарамай бір күні дәл осылайша қарама-қарсы шәй ішіп отырғанымызда жалғыз жапырақ қағазды жұлып алып: «екеуіміз ажырасайық» деп жаздым да, алдына сырғыта салдым. Қолындағы шәй құйған кесе еденге түсіп, күл-күміреті шықты. Көзі бадырая қалды. Пәлен жыл бірге тұрғанда маған алғаш рет алая қарағаны да осы. Ызадан емес-ау, қасіреттен. Еңгезердей азаматтың екі кісі мінгендей атпал иықтары қозғалып, денесі қалшылдап, жағы кемсеңдегені қандай аянышты.
– Неге? - деді әлденуақытта аңырып.
– Сабыр ет, ер адамсың ғой. Мен сенің бағыңды байламайын. Мені аяма, болашағыңды ойла, - дедім, барған сайын батылданып.
– Сөз болыпты-ау! Мен саған бала тауып бермедің деп қашан айттым, -дейді, балаша бұртыңдап. Қой, мұндай жаман нәрсені осыдан былай ауызға алушы болма. Екеуіміздің тату-тәтті өмір, жақсы тұрмыс-тіршілігіміздің өзі базар, өзі бақыт емес пе.
Сөзінің соңын әзіл-қалжың, ойын-күлкіге айналдырды, шәйіп-жуып: «Армансыз адам болмайды. Төрт құбыласы тең кімдер бар? Баласыз кісілер бақытсыз деп саған кім айтты. Балалы болдың, ол егер туада кемтар, немесе жүре нақұрыс болса онда тұрған ненің бақыт, қуанышы» - деп те әрбіледі. Ара-арасында ән салатын. Қазақтың қара өлеңдерін қандай әдемі айтушы еді, - деп күліп алды Зуһра апай. Дәкеніме қарасам ебіл-дебіл...
Өлең демекші Ғазекеңнің той-томалақта, ұзақ жолда жүріп келе жатып та халық әндерін жалықпай айтатынын білемін. Ұлықпын деп кісімсімей, қарашаны өз басынан төмен санамай, мейлі кім бол өзімен тең көріп, әзілдесіп сұхбаттасып келе жататын. «Бірер стаканға қызатын сені не басты!» - дей отырып, бірер литрге сәл манаураған шағында әнге басатын:
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң.
Кекілін кескен кер атым-ай,
Жастайдан өскен бегзатым-ай.
Ойнайсың енді кіммен мен кеткен соң...
Әсіресе осы өлеңді аңырататын. Сонда кейде дауысынан қарлығу, өксу аңғарылатын.
– Ол өте парасатты еді ғой, - деді Зуһра апай тағы да шәйін демдей отырып. Одан қасақана безейін дедім бе. Шоқтығы өзгеден биік қазақ азаматының еңсесі түспей, сағы сынбай жүре берсе екен деп, сол қатерлі тәуекелге келдім ғой. Ал, бірақ ол сонда да үзілген жіпті жалғаймын деп әуре-сарсаңды ұзақ кешті.
– Мен әдемі ақыл таптым, - деді бірде ол.
– Саған тегі бала керек болғаны ғой? Олай болса оңай. Күлән жеңгемді елден шақырттым. Келетін болды. Ішінде бөпесі бар дейді. Осында әкеліп күтіп, баптап, босандырып аламыз. Өзім тапқырмын, ә? - деп қарқылдап күлді. Қосыла қуандым. Уайым қайғы зым-зия. Жиылып-теріліп жеңешемді құшақ жайып қарсы алдық. Жік-жапар болдық та қалдық. Үміт тілеуіміз тек соның үстінде. Бірер ай өткен соң жеңешем перзентханаға барып, қол аяғын аман-есен бауырына алды. Нәресте үйге келді. Ақ түйенің қарыны жарылды. Төбеміз көк тіреді. Қаладағы қазақ біткен түгел бас қосып, бірнеше күн шілдехана, дүбірлетіп той жасадық. Керегі не бақ құсының басыңа қонуы азапқа салып, сарылтуы қаншалықты ұзақ болса, кербағып ұшуы да сондай тез болады екен. Сүйкімділігімен отбасымызды шаттыққа бөлеген ақ бөпеміз төрт-бес күн өткенде аяқ астынан жалп ете түсті!..
Зуһра апай соңғы сөзін ауыр қинала, күрсіне айтып көзін жұмып, сәл отырып, қайта ашқанда жалғыз тамшы мөлт етіп ыршып, тырс етіп столға тамды. Онсыз да егіліп отырған Дәкенім еріксіз еңірей жөнеліп еді.
– Қой, жылағаны несі. Жасық болып өскен неме екенсің-ау, деп оған зілдене қарады да, сонымен түгел жер шұқып қалдық.
– Сауығайын деп мысқалдап арылып келе жатқан дертім қайта меңдетті. Денені діңкелеткен ауруға қараған жоқпын. Біздің енді екі айырылуымыздан басқа ешбір жол жоқ дегенді маймөңкелемей, бетіне тура қарап отырып-ақ ашық айтып салдым.
– Жанұясын бұзған жайсыз адам ретінде сені де аямайды. Қызметтік, партиялық тұрғыдан да жаза жүктейтінін білем. Бірақ қобалжыма. Үлкендерге барып, мән-жайды өзім түсіндіремін, - дедім.
Ақылын айтып тағы да гөй-гөйге басты, алдады, арбады, жалынды, жалбарынды. Бүк түсіп жатып та алды. Алған бетімнен қайтпадым. Бас хатшы Цэдэнбалға кіруге батылым бармады. Бізбен жолдас, сырлас жүретін Цэндге кірдім. Ол екінші хатшы, саяси бюро мүшесі еді ғой. Сырт көзге тәкаппарлау көрінгенімен білімді, кішіпейіл адам еді. Аман сәлемнен кейін мұң-шерімді түгін жасырмай ағытып, байламымды айта бастадым. Дәл осы сәтте ғой, Ғазизбектің біздің үстімізге баса-көктеп еңірей кіріп келгені. Маған қаталдық пайда болды. Безере түстім. Қосыла жыласам не болар еді. Керісінше ол екеуі қосыла жылады. Бедірейген қалпымнан танбай, безеріп: «Зәредей ренішім жоқ. Өмірді зая етіп бұдан былай бірге тұрмаймын» дедім үзілді-кесілді. Ғазизбекке еш кіна тақпауды қайта қайта өтіндім де, қоштасып шығып жүре бердім.
«Қалың ойға қамалған қашып құтыла алмайды» дейді ғой моңғол ағайындар. Үйге дереу жеттім де, ол-пұлымды жалғыз сөмкеге салып, білегіме іліп, «БӨ» деген белгісі бар бір машинаның кабинасына отырып, Баян-Өлгийге тарттым да отырдым.
Нешеме тәулік ырғалып, жолсоқты болғандықтан ба, ауылға келе ауруым меңдеп, төсек тартып жатып қалдым. Көп ұзаған жоқ, екі мыңдай шақырым қашықтықтан арып-шаршап ол да жетті. Ұйқы-күлкі көрмей тапжылмастан талай түн қасымда болып, басымды сүйеп, сусын берді, бағып-қақты. Үһ, екі дүниеде де қарызым жоқ қой... Қабағыма қарайды, өлсем бірге өлетіндей. Кекті ойы жоқ. «Егер сен қырда, ауылда болайық десең мен де қаланы қояйын. Бастық болған бақытты болар дейсің бе? Тірі жан, түкті бақамыз ғой. Ата кәсіп қой соңынан ерсек те ептеп-септеп күн көрерміз» -дейді.
– «Жоға, сен халыққа керексің. Аз қазағыңның абырой намысысың. Оларға көп жақсылық істей аласың. Үлкен басыңды кішірейтпе. Мені шын жақсы көрсең сөзіме көн. Жалынамын!» -деймін. Бірте бірте бетім бері қарап, қаз тұра бастадым. Ол балаша мәз. «Бәрі бір күнгідей болмайды. Өлсем саған аруағым разы. Маған қарайлама. Құдайым саған бақыт сыйласын, тілеулеспін» дедім оған орталыққа шақырып жеделхат келген күні. Делегация құрамымен Мәскеуге шұғыл аттанатын болыпты.
– Сенсіз бақыт деген нәрсеге күмәндімін, - деді жаутаңдап, қатты қысқан қолымнан әрең сытылып. – Зуһра денсаулығыңа мұқият абай бол. Тез сауығып үйге кел, жаным...
Арада және бір ай өтті. Сақалынан су сорғалап, ат өксітіп, алдынан кесе көлденең өтпеген екі бірдей қайнағам келді. Қыз айттырғаннан бетер әңгімені әріден тартып, кең толғай, ақыл айта, ағаттығымыз болса кеш деп аяққа жығыла келді. Баяғы келіндікпен бәлсімей, қылымсымай ағымнан жарылып, мұңым мен сырымды ақтара отырып кесімімнен қайтпай оларды сыйлап аттандырдым. Көнбеске көнсе де көз жастарына етегі толып, жеңдерімен көздерін сүрте, белдері бүгіліп олар кетті, қайтсін! Бәрімізге оңай тиді ме, бірақ қарысса қатал тағдыр кімді аяған. Ол кісіден содан былай бірталай уақыт бойы хат келіп тұрды. Кейбіреуі өлең хат, қазір де сақтаулы. Бір де біреуіне жауап жазбаппын, дегенмен тасбауырмын-ау. Жарықтықтың пәниден өткеніне де оншақты жыл. Еске алмайыншы десем де ұмыта алмадым. Оны қойып түсіме жиі енетінді тапты. Тағы да «келе ғой» деп жүр ме, кім біліпті.
– Кейін балалы-шағалы болғанын естіп шын қуандым. Бет беделіне шіркеу түскен жоқ, Моңғолия аспанында жарқырап өткен қазақтың шоқ жұлдыздарының бірі. Мына бүгінгі мерейтой сол асқақтығына құрмет қой, аруағы разы болсын. Ой, Дәкен, сен недеген бос едің? Мен назаланбаймын, өзімді бақытсызға санамаймын. Қамшының сабындай қысқа болғанымен бақыттың дәмін бір кісідей татқызған жастық дәуреніме өкпелі емеспін.
– Апай, сексеннің сеңгіріне аяқ бассаңыз да шүкірлік-ау, мықты екенсіз, әлі де жасай беріңіз.
– Тағдыр жазғасын амал қанша. Сол төсек тартқаннан кейін әупірімдеп түрегеліп, батпандап кірген кесел, мысқалдап шығып құлан таза сауығып кеттім. Қарашұнақтарға қырық жыл сабақ беріп еңбек етіп, қазір зейнетін көріп отырмын. Соңғы жолдасыммен де дәм-тұзым жарасып еді, амал не ғұмыры келте болды.
– Ғазекең соңғы оншақты жыл ортамызда болды, кезігіп тұрдыңыздар ма?
– Бір-ақ дүркін. Амандастық та, бір-бірімізге қарап отырып, бір қапшықтан темекі алып тамыздық. Мен ой ойланғанда анда-санда шылым шегем. Ол жиі-жиі тартады екен. Ләм деместен біршама уақыт үнсіз сырластық. Сонан соң қоштасып, екі жаққа кеттік, - деп Зуһра апай жалғыз тал сигарет алып тұтатты...
2003 жыл.
6alash ұсынады