Қытайға жеткен Алаш ұраны

 

Әуел бастан жалпыұлттық сипаттағы Алаш қозғалысының санаулы мерзім ішінде бүкіл қазақ даласына дабылы жеткені тарихтан белгілі. А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының Қытайдың Шәуешек қаласына жасаған әйгілі сапарынан (1918 ж.) кейін, арғы беттегі ежелден тілеуі бір, тілегі түзу ағайындар да ұраны көк тілген ұлт-азаттық қозғалысына тақым қысып, ат сауырсын бере бастайды.

Алаш идеясы ұлт-­азаттық қозғалысының жаңа ошағына ұшқын тастап, Қытайдағы қазақтардың да бойтұмарына айналады. Алаш ұраны қытайдың жас толқын зиялы ғалымдарын да бейжай қалдырмайды. Егер мұқият ізденсек, Қытай тарапынан да Алаш қозғалысына қатысты құнды да қызықты мағлұматтар табылатынына күмән болмауға тиіс. Сөзіміздің дәйегі ретінде, қолымыздағы мынадай екі деректі көпшілік оқырманға ұсынуды құп көрдік.

Бірінші дерек
«Іле тарихи материалдары» деген атпен әр жылдары жарық көрген ғылыми-танымдық жинақтың 15-ші томында (1999 ж. Құлжа), белгілі қаламгер Омарақынұлы Андастың Қытайдың Күнес ауданының Талды елді мекеніндегі Тұран мектебін ұзақ жылдар басқарған елге сыйлы қарт педагог Нұрбеков Имаммұқамет ақсақалдың айтуы бойынша дайындаған «Әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин» атты шағын жазбасы басылыпты. Автордың жазуынша, Қалимолла Бекторлин 1890 жылдары Ақмола өңірінде дүниеге келген, жастайынан жетім қалған шерлі бала шетендей шымыр, мойылдай қатты болып өседі. Қаршадайынан ғылымға бас қойып, Орынбордағы мұғалімдер мектебін үздік тауысып, қоғам өміріне белсене араласады, ақындығымен көзге түсіп, отты жырларымен халықты патшаға қарсы азаттық күреске шақырады. Отаршыл биліктің шиқанына тиген жалынды азаматтың жанын алуға ақ патша арнайы жарлық шығарса керек, Бекторлин шамамен 1910 жылы Қалжат шекарасы арқылы Қытай жеріне өтіп, Күнес жеріндегі көзі ашық, көкірегі ояу ел ағасы Сатыбалды Нұрбекұлының ауылында бала оқытады, қараңғы халықтың кеудесіне нұр құймақ ниетпен ел-жұртқа теңдікті, әділеттілікті, бірлікті насихаттап, отырықшы өмірдің игілігін үгіттейді. 1930 жылдары Кеңестік Қазақстанға қайтып оралып, ағайын, дос­тарының көмегімен 2-3 жыл білім алады. Қытайға қайтқан сапарында қарақшыға тап болып, төрт қоржын кітабы мен ат-тонынан айырылған Бекторлин Күнеске жаяу тартқан жолында ағысы қатты өзенге кезігіп, абайсызда суға кетеді, тал қармап тірі қалғанмен, үйіне жете сала ауырып, кемел шағында келмес сапарға аттанады.
Арғы-бергі деректерді көңіл таразысынан өткізгенде, Қалимолла Бекторлин деген атпен хатқа түскен бұл тұлғаның Алаш қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі, тағдыр­дың айдауымен өмірінің көп бөлігін Қытай бетіндегі Күнес жерінде өткізген, Сатыбалды Нұрбекұлымен үйір-айқас болып, ондағы ағайындардың тыныс-тіршілігі туралы ойлы жазбалары, сирек болса да, «Айқапта» жарияланып тұрған Бектұрлы баласы Моллағали (немесе Бектұрлин Моллағали) екені дау тудырмайды деп ойлаймыз. Бұл жерде, не дерек беруші, не жазып алушы кісі есімінен жаңылып отырған сыңайлы.
Бектұрлин Моллағалидың 1913 жылы «Айқап» журналында жарық көрген «Қытай қазағының ас беруі» атты жазбасы – қызықты деректерімен оқырманды өзіне тартатын құнды материал. Мақала авторы қызай еліне белгілі Бұлғыншы ақалақшының асына бара жатқан жолында көрген-білгенін жаза келіп, «…Шөлжота, Көгершін, Қайшы деген жерлерден өтіп, ас берген Майтөбе деген жерге жақындадық… Ағаш һәм жердің шөбі адам айтқысыз… Ішімнен «егер, бұл жерлер бір өнерлі жұрттың қолында болса, қалай өзгерер еді. Жердің қадырын білмеген елде бір тиынға аспай жатқаны-ай!» деп, Ресейге қараған қазақтардың жерлерінен айырылғаны есіме түсіп, «бұлар да бір күні бұл жерден айырылады-ау!» деп, көңілім елжіреп қойды» деп өкіне жазады. Андас Омарақынұлы Қалимолла Бекторлиннің (Бектұрлы баласы Моллағали) өлеңдері деп қағазға түсірген жыр шумақтарынан осы мақаламен үндес мынадай жолдарды оқимыз:
Күнес, Текес, Қастағы,
Көшпелі қазақ баласы,
Ақылдың көзін жіберіп,
Ақуалыңа қарашы.
Қатардан қалып қор болмақ,
Бірлік жоқ елдің баласы.
Көп еді қазақ жерінің
Өзен, су, адыр, даласы,
Орнамадық қала сап,
Жоқта ешкімнің таласы.
Бұл жерден қазақ айырылса,
Содан соң қайда барады,
Жоқ болып кетер қаңғырып
Кейінгі бала-шағасы.
Андас Омарақынұлы Бекторлин Қалимолланың (Бектұрлы баласы Моллағали) сөзі деп, Нұрбеков Имаммұқамет ақсақалдың аузынан жазып алған мына өлеңнің тарихи құнына баға жетпейді:
Арғы атам – ер Түрік,
Біз – қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сары арқа жеріміз.
Біз жүрген Алаштың,
Шын кемеңгеріміз.
Егессек ел бермес,
Еңіреген еріміз.
Бұғауға шырмалған,
Біз – долы арыстан,
Қатайсақ қарпымай
Қоймайтын періміз.
Ат мінсек желдетіп,
Ду беріп шабамыз.
Леп тисе ерленіп,
От болып жанамыз.
Ерліктің жалауын,
Ақырып қолға аламыз,
Аттандап шапқанда,
Жауға ойран саламыз.
Ежелден біз қазақ,
Оққа өлген етіміз,
Қаймығып қайтпаған,
Еш жаудан бетіміз.
Ұраным – ер қазақ,
Абылай – ханымыз.
Бостандық жолында
Құрбандық жанымыз.
Тисін оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ,
Азаттық жолында
Жан қимақ – ниетіміз.
Сөз бе екен біздерге,
Жауыңның көп-азы.
Өлсек хақ шейітпіз,
Өлтірсек – біз қазы.
Айқасқан жауларды,
Өлтіріп сау қайтсақ,
Боламыз халықтың
Шын ұлы, сабазы.
Жебесін, қолдасын,
Ақсақал, бата бер,
Сапарды оңдасын!
Жасаған сақтасын,
Халқымның ордасын!
Уа, халқым, ардақты,
Құрбандық мал мен бас,
Аттан күреске,
Азамат, алға бас!
Көзімізге оттай басылған осы жыр жолдарының 1918 жылдың ақпан-қазан айларында Семейде шығып тұрған «Абай» журналының №7 санында басылған, авторы көрсетілмеген, Алашорданың ұлттық ұранына, барша қазақтың азаттық жаршысына айналған «Әскер өлеңі» екеніне деректерді ақтарғанда анық көзіміз жетті.
Тармақтарының артық-кемі мен сөздердің ауыс-түйісін есепке алмағанда (Мысалы, халықтың ордасы деген тіркес «Абай» нұсқасында Алаштың ордасы болып келеді) екі өлеңнің мәтінінде ойға нұқсан келтіретіндей айырма жоқ. Мәтіндерге текстологиялық талдау жасауды мамандардың үлесіне қалдыра тұрып, біз, Андас Омарақынұлының жазуы бойынша, Қалимолла Бекторлиннің (Бектұрлы баласы Моллағали) бұл өлеңді қазақ жерінде патшаға қарсы күресіп жүрген кезінде шығаруы бек мүмкін екенін оқырман қаперіне салғымыз келеді.
Әлбетте, біз күллі Алаштың марш-ұранына айналған «Әскер өлеңінің» авторы Бектұрлы баласы Моллағали деп кесіп айта алмаймыз, олай айтуға қолымызда осы деректен өзге қиып салар айғақ, қиюы келер дәлел жоқ. Дегенмен, осы деректің өзі зерделі оқыр­манға, Алаш арыстарының жоғын жоқтау­шы білімді жандарға титтей болса да ой салса, мақсатымыздың орындалғаны. Алаштың азаттығын аңсаған, қазақ даласының шалғай пұшпағында өнер-білімнің шамын жаққан Бектұрлы баласы Моллағалидай арыстарымыз іздеусіз, жоқтау­сыз қалмасын дегіміз келеді.

Екінші дерек
Қытайда өткен ғасырдың 30-40 жылдары қарқын алған ұлт-азаттық көтерілісін Алаш қозғалысының екінші өрлеуі ретінде қарастыруға толық негіз бар. Дала көкжалы Оспан батырдың Алаш көсемі Ә.Бөкейханның «түбі телім-телім болған қазақтар басын қоспай, қазақ қазақ болмайды» деген аталы сөзін бойтұмар еткені де көп сырдың бетін ашса керек (Оспан батыр. Алматы: Арда, 2007 ж.). Алаш қозғалысы Қытай ғалымдарының да назарына ілініп, қызығушылығын тудырады, олардың қатарында кейін қазақ тарихын зерттеумен айналысқан білікті ғалым Су Бэйхай да болады.
Жуықта қолыма Қытай ұлттық партиясының (Гоминьдаң) Шынжаң өлкелік филиалының жанындағы мәдени қозғалыс комитетінің бастамасымен 1947-48 жылдары Шанхайда шығып тұрған «Ханьхайчао» (Құм толқыны) журналының ескі сандары түсті. Журналдың 1948 жылғы №11 санында сол кезде Шынжаң институтының әдебиет және тарих факультетінің доценті болып жұмыс атқарып жүрген жас ғалым Су Бэйхайдың «Қазақ халық әндеріне талдау» дейтін мақаласы басылған екен. Қазақ сөз өнерінің құдіретіне тамсана бас шайқаған болашақ ғалым «қазақ жұртына үгіт-насихат жүргізгенде, біздің қағаз жүзіндегі сала құлаш сұлу сөздеріміз олардың бір ауыз өлеңіне тең тұра алмайды» дей келе, әрі қарай қазақтың біраз ән мәтіндерінің қытайша аудармасын береді. Бұлардың арасында «Бипыл», «Қаракер», «Дудар-ай», «Қайран заман», «Әри айдай» секілді халық әндері және Қазтуғанның жыры мен батырлар жырынан үзінділер бар. Мақаланың революциялық әндер деген бөлігінде, «Алашорданың жорық жыры» (немесе, «Алашорда маршы») деген атпен берілген қытайша мәтін көзімізді жарқ еткізді. Балғаның сабындай шымыр, артық-ауысы жоқ, тіпті, ойға керемет бір әуен оралтатын көркем мәтінге текстологиялық талдау жасағанымызда, «Абай» журналының 1918 жылғы №1 санында жарияға шыққан Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұран» деген өлеңінің аудармасы екеніне күмәніміз болмады. Үшінші шумақтың жоқ екенін айтпағанда, өлең сөзінің буын-бунақ өлшемін сақтай отырып, аса дәлдікпен, қызу шабытпен шебер аударылғаны байқалады. Өкінішке қарай, аудармашының есімі көрсетілмеген. Дей тұрғанмен, бұл дерек «Ұран» өлеңінің Қытайдағы қазақтар арасына «Алашорданың маршы» деген атпен белгілі болып, ауыздан ауызға көшіп, хатқа түсіп, қазақ мәселесіне ерекше ден қойып жүрген Қытай зиялыларының да назарына іліккенін көрсетеді.
Жинақтап келгенде, біз келтірген осы деректер зерттеушілердің Алаш маршы жөніндегі мәселеге басқа бір қырынан қарауына мүмкіндік береді және Алаш идеясының Қытайдағы қазақтарға да жат болмағанын, керегесі – ағаш, ұраны – Алаш иісі қазақ баласының ортақ мұраты ретінде дала көгіне ән болып қанат қаққанын шынайы айғақтайды деп сенеміз. Ендігі жерде, Алаш мұраларына тіпті кеңірек ауқымда іздеу салған жөн секілді деп, сөзімізді түйіндейміз.

Ерлан МАЗАН,
Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты

"Астана ақшамы" газетінен алынды