Моңғол елінің төрт аймағының ұлаңғайыр өлкесін басып өтіп, мыңнан астам шақырым жол жүрген қазақ көші діттеген жеріне аман-есен жетті. Шығыс Түркістандағы зұлым қытай әскерінен қашып-пысып жүрген кездегідей емес. Бұл жолғы көш саяхат іспетті еді. Жаздың жаймашуақ маусымында мамыражай ғана тірлік етіп жайлап отырған моңғол жұртының алыс сапарда көшін түзеген қазақтарға сый-құрметі ерекше.
Жол бойында үйлерінен шығып, әудем жерден қазақ көшін көрген моңғол жұрты ыстық шай, ақ дәмдерінен алып алдарынан тосады. Көк майсада жайғасып отырып, шай-тамақтарын ішіп-жеп жергілікті қалқалармен әңгіме-дүкен құрады.
- Баратын жерлерің әлі алыста екен. Дәмнен алып, тынығып дамылдап қайтыңдар! – деп, қонақ еткен моңғолдар көш-керуенге төте жол сілтеп, ақ жол тілейді, баталарын беріп шығарып салады.
Кейбір мекендерде жауын-шашын болып кетсе, ақ шаңқан үйлерін қаз-қатар тізілтіп, жайлап отырған моңғолдар қазақтарды бала-шағаларымен үйлеріне бөліп, енгізіп, аспан ашылғанша аялдатып қояды. Кетерінде азық-түліктерін беріп, ауыл шетіне дейін шығарып салады.
Туған-туыстан бетер мейрімді, сайын даласындай кең пейілді елге қазақтардың алғыстары шексіз еді. Осылайша тыныш та жайлы жүріспен Олон нуур жайлауына жеткендерді Қобда бетіне ертеректе келіп қоныстанған жекжат-жұрағат, жақын-жуықтары қарсы алып, мәре-сәре болып, бір жасасты. Ақсарбастарын сойып, тілеу-тойларын жасады...
Дөңтай әулеті Ақарал мен Ақшиді алма-кезек қыстап, жазда Көкерік, Олон нуур, Мара, Жаматы, Сулы Қарағай секілді Цамбагарав тауының шұрайлы сай-саласын жайлап жүрді. Әулет дейтіндей де емес, Дөңтайдың қарашаңырағы мен отауы ғана. Бірге келген ағайындардан көнекөз қария Жағабай ақсақалдың қарашаңырағы, отауларымен бірге Алтайдан бұрындары келіп орныққан аталас туыстардың қарасы да әжептәуір баршылық.
Жалпы, бұл жолғы жаңа мекендері Хасагт Хайрханнан қоныс аударған қазақтардың бәріне де қолайлы болды. Жылдың төрт мезгілінде жан мен малға жайлы, шөбі шүйгін, шұрайлы, сулы-нулы, тау-тастан да кенде емес әрі кең мол мекен екені аңғарылды. Қобда өзеннің бойындағы ит тұмсығы өтпейтін тоғайы қыстауға қолайлы болса, мөлдір бұлағы мен тұнық өзен, көлі, кең де отты өріс-қонысы жаз жайлау мен күзеуге өте жайлы екен. Ал, Ошқы тауының қойнауы мен Қобда өзені бойының орманы қыстауға атап соққан дерліктей.
Шығыс Түркістандағыдай көпе-көрінеу ұрлау-тонау, әскери күштердің зорлық-зомбылығы, беталды қырып-жою болмаса да, Советтік қызыл өкіметтің ықпалымен ел арасындағы бас көтерер оқымыстыларды, молдалар мен бай-бақуатты адамдарды «халық жауы» деп байлап-матап әкету, Қобда қаласына апарып, абақтыға жауып тастау бұл жақты да айналып өтпеген екен. Соның салдарынан ел арасында қорқыныш пен үрей басым.
Хасагт Хайрхан жақта санаулы ғана атаның ұрпағы бір-бірімен құда-құдандалы, ертеден таныс-біліс жандар шоғарланғандықтан болар, жұрт бір-бірімен өте тату-тәтті тұрушы еді. Ал, мұнда аймақтың аумағы үлкен, Абақ Керейдің он екі атасынан тыс, Уақ, Найман руларынан құралған сан жағынан келгенде де қазақ баласы көп. Азғана ұранқайлар болғанымен олардың көбі қазақшаға судай. Киген киімдерінен ғана айырмасаң, тува секілді ұлыстар қазақша сөйлегенде өзіңді жаңылдырады.
Ел арасында тарайтын алып-қашпа әңгімелер де жыртылып айырылатындай-ақ желдей еседі. Соның салдарынан опық жеп қалатындар да кездесіп жатты. Арғы беттен шекара асып келіп-кетіп жүргендердің арасында «Шығыс Түркістанда тыныштық орнады» деп мақтаушылар да, «Моңғол өкіметі кәмелетке толған барлық қазақ ұлдарын тұтқындайды екен» деп қауесет таратушылар да ел-жұртты дүрліктіріп, екіұдай күйге түсірді. Халық арасында «есіміз барда елімізді табайық, арғы бетке қайта өтіп, не көрсек те, туған жерде көппен бірге көрейік» дейтіндер де пайда болды.
Бірде сондай жел сөзге сенген бір топ жан санаулы ғана әулетімен айналасына білдірмей сытылып, ауа көшуге сөз байласады. Киіз үйлерін тігулі қалпында қалдырады да, қымбат бұйымдары мен көрпе-жастық, азық-түліктерін түйеге артып, жылқыларын айдап, шекараға қарай тартады. Жол ортаға келгенде олардың суыт жүрісін көріп күдіктенген біреу заставадағы әскерлерге хабарлай қояды. Алдын тосып жатқан әскерлер шекараға жете бергенде пулеметпен оқ жаудырып, бәрін қырып тастайды.
Сенгіштіктерінің салдарынан жазықсыз қандары төгіліп, аңғалдықтарынан опық жеген отбасылардың иесіз қалған екі мың жылқысы мен ондаған ұсақ малын кейін жерлестері барып айдап әкеледі. Ауылға келген соң ақсақалдар кеңес құрып, иесіз малды кедей-кепшікке таратып береді. Жалпы, «пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» демекші, әркімнің жел сөзіне еріп, опат болғандар да, қолға түсіп тұтқындалғандар да көп болды. Кейін екі ел арасындағы шекара бекіген соң ғана ел-жұрттың ауа көшуі саябырсып, тұрақталған жайы бар. Бірақ, саяси қуғын-сүргіннің салқыны тиіп жатты. Шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділердің ұрда жық әрекеттері бертінге дейін жалғасты.
Ақшиде тұратын бір қазақ азаматын «бес уақ намаз оқиды, молдалығы бар» деп өшескен арамза біреу арнайы қызметке хабарлайды. Қобданың ішкі істер бөлімінен оны ұстап әкетуге төрт-бес қарулы сақшы келіп үйінде күтіп отырғанын естіген әлгі бейшара тау бөктеріндегі ұранқайлардың үйіне барып бас сауғалайды.
- Сені үйіңде күтіп отырса, олар ұстап әкетпей қоймас. Үйіңе бармай мұнда жата барсең, іздеу салып, бүкіл ауылды тінтеді. Өйтіп ұсталсаң, сені олар аямайды. Табан астында атып тастаудан да тайынбайды. Егер аман-сау құтылғың келсе, менің айтқанымды істе! – дейді, оған бір ұранқай қария.
- Тірі қалу үшін не айтсаңыз да көнейін. Жан тәтті ғой, ағасы! Құтқара алсаңыз болды – дейді, әлгі қазақ.
- Олай болса, сені құтқарудың жолы өте оңай. Мынаны еш алаңсыз ішіп ал да үйіңе бар! Құдай біледі, олар саған тиіспейді, өз жөндерімен кетеді – дейді де үлкендеу күміс кесеге толтырып арақ құйып береді.
Өмірінде ішімдік атаулыны ауызға алып көрмеген байғұс не өмір, не өлімге тіреліп тұрғанда аянып қалсын ба, ашырқына отырып, бөліп-бөліп ұрттап, ақыры зорға тауысады. Сәлден соң үрейден арылып, көңілденіп шыға келеді де, ештеңеден қорықпайтынын айтып, тіпті батылданып кетеді..
Ұранқайлар оны әбден масая бастаған соң үйіне қарай аттандырып жібереді. «Халық жауы» - діндар молданы күтіп отырған сақшылар таң тамаша болады. Үйінің сыртына әндетіп жеткен «молдекеңнің» қызара бөртіп, тілі күрмеліп, қарқ-қарқ күліп, аяғын зорға басып, үйіне енгенін көрген сақшылар:
- Мына кісі ешқандай халық жауы емес. Арақ ішкен, удай мас болған қазақты алғаш рет көріп тұрмыз. Бұл кісі нағыз қызыл коммунист екен – деп сүйсініп:
- Ағасы, ұйықтап демалыңыз! Біз басқа бір үйді іздеп жүр едік – десіп, ың-шыңсыз кетіп қалыпты. Жол-жөнекей әлгі кісіні сыртынан көрсетіп берген адамның үйіне барып:
- Сен арақ ішетін, дін атаулыдан аулақ, жаңа заманның қазағына «молда» деп жала жаптың. Нағыз халық жауы сен екенсің! – деп, арызқойдың өзін ұстап, абақтыға алып кеткен көрінеді...
Хамилат екі отбасын асырап бағу үшін тек малмен ғана күн көруді жеткіліксіз деп білді де, жаңадан құрылған сауда ұйымына агент болып қызметке орналасты. Ай сайын екі түйе зат артып әкеледі, үйінің қасына ашқан шағын дүкенінде сауда-саттық жасайды. Жайлауда отырған жұрт ұн, шай, кәмпит-шекер, кездемелік пұл секілді керек-жарағын сатып алады. Күні бойы келімді-кетімді адамдар қарасы үзілмейтіні Шәміл бастаған ауыл балаларына көңілді болды.
Олай болатын себебі, кейбір аса қажетті заттарға, әсіресе, шай мен ұнға Хамилат дүкендегі ең өтімсіз тауар арақты міндетті түрде қосып береді.
- Арақ алмаймыз! Мұныңды ұсынба! – деп қазақтар ат-тондарын ала қашады. Ондайда Хамилаттың сөзі дайын:
- Мені осы арақты өз қалауымен әкеліп отыр дейсіз бе? Мына заттарға бір шөлмек арақты қосып алмаса, ондай адамдармен сауда жасама деген бастықтың берген бұйрығы бар. Сенбесеңіз, міне, оқып көріңіз! – деп, мөр басылған әлде бір қағазды көрсетеді.
Айтарға сөз таппаған қазақтар қаламаса да, бір-бір шөлмекті қосып алуларына тура келеді. Бірақ, үйден ұзай бере онысын бұтаның түбіне тастап кетеді.
Шәмілдің аңдитыны да сол. Балаларды бастап жүгіріп жетеді де тасталған арақты түгел жинап алады. Шөлмектерді жар қабақтың шетіне қаз-қатар тізіп қояды да өздері қырық-елу қадамдай шегініп алып, таспен дәлдеп тұрып атады. Арақты апасы «сайтан су» деп атайтынын білетін Шәміл бұл ойынға «сайтанға тас ату» деп ат қойған.
Балалар үшін ең бір көңілді ойын да осы. Әр бірі мергендіктерін сынайды. Кім көп шөлмек сындырса, сол батыр атақ алады. Ұранқайлардың келіп зат алғанын Шәміл онша жақтырмайды. Себебі, олар арақты Хамилаттың мәжбүрлеуінсіз-ақ қос-қостан сатып алады. Бірақ, онысын бұтаның түбіне өліп бара жатса да тастамайды. Бір жолы арақты тізіп қойып таспен атып, күл паршасын шығарып жатқан балалардың үстінен түскен бір ұранқай кісі аттан түсіп келіп, бәріне «сарқұлақ» деп аталатын бір төгірік ақшадан таратып беріп, оншақты шөлмек арақты түгел жинап алып кеткені бар. Кетерінде балаларға:
- Мен келесі жолы сендерге босаған шөлмек әкеліп беремін. Ал, сендер ішінде сусыны бар шөлмекті ешкімге көрсетпей тығып қойыңдар! Сындырмаңдар, жарай ма? Бос шөлмек пен арақты баспа бас айырбастап тұрайық! – деп, Шәмілмен келісімге келді.
Шынымен әлгі ұранқай сөзінде тұрды. Босаған шөлмектің оншақтысын әкеліп тастайды. Қазақтардың үйден ұзай бере тастап кеткендерін жинап алып, өзен жағасындағы құмқайраққа тығып қойған Шәміл оған арақтарды өткізеді.
Арақ құйылған бөтелкені сындырғаннан гөрі бос шөлмекті балалар тәуір көреді. Себебі, алыстан атқан тастары келіп тигенде шағылған шөлмектің даусы әдемі естіледі және арақ төгілгендей жағымсыз иіс шықпайды.
Алайда, бұл ойындарынан да көп күндердің бірінде көз жазып қалды. Бұлардың ұранқай жігітпен жасайтын астыртын «саудалары» мен «сайтанға тас ату» ойындарының сырын аңдып жүріп біліп алған жеңгелері Хамилатқа дереу жеткізді де, әлгі ұранқай да ізін суытты, балалардың шөлмек аңдауларына тиым салынды.
Бірақ, Шәміл оған еш өкінген жоқ. Онсыз да бұл ойынның қызығы кетіп, өзі де жалыға бастаған-ды. Сондай-ақ, екі шаңырақтың ішіндегі жасы үлкені де өзі болғандықтан, мал-сұлға қарау, шөп жинау, отын-су тасу секілді қат-қабат шаруалар жасы бір мүшелге де толмаған Шәмілдің мойнында еді.
Өзімен құрдас балалардың кейбірі аймақ орталығына кетіп, бір тобы Байнорға барып, жаңа заман оқуын үйрететін мектепте оқып жатқанына қызыққан Шәміл:
- Аға-ау, мен де оқу оқығым келеді – деді, Хамилатқа.
- Тәйт, сен оқуға кетсең малға кім қарайды, үй шаруаларына кім қолғабыс жасайды? Жалғыз Арират қай жағына жетеді? – деп, ағасынан бұрын ауыз ашып үлгерген жеңгесі тиып тастады...
Бір күні ауылға аймақ орталығынан ат арылтып жеткен уәкіл қасына жергілікті бастықтарды ертіп келіп, жұртты аулаға жинады. Жиналған қазақ, ұранқайлар арасындағы ширақтау біреулерінің айтуларына қарағанда, дүниежүзілік екінші қанды соғыс басталыпты. Үстіндегі жып-жылтыр қара былғары плащы мен аяғындағы хром етігі, басындағы қалпағы да сол түстес жалт-жұлт еткен уәкілдің қимылы шалт, түсі темірдей суық.
- Жолдастар! – деп, сөзін бастаған уәкіл қабағын қарс түйіп, жүзін сұрландыра тістеніп, онсыз да суық түсін одан бетер «мұздатып», жиналғандарды бір шолып өтті де:
- Біздің мәңгілік досымыз Сәбет одағына қауіп төнді. Күтпеген жерден Гитлердің Германы Сәбет елінің шекарасын бұзып, дүниежүзілік екінші қанды соғысты бастады. Ержүрек көсем Сталин бастаған сәбет халқы жаудың бетін қайтару үшін жан аямай соғысып жатыр. Маршал Чойбалсанның жарлығымен біз қызыл армияның жеңісі үшін аянбай еңбек етіп, сәбет халқының жеңісі үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Шығыстан Жапония басқыншылары өңешін созып, Батыстан Гитлердің Германы шабуылдап, Сәбет елімен бірге бізге де елеулі қауіп төніп тұр – деп ұзақ сөйледі.
Анасының қасында тұрған Шәміл уәкілдің сөзінің ары қарайғысын тыңдаған да жоқ. Түскі сауын уақыты болып кеткендіктен Арират өрістен қойды айдап келе жатыр екен. Қазір қой қосақтауға көмектесуі керек.
Бала-шағалар саулық қойларды ұстап, қосаққа таси бастағанда көк мылжың уәкіл де айтарын тауысқан болса керек. Жұрт тарқап, ауыл әйелдері қой саумаққа қосақ басына жинала бастады.
Қосақ басында қой сауып отырған қатын-қалаш, үй ауласында ер азаматтар топтасып алып, уәкілдің жеткізген суыт хабарын талқылап жатыр.
Ерлердің сөзін тыңдасаң, әлгі жапон мен германдар екі жақтан қатар басып кіріп, бала-шаға, кәрі-жас демей адам атаулының бәрін найзаның ұшына шаншып алып, отқа қақтап жеп қоятын секілді. Бытырлатып атқан оғынан шашылған өрт айналаны жалмап, түгел күлге айналатындай. Әуеден ұшып келетін «темір құстарынан» тасталған отты «жұмыртқалары» тау-тасты қақ айырып, барлық ауыл жеті қат жер астына түсіп кететінге ұқсайды. Тыңдасаң үрейің ұшып, зәрең зәр түбіне жетеді.
Ал, қой сауып отырған әйелдердің әңгімесі соншалық үрей тудыра қоймайды. Керісінше, жақсылық болатындай. «Е, ол герман мен жапонның бізде не өші бар ғой дейсің. Қысқада кеткен кегі болса, әлгі дінсіз кәпір Сталин мен маршал Чойбалсаннан алар. Бізге тисер дейсің бе. Бәлкім, сол Гитлер жеңсе, эсэргүүге ұсталып, «халық жауы» делініп, хабарсыз кеткен ерлеріміз аман-есен болса, оралып келер» - десіп, кәдімгідей үміттеніп отыр.
Мұны естіген Шәміл анасына барып:
- Апа, Герман жеңсе, әкем мен Құдыс, Нүкей ағаларым қайтып келе ме? – деп, сұрады.
- Қайдан білейін, балам! Оларды ұстап әкеткен сол орыстың Сталині мен моңғолдың маршалы екеуі еді ғой. Мүмкін, сол екеуімен жауласқан Герман соғыс ашқан болса, әкең мен ағаларыңа жақтасатын да шығар. Онда, германның қас жаулары ұстап әкетіп, абақтыға қамаған жазықсыз жандарды босатуы да кәдік. Бірақ, сен бұны тек ішіңнен ғана ойлап жүре бер. Тірі жанға тіс жарма! Ана уәкілдің беліндегі тапаншаны көрдің бе? Оның құлағына тисе, аузынан от шашатын тапаншасын суырып алады да, аямай атып салады – деп, апасы Шәмілге мұқият ескертті.
Биыл жасы онға толған Шәміл ешкімге тіс жармай тек іштей ғана Германияның жеңіске жетуіне тілеулес болып, жақтасып жүрді. Оның қиялында герман десе болды, бір ұзын бойлы, сәнді киінген көркем жігіт елестейді. Ауыл ақсақалдары «Алман» деп те атауларына қарағанда, ол өзі қазақ болса керек. Бір күні сол көркем жігіт қасына әкесін, Құдыс, Нүкей ағасын және Махмет хатшыны ертіп келіп «Ал, Шәміл бала! Туыстарыңды маршалдың абақтысынан босаттым. Енді, үнемі бірге болыңдар!» - деп күлімсіреп қарап тұрса...
Осылай армандаумен күндер өтіп жатты. Таяуда түсінде де көрді. Әкесінің қасында өзінің екі інісі, хатшысы бар және әлгі герман дейтін әдемі жігіт бесеуі ақбоз атпен ауылға қарай шауып келеді екен. Шәміл алдынан жүгіріп шыққалы жатқанда: «Әй, Шәміл! Тұр не ғып жатсың? Отын әкел!» деп шақырған жеңгесінің дауысынан оянып кеткені. Қатты өкінді.
Жеңгесі оятпай тұра тұрғанда ғой. Алдынан жүгіріп шығар еді. Әкесі баяғыдай құшағына қысып, маңдайынан иіскегенде ғой... Шіркін, сол күндер қайта оралса... Герман жеңсе...
Түсін оңашада анасына айтты. «Жақсы түс екен. Ешкімге айтпа!» деп анасы тағы да ескерткен. Шәміл оны да іштей ойлаумен жүр. Сол түсі есіне түссе, бойында ерекше бір күш-жігер пайда болғандай, көкірегін қуаныш кернеп кетеді.
Аспан шайдай ашық, тамыз айының тамылжып тұрған бір күні еді. Ел Цамбагарав тауының баурайындағы жайлаулардан төменге түсіп, Олон нуур бойына қоныстанған кез. Бұл жер алдағы бірер айда күзеуге барарда аялдайтын, кезекті жаз жайлауының соңғы мерзімін аяқтайтын уақытша қоныс деуге болады. Яғни, өзен бойындағы тоғай арасына жақындар алдындағы мезет деуге болады. Аймақ орталығынан Байнорға баратын жолаушылардың ат жолы да осы Олон нуурды басып өтеді.
Шәміл сонау соқпақ жолмен желдіріп бара жатқан салт атты екі жолаушының ауылға қарай бұрылғанын көрді. Дүрбі салып қарап еді, бірі қазақ шапанды кәдімгі қазақ. Ал, екінші жолаушының киім киісі ешкімге ұқсамайтындай бөтен көрінді. Оған таңданған Шәміл үй сыртында жүрген шешесіне жүгіріп барып:
- Апа, әлгі мен түсімде көрген герман кісі келе жатыр! – деді, ақырын сыбырлап.
- Не дейді? – деп, сасып қалған анасы оң қолының саусақтарын жазып, біріктірді де маңдайына апарып ұзақ қарап тұрды да:
- Шынымен де бөтен адамдар екен. Ана қазақтың қасындағы адамның киім киісі тіптен бөлек – деп таңданыс білдірді.
Сәлден соң бие баудың басында тұрған Хамилатқа қарай бұрылған екі жолаушының бірі әлгі «герман»:
- Ассалаумағалайкум! – деп қазақша сәлем бергенін естіген Шәміл дереу қастарына жүгіріп жетті.
Аяғындағы жып-жылтыр хром етігі уәкілдікіне ұқсағанымен, ешбір қару-жарақ асынбаған, үстіндегі киімі мен қалпағы да мүлде бөлек. Шәміл бұрын дәл осындай киімді әкесінің досы Сурахбаяр мен Гэндэннің киіп жүретінін есіне алды. Осы өлкеге келгелі дәл осылай киінген адамды алғаш рет көріп тұр. Хамилат ағасымен жөн сұраса келіп, оны-мұны сөз еткен соң әлгі тосын жолаушы:
- Халеке, үйлеріңізге бүгін қонып кетсек рұқсат па? – деді.
- Ойбай-ау, жігітім! Рұқсат сұрағаның қай сасқаның? Неше күн қонып жатамын десең де, үй әне! Төр сенікі, жүр кәне! – деп таңдана жауап қатқан Хамилат жолаушыларды үйге қарай ерте жөнелді. Шәміл екі жолаушының аттарын байлауға жетелеп әкетті.
Қонаққа қой сойылып, қымыз құйылды. Жиналған жұртпен ол кісі ұзақ әңгімелесті. Шәмілдің ұққаны, «герман» деп атаған адамы Қазақстаннан бала оқытуға келген мұғалім екен. Биыл күзден бастап, Байнорда жасы сегізге толған балаларды жинап алып, мектеп ашпақшы. Мұны естіп елең ете қалған Шәміл:
- Менің жасым онда. Мені оқуға аласыз ба? – деп сұрады.
- Атың кім? – деп әлгі мұғалім оған сүйсіне қарады.
- Атым Шәміл.
- Бәрекелді, Шәміл айналайын! Әрине оқуға аламыз. Келесі айда Байнорға келсең, өзіңмен құрдас балалармен бірге оқисың – деп, жылы жүзбен мейірлене жауап берді.
Қонақ мұғалім әңгіменің майын тамыза сөйлейтін шешен екен. Жиналған жұртты аузына қаратумен бірге домбыра шертіп, ән саып өнерімен де тамсандырды.
Шәмілдің білім алуына анасы да тілекші еді. Алайда, күзеуге көшерден үш күн бұрын ол кісі кенеттен дүние салды. Шәміл анасының сырқат екенін де білмеген. Бәлкім, білдірмеген де болар. Күзгі ақ жауынмен қрсыла тоқтаусыз аққан көз жасымен бетін жуа жүріп, анасын арулап көмген бейітке көппен бірге Шәміл де топырақ салды. Іші бауыры езіліп, үш күн бойы өксігін баса алмай жүрді.
Биіктеу төбенің үстіндегі сол бір үйінді құмның астына Шәміл аяулы анасының ақ кебінге оралған тәнімен бірге «оқысам, білім алсам» деген асыл арманын да қоса көмген еді.
Барша қазақтың тарихи отаны, күн шуақты Қазақстаннан арнайы келген, сол тұстағы жас ұстаз, кейін атақты ғалымға айналған, ағартушы Тілеуберді Сауранбаевтың Байнор жерінде алғаш рет ашқан мектепке жиналған алпыс баланың ішінде, Рамазан, Онабас, Ағыпеш, Байылхан секілді бала кезінен құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен құрдастарының арасында, алғашқы шәкірттердің ішіндегі ең кішісі Кәптің қасында оқу-білімге құштар Шәміл ғана болмады.
Шәмілдің балалық шағының қызық та думанды сәттерін, бақытты да шуақты күндерін әкесінің «халық жауы» болып ұсталуы бір ұрласа, анасының мезгілсіз қазасы біржолата көзден бұлбұл ұшырды. Тұлдыр жетімдіктің қамытын тым ерте кигізген ауыр тағдыр Шәмілді аяусыз сынап, әбден иледі. Аш-жалаңаштың, жоқшылық-тапшылықтың, тұрмыстық тауқыметтің санқилы ауыртпалығын көре-көре көндікті. Ойын баласынан ойлы жеткіншекке айналды, жылдан жылға есейіп ер жетіп келе жатты...
6alash ұсынады