Он алтысында он барымташыны баудай түсірген, жекпе-жек пен жорықтардан қанжығасы қансыз қайтпаған, қалың жаумен айқаста Қарымбегі қаза тапқанда қабырғасы қайысып қайғы-қасіретке батқан түгіл қасқая қарсы тұрып, қаймана жұртына өзі жұбату айтып қызыл қынды «қызылаяқтарды» жау жапырақтай жайпаған қас батыр Көбеш сексеннен асып, тоқсанға аяқ басқанда шөккен нардай сұлқ түсіп жатып алған. Оны меңдеткен ауру да, кәрілік те емес тіпті жиырма бесінде ата жауға бас иместен басын алдырып отауы тұл, жары жесір, баласы жетім, арғымағы ертоқымсыз бос қалған Асылбегінің аянышты қазасы да емес дүйім жұрттың наласы, ұлтының ұлы қасіреті еді. Аз халықтың арманы, соры таусылмайды қашанда. Ойраттың ойранынан құтылып үлгірмей жатып орыстың оппа орына, қытайдың қырсығына екінші жағынан тап болып мысы құрыды бұл қазақ. Қылышын кезенген қызыл қынды кәпірдің күн құрғатпай қыдыңдаған қырық матау қыспағынан құтылармын деп Алтайдың күн бетінен теріскейіне келіп жаным жай табар деп еді, мұнда да қарық болып көсегесі көгермеді. Ежелгі ата-бабаларының тарихи жазбалары мен ескерткіштері тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрса да көрмей көрсоқыр болғандай жалтара танып «Мынау менің жерім. Тіріңе өріс пен қоныс тұрғой өліңе орын бермеймін» деп кекірейген кең етектердің де қорлығы бек өтіп барады. Онымен қоймай «ерден кетсе де елден кетпейтін» баяғының жесіріндей «Төбе би төренің қол астындағы он екі Абақ Керей сен Ажының қарамағынан безгеніңмен менің ұзын арқан, кең тұсауымнан құтылып кете қойдым деп ойлама. Сен келіп қолтығына тығылған мұңғылыңның өзі ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда. Баяғыда Көгедайларыңның Еженханға тізе бүгіп, бас иіп гүң шенін алғанда ант берген жылы мың жылқылық «сары ноқта» басыңнан сыпырыла берген жоқ деп жыл сайын келіп қоқилайды. Оларды өзінің немере інісі Жұртбай бидің өзі қолтығынан үрлеп отырса не қайыр! Аз бола тұра алтыбақан алауыз ағайынға не дауа!
Күш-дәрмені мен ақыл-айласы он екі бірдей Ертістей тасып төгіліп тұрған шағында білмепті. Қандасының бәрі батыр, бәрі бірдей берекешіл деп ойлапты. Жаңылған екен. Жалғыз батыр қорған болмайтыны рас екен. Соның барлығын бойда күші қазандай сарқ-сарқ қайнап ұрынарға қара таппай лепірумен баз кешкен қайран дәуренінде ескермепті, кербағып кеш қалыпты. Осыны ойлап опынған батыр омырылып күрт түсті. Шымыр денесіне төніп, шырғалаған пәлендей сырқат келмесе де осынау ойжады ауруына шалдығып қатты назаланып қапаланды. Күн беттен ары көшпей бері ат басын бұрған өзін де жазғырды. Қаймана қазағымен не көрсе де бірге көріп қауымдасып кең даласында жатып алмай жын ұрғандай желпілдеп Қалбаға тартқан өз атасы Қотырақ батыр сынды аруақты ел ағаларының бет-бетімен кеткен берекесіздігін аяусыз сыбап алды. Қанына біткен таққұмар, бас-басына би болған хандарға да қарғыс-нәлетін қарша боратты.
Жұрт оны ауырған шығар, не күйік мұның басынан кешпеген еді деп мүсіркеп аяды. Қартайғанда бір бала, жасы келді ғой, қарт батыр сірә алжыған шығар деп те «жіп» тақты.
Ақиқатында дәнеңе еткен жоқ, алкеуде батырдың арнасына түсіп, ақылға келгені де осы тұс еді. Жуырмаңда шешілмес ең қиын түйіні-ұлт тағдыры болды оны ілезде қаусатып бүгілтіп жіберген. Әттең жас кезінде осы ақыл басына түссе ес-ақылын білмей, әл-шамасына, өлген тірілгеніне қарамастан көзді жұмып арлан қасқырдың, аю мен барыстың да төбесінен тік сорғалап түсетін бала бүркітше бір әрекетіне барар еді. Әбден күні кетіп қара жердің қойнына кірерде сәулесіне кіріп аһ ұрғызғанын қарашы!..
Қапаланған ойсоқта күйде ұйқылы-ояу жатқан қарттың ойын:
– Аға, аға! -деген дауыс бөлді.
Көңілді қалдырып түкке керегі жоқ болған мынау пәни дүние күйіп жата ма, өртеніп жата ма не қайғы, не қуанышы бір де бірі қайтқан көңіл, қажыған жанын жібітер, селт еткізер емес еді.
– Аға! - деп үшінші рет қайталанғанда барып:
– Иә? - деп күбірлей бетін бері қарай бұрды.
– Аға бір жеріңіз ауырған жоқ па, хал-күйіңіз қалай, жақсы ма?- деді. Інісі Тоқай екен, денім сау дегендей басын изеді.
– Аға, арғы беттегі жәдік құдалар ас беруге сауын айтқан еді, осы ауылды қайталап арнайы шақыртыпты. Бір топ кісі барып келуге бел байлап сайланып отыр. Сізден рұхсат бата алып кел, - десті.
– Е,-е барыңдар, барсын, алдарыңнан оңғарсын.
– Сонан сізге және бір дәт айтқалы келдік. Қаратөбел бестіні берер ме екенсіз? Алла жарылқап, аруақ қолдаса бәйге алып келмесіне кім кепіл, қаратөбелді ұйғарыңыз. Бағымызды тағы бір сынайық.
– Әнеукүні көрдім. Бабы келіссе бітімі жаман мал емес, жақсы жылқының тұқымы еді-ау жануар, -деді күрк-күрк жөтеле басын шынтақтай көтеріп.
– Бірақ еті қатып жарамаған ғой. Осы жолы қойсаңдар қайтеді. Ауылда алты жүз жылқы бар шығар, бір тайдың терін аяды деме, обал болады дегенім де.
– Құдайға тәуекел. Аға, рұхсатын сіз берсеңіз баптаудағы обал біздің мойында болсын! - деп қадалды анау.
– Мақұл!- деп бас изеген қарт батыр тағы да қалғып ұйқыға кетті.
«Айт пен ас аттынікі, той тондыныкі» деген ғой, қара төбел бесті қолға тиіп, үміт күтерлік атты болған сауықшыл топ салтанатпен атқа қонып, арғы бетке суыт жүріп кетті.
Содан бірнеше күн өткен соң, бесін ауып, екінті таяған мезетте батыр көрпенің астынан басын жұлып алып:
– Уа балалар, бармысыңдар, бар болсаңдар менің атымды шақырыңдаршы!- деп бұйыра айғайлады.
Кей мінезі шынында да бала мінез болған батырдың бұл сөзін естігендер «Мына кісі шын алжиын деген екен» деп мырс-мырс күлісті, күлсең кәріге күл деген.
– Атымды шақырыңдаршы деймін! - деді енді бұйыра жалынып.
– Құрдан құр не деп шақырамыз? - деді аналар аң-таң болып.
– Шынты бейілім, үй сыртына шығып қатты айғайлап: «Көбеш, Көбеш!» деп ұран салыңдаршы. Әнеу ат жануардың қысылуын қарашы! - деді.
Жігіттер, балалар сыртқа өре жүгірісіп:
– Көбеш! Көбеш!.. - деп айқайлады.
Дауысты естіген соң батыр:
– Үһ, болды енді. Жарайды! - деп разы боп, жайланып ұйқыға қайтадан бас қойды.
Сол кеште ауылға бақсы келіп қонып еді, ауыл адамдары «Қаратөбел бесті қайтті екен?» деп құмалақ салдырып, бал аштырды.
– Бір аттың артынан бір ат!.. - деп бақсы көзін жұмып ұзақ отырды да әлденуақытта: «Келді, қаратөбел оқ бойы озып келді» - деді.
Бір аптадан кейін асқа кеткендер оралды. Қаратөбел бас бәйгені алып келді. Олардың айтуына қарағанда қарт батырдың қандай сәуесі барын кім біледі, «атымды шақырыңдаршы» деген сәтінде астың ат бәйгесі болып жатқаны рас екен. Алдымен келе жатқан екі ат ұзақ таласып, қаратөбел тығылып, әлсіреген уақытта жын-пері көтергендей әлденуақытта делебесі қозып сытылып озып шыға беріпті.
1994 жыл
6alash ұсынады