Жол-жөнекей әлдебір фармацевтік қоймадан дәрі дәрмек алмақ болып, айналып қалған Баяхмет тізгін ұшымен вокзалға жеткенде, Алматы-Семей пойызының жүруіне санаулы ғана минуттар қалып еді. Алаң толы кұжынаған халық. Кешіккен жолаушылар вагонға кіруге жанталасса, енді біреулер жүргіншілерге жеміс-жидегін, шөлмектегі сусындарын, тіске басар тамақтарын тықпалап әуре. Айнала айғай-шу, бірін-бірі іздеген дауыстар... Баяхмет жетінші вагонды зорға тауып, билетте көрсетілген он бесінші орынға жайғасты да, өзін аттандыра келген баласы Саятпен асығыс қоштаса бастады.
— Ал, балам, енді бөгелме. Пойыз қозғалып кетсе үлгермей қалып жүрерсің,— деді түр-тұлғасы өзінен айнымайтын сұңғақ бойлы, аққұба бозбаланы құшағына тартып.
— Үлгермесем, бірінші Алматыдан түспеймін бе! — деді жас жігіт әке қасында әлі де қала тұрғысы келіп.
— Қой, артық жүрістің керегі не? Айтар тілегім: пәле жаладан аулақ жүр. Көрдің ғой — бұл заманда адамға сенудің қиын екенін... Санатбек пен келінге сәлем айт!
— Маған енді алаңдама, көке! Маңдайымызға тиді ғой, енді ешкімге жем бола қоймаспыз! — Саят кінәлі адамдай қипақтап, көзін төмен түсірді.
— Сөйт, балам. Қызметіңе мұқият бол!
Саят - Баяхметтің кенжесі. Көңілі құрғыр қоңқылдапақ тұрса да, зейіл әке сыр алдырмай, баласын есік көзіне дейін ұзатып салды.
Айтқанындай-ақ, көп күттірмей пойыз да орнынан қозғалып кетті. Бейне көшенің бір қапталы жылжып бара жатқандай. Жылжыған бұлар емес, қарсыдағы ғимараттар... Құжынаған халық сейіліпті. Әр тұстан қош-қош айтып, қол сермеген жұрт... Саят та кете қоймаған екен. Терезеге төнген әкесіне бірдеңелерді айтып, жанаса жүріп келеді.
Баяхмет есік-терезесі жарқыраған тәуір вагонға тап келіпті. Тек, бір таңғалғаны, купеде өзінен басқа адам жоқ. Жүргіншілер қайшыласып жатқан мынандай жаз мезгілінде орынның бос болуы мүмкін бе? Кеше Санатбек бар беделін салып жүріп, бір билетті броньмен әрең алған. Әлде, мұнын серіктері бірінші Алматыда күтіп тұр ма екен?
Жолаушылар пойызы екі вокзалдың арасында тым ағындап кетпей, баяу жылжып келеді. Жол бойы қалың орман, бетон қабырғалы қойма-складтар. Ара-тұра тал теректер арасынан ақшаңқан үйлер қылаң береді. Құдауанда, бәрі көңілге байланысты екен ғой. Осыдан он бес күн бұрын осы жолмен қалаға кіргенде, мына көріністер сұрқы қашқан, қиқы-жиқы, тым жүдеу күйде шалынып еді. Енді қараса, соның бәрі өңденіп, құлпырып кетіпті. Онда Баяхметтің көңілі күпті еді. Биыл оқу бітірген кенжесі Саят істі боп жатыр дегенді естіп, жанын қоярға жер таппай келе жатқан. Енді, міне, пәле-жала артта қалып, шошыған жүрек орнына түсті. Саяты ағарып, бостандыққа шықты. Құдайдың мұнысына да мың да бір тәуба.
Пойыз бірінші вокзалға келіп тоқтаған. Осында он бес минуттай аялдайды. Баяхмет перронға шығып темекі тұтатты. Манағы көргені ештеңе емес, жолаушылардың нағыз нөпірі осында екен. Көпшілігі сауда-саттық жасайтын әйелдер. Олардың жүктерін тасып, мал тауып жүрген жүкшілер. Жұмыссыз қалған жігіттерге бұл да бір нәпақа болса керек, ауыр тендер мен теңкиген алабажақ қаптарды иықтарына салған жүкшілер бірінен-бірі озып, жанталасып жүр. Анадай ауыр жүкпен ішке кіру де оңай болмас. Негізінен саудагерлерге арналған артқы вагондардың маңы айғай-шу, опыр-топыр.
Баяхмет темекісін тартып болып, ішке кіргені сол еді, алабажақ қап көтерген жүкшілердің бір-екеуі мұның купесіне де келіп жетті-ау! Әлгілер иықтарына артқан зілмауыр жүкті үстіңгі полкаға шығара салып, іле-шала сондай қаптың тағы екі-үшеуін көтеріп келді. Аузы үзбелі, түйенің, беліндей төрт-бес қап үстіңгі екі сөреге зорға сыйды. Баяхмет: «Бұл, сірә, жүк тиейтін купе болды ғой» деп таңданып отырған. Дәл осы кезде қолында зілдей сумкасы бар әйел кірді ішке. Жасы қырыққа іліне қоймаған, орта бойлы, қолаң шашын дөңгелете қиған аққұба келіншек. Өзі мына пойызға көп машақатпен зорға жетсе керек, ақша жүзі албырап, танау қатып, алқынып тұр. Жүк иесі осы әйел сияқты, самайларынан алты айрық тер аққан жүкшілер бірдеме дәметкендей, соның бетіне жалтақтап қарай береді. Олардың не күтіп тұрғанын әйел де түсінді, білем, топ-толық омырауының қобыланып біткен тұсына екі саусағын жүгіртті де, жігіттерге жүз теңгеден ақша ұстатты.
— Мынауыңыз аз ғой, апай! — деді жүкшілердің бірі өкпелеген балаша бұртиып. Өздері бұрыннан таныс па, қалай, әйел өзімсінген үнмен:
— Жүгермектер-ай, сендерде де қанағат болсашы! Мә, бөліп алыңдар! — деп тағы жүз теңге қосты.
— Рақмет, апай! Енді қашан келесіз?
— Айдын аяғына таман күтіңдер.
Жігіттер қоштасып шығып кеткен. Бос орынға «уһ» деп тізе бүккен әйел қарсы бетте отырған Баяхметті енді ғана байқады.
— Көтек, іште кісі бар екен ғой! — деді сасып қалып,— Кешіріңіз, қарбаласта байқамай қалыппын... Қасымдағы екінші адам кім болар екен деп қобалжып келіп едім, жақсы болды той!
— Несі жақсы? — Баяхмет салқын жымиды.
— Сізге серік болғанымды айтам да. Былай, сенімді кісі көрінесіз...
— Сенімді екенімді қайдан білдіңіз?
— Қойыңызшы, аға, кісіні қорқытпай! Оқыған, инабатты адам екеніңіз түріңізден көрініп тұр ғой.
Келіншек соны айтып, сықылықтап күлді. Күлгенде қарақат көздерінен ұшқын шашырап, екі бетінің ұшы шұқырайып, тіпті сүйкімді боп кетеді екен. Көп күлетіні де содан болса керек.
— Танысып қоялық. Менің атым — Биғаным! — деп қолын ұсынды. Алақаны ұлпадай, саусақтары нәзік екен.
— Менің ныспым — Баяхмет.
— Қайда бара жатырсыз, аға?
— Семейге.
— Онда үй жолдас екенбіз. Мен сізден екі сағат бері, Шардан түсемін... Қаланың өзінде тұрасыз ба?
— Қаланың қасы. Жаңа Семей ауданында, — деді Баяхмет. — Осынша жүкті қалай алып келесің, қарындасым-ау?
— Қайтеміз, күнкөрістің қамы. Саудадан басқа кәсіп қалды ма, қазір. Өстіп базардан-базарға шапқылап жүргеніміз.
— Ініміздің жаны тыныш екен. Сізді жүгіртіп қойып, жатқаны қалай?
Бір сәт әйелдің жүзі нарау тартып, бір мұңды көлеңке жүгіріп өтті.
— Сол ініңіз болмай тұр ғой, аға! Ол тірі болса, мұндай күйге түсер ме едім. Күйеуімді осыдан үш жыл бұрын біреулер пышақ салып, өлтіріп кетті.
— Кешір, айналайын! — Баяхмет ыңғайсызданып қалды. — «Білмеген у ішеді», сіз сияқты сұлу келіншек сыңар болмас деген ой ғой менікі.
Бұл кезде пойыз орнынан қозғалып та кеткен. Бір мезетте билеттерді тексеруге жолсерік жігіт кірді. Бәрі заңды. Биғаным басқа көпшілік қолды вагоннан орын таппаған соң купелі вагоннан үш орынды бір-ақ сатып алыпты. Қазір уақыт дегенің — ақша. Мұнда босқа қамалғанша, бір күн де болса, ертерек жетіп алған жақсы. Көршісі өз жайын осылай түсіндірді де:
— Бауырым, бүгін мен әбден шаршап, өлейін деп келдім. Бізге тезірек төсеніш әкеліп берші! — деді жолсерік жігітке.
Көрші әйел алаңсыз киім ауыстырып, жайғасып алсын деген оймен, Баяхмет тамбурға шығып кеткен. Сол жақта асықпай темекі тартып, біраздан соң қайтып оралса, Биғаным төсегін салып жатып қалыпты. Үстіне ақжайма жамылып, бетін ірге жаққа бұрып, бір қырынан жатыр. Жамылғының сыртынан үзілген белі, томпиған толық бөксесі ап-анық білінеді. Ең ғажабы, мұның да төсегін жайып, реттеп қойыпты.
«Ыңғайсыз болды-ау! — деді Баяхмет төсеніштің тиынын төлемегені есіне түсіп. — Адамның іші-бауырына еніп тұратын неткен жан өзі?! Ақылына көркі сай, осындай бір қылап әйелдер болады-ау!»
Сағатына қарап еді, төртке жақындап қалған екен. Түске дейін дәрі-дәрмек іздеймін деп біраз сандалған Баяхметтің де қара саны үзіліп тұрған. Тықырын білдірмей шешінді де, бұл да төсегіне қисая кетті. Бұл кезде он неше вагон тіркелген ауыр состав қаладан шығып, Қапшағайға қарай өндірте зулап келе жатқан. Жылдамдық пен кеңістік өзара егеске түскендей, уақыттың мәңгі бітпес жырына басыпты. Доңғалақ үні кейде бәсеңсіп, құмығып шалынса, енді бірде ауа қабатын дар-дар айырып, өршеленіп, үдеп кетеді. Тарсыл-гүрсіл, апыл-тұпыл... Кейде бұл дыбыстар Баяхметтің құлағына «апыл-тапыл, дүние тапыл» тәрізденіп естіледі. Осылайша пойыздың біркелкі ырғағымен тербеліп жатып ұйықтап кетіпті.
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезгілде көзін ашып алса, айналасы самаладай жап-жарық. Көкжиекке еңкейген күн сәулесі терезеден тура түсіп, купенің іші шұғылаға малынып тұр. Сағат алты жарым. Екі сағаттан астам ұйықтағаны ғой, сонда? Тұла бойы сергіп, тыңайып қалыпты. Басын көтеріп, қасындағы көршісіне қараған. Биғаным әлі де тәтті ұйқының құшағында. Үстіне жамылған ақжайма аяқ жағына сырғып түсіп кетіпті. Жібек шілтерлі көгілдір іш көйлектің де етегі мықынға таман түріліп қалған. Арғы он жақ тізесін бүккен қалпында, аппақ сандары жарқырап, шалқасынан керіліп жатыр. Балтырлары балғын, әрі түп-түзу екен. Дәл қасында бөтен еркектің сұғын қадап отырғанын қайдан білсін, тостағандай топ-толық омырауы көтеріліп-басылып бейғам тыныстайды.
Баяхметтің танауына бір жағымды иіс соғып өтті. Естен шығып бара жатқан таныс иіс — жас әйелдің иісі... Солақ екен, денесі бір ысып, бір суып, жүрегі де атқақтап қатты соғып кетті. Тұла бойынан бір қабындаған қайратты сезінді. Мына ұрлығы сақалды басына жараспаса да, жанарын тайдырған жоқ. Бірталайдан бері жас әйелдің сұлу тәніне көз суарғаны осы еді. Өзінен сәл ғана кіші бәйбішесінің сыны да, сыры да кетіп болған. Оны аужал тұтпай, бертінге дейін «ер азығын» жолдан тауып жүруші еді, кейінгі кезде ол да қожырап кетті. Мақтанғаны емес, Баяхмет жас кезінде әйел көзінің құрты дерлік әдемі жігіт болатын. Оның үстіне, өзі білдей бір емхананың бас дәрігері. Ал емдеу мекемелерінде ұрғашы жұрты жыртылып айрылады... Әйелдерден амал артылған ба, орайлы, оңаша сәтті өздері табушы еді-ау! Ал дені сау, күш-қуаты мығым Баяхмет өздері ыңғай білдірген қыз-келіншектің көңілін жыққан емес. Әйелдің меселін қайтару жігіттікке жатпайды деп есептейтін... Бірақ одан бері де біраз жылдар өтті. Таздан тарақ қалғалы қашан?! Енді, міне, алпыстан асып, пайғамбар жасына таяғанда, баяғы жынының қайта қозғаны несі? Осы сапар бұған бір сын болмаса не қылсын?!
«Өзі әбден шаршаған екен! — деді әлі де тұяқ серіппей ұйықтап жатқан әйелді көзімен тағы бір шолып. — Қайтсін байғұс, базарда табанынан таусылып, мына қаптарды тауарға толтыру оңай дейсің бе?! Бүгін бір алаңсыз ұйықтасыншы».
Сол оймен орамал-сабынын, тіс жуғышын алып, тықырын білдірмей дәлізге шығып кеткен. Бұл асықпай жуынып-шайынып, қайта оралғанда, Биғаным әлі тұрмапты. Есіктің сарт етіп жабылған дыбысынан оянды. Басында қайда жатқанын түсіне алмай, төңірегіне таңырқай қарады да, кенет өзінің ашық-шашық қалғанын аңғарып, аяқ жағындағы ақжаймаға жармасты.
— Кешіріңіз, аға!.. Күн қапырық болған соң жеңіл-желпі жата кетіп едім, — деді өні өрттей алаулап.
— Уақасы жоқ. Мен дәрігермін ғой, дәрігерге ештеңе таңсық емес. — Баяхмет теріс айналып, мән бермеген сыңай танытты.
— Сілем қатып шаршағандікі ғой, өлген адамша қатып қалыппын... Сағат қанша болды, ата?
— Жетіге бес минут қалды.
— Масқара! Ұйқының сазайын берген екенбіз... Өзіңіз демалдыңыз ба, ата?
— Мен де біраз көз шырымын алдым. Сонан соң сіздің ұйқыңызды күзетіп отырдым.
— Ұят-ай! Сіздің алдыңызда ашық-шашы...
— Естіген құлақта, көрген көзде жазық жоқ. Егер мен суретші болсам, «Ұйқыдағы ару» деген полотно салар едім...
— Қойыңызшы, ата, шынымен-ақ қарап отырдыңыз ба? — Биғаным сүйкімін арттыра сыңғырлай күлді. — Ендеше, сол айыбым үшін сізге шай демдеп берейін.
Дәл осы мезетте пойыз Сарыөзекке келіп тоқтаған. Бұлардың вагоны жол жиегінде үйіліп жатқан қауын-қарбыздың тұсына дәл келіпті. Далаға беттеген Баяхмет әлден уақытта хош иісі аңқыған екі шілге қауын көтеріп кайтты. Ішке кірсе, Битаным дастарқан жасап, үстел үстін жайнатып қойыпты. Піскен жұмыртқа, қақталған тауық, помидор, қияр дейсің бе, тізіліп тұр. Соның арасынша бір шәугім шай да келіп қалды.
— Мынау — менің базардан асығыс ала салған жол азығым ғой. Дәм ала отырыңыз, аға! — деді Биғаным екі кесеге шай құйып жатып.
Мана, үйден аттанарда Санатбектің келіншегі «жолда жеңіз» деп бір пакетке оны-мұны салып жатқан сияқты еді. Баяхмет те соған қол созды. Қойдың ойынды еті кесілмеген ортан жілігі мен бір жақ сүбесі, семіз белдемесі, көкөніс, жеміс-жидек... Ең соңында қолы қаттылау бір нәрсеге тиіп еді. Газетке оралған бір шөлмек «Қазақстан» коньягі екен.
— Әй, менің осы келінім де жөн біледі! — деп Баяхмет дауыстап жіберді. — Мынасы жол қысқартқанға жақсы болды ғой!
Бұлар әр түрлі дәмнен ала отырып, тез шүйіркелесіп кетті. Биғаным жол жүруге ысылған, ашық әйел екен. Коньякты қалыспай ішіп, әңгіменің де отын маздатып отыр. Күйеуі өлгелі бір әулетте бас көтерер адам өзі екен. Қолында ата-енесі, үш баласы бар. Балалардың алды — студент, арты — мектепте... Кезінде сауда техникумын бітірген. Біраз жыл райпода бухгалтер болған. Қазір ол кеңселер таратылды. Енді жеке саудамен күн көрмеске амал жоқ. Ата-енесін алма-кезек дүкенге отырғызып, өзі осылай үлкен қалалардан тауар тасымалдап жүргені.
Таяу отырып дәм бөліскендіктен бе, әлде басқа бір себебі бар ма, араларында көзге көрінбейтін бір жіптің байланғаны анық. Осыны айқын аңғарған Баяхмет баяғы батылдығын қайта тапты.
— Әлі жап-жассың. Күш-қайраты тиетін бір еркекке қол артуға болмады ма? —деді әйел затына бірден үстемдік жүргізе бастайтын әдетімен.
— Қайдағы жап-жас?! Қырыққа келгенде, соңында тіркемесі бар, біз сияқтыларды кім алады? — Биғаным мұңая тіл қатты. — Бұл күнде отбасына сүйеу болатын жөні түзу еркек қалды ма? Тепсе темір үзетін небір жігіттер әйелдеріне масыл боп, үйінде жұмыссыз отыр.
— Бұл да бір өтпелі кезең шығар. Заман бұл қалыпта тұрмас, — деді Баяхмет жылдам сырғып қалып жатқан бөз жусанды далаға терезеден көз жіберіп.
— Өзіңіз жай қыдырып жүрсіз бе, аға?
— Жоға, қыдырыс қалды ғой қазір. Балалардың тауқыметі де баяғы. Кенже ұлым биыл ғана оқу бітіріп еді. Сол бала аяқ астынан сотталып кете жаздағаны.
— Қалайша?
— Қалай деріңіз бар ма, біздің ұл бір қызбен танысып жүріп, түбі өзіне серік болмасын сезген соң, бойын аулақ салған ғой. Бірақ қыз талақтай жабысып айрылмайды. Ақыры ырыққа көнбесін біліп, өш алуға бекінеді. Туған күнін сылтауратып пәтеріне қонаққа шақырады да, «мені зорлады» деп полицияға хабарлайды.
— Ой, сұмдық-ай! Сонда, араларында бірдеңе болып па екен? — деді Биғаным әйелге тон әуестікпен.
— Болған. Бірақ ерікті түрде. Бұрын да талай кездесіп жүрген ғой... Ал құқық қорғаушылар келгенде, қыз өз көйлегін өзі жыртып, жәбірленген әйелдің кейпіне түскен.
— Содан не болды, балаңыз ақталды ма, әйтеуір?
— Ақталды. Үлкен ұл әкімшілікте қызмет істеуші еді. Сол бір тәуір адвокат тауып, ісін сотқа жеткізбей босатып алды.
— Апыр-ай, жақсы болған екен! Ендеше, сіздің осы жеңісті сапарыңыз үшін алып қоймаймыз ба?
Бұлар шайға қанып, ара-тұра коньяктан да ұрттап қойып, әрнені сөз етіп отыр. Бірақ қандай әңгіме айтса да, айналып келіп, ер-әйел тақырыбына соға береді. Мына бір оңашалық та соны тілейтіндей.
— Бұрын кім білген, біздің заңдарымызда адам түсінбейтін жайлар көп екен, — деді Баяхмет екі стаканға тағы да коньяк құйып жатып. — Осы сапарда қылмыс кодексімен аздап танысқаным бар. Бір статьяда былай деп жазыпты: «Егер күйеуі әйелінің еркімен санаспай, күшпен игергені анықталса, алты айдан екі жылға дейін бас бостандығынан айрылады» депті... Сұмдық емес пе?!
— Солай деп жазып па? — Биғаным сықылықтай күлді. — Әйел аздап бұлданбаса, еркек сәл-пәл зорламаса бола ма? Жаңағы статья бойынша еркек атаулы түгел сотталып кетпей ме?
— Бәрін заңға апарып тірейміз деп, кейде адамдар қатынасын өстіп қолдан ұшықтыратынымыз бар, — деді Баяхмет сәл ойланып қалып. — Өркениеттің соры осы ғой. Былай қарасаң, дүние кең сияқты. Бірақ айналаң толған тор. Заң торлары. Сен сол шектеулі тордың ішінде ғана өмір сүресін.
Бұлар бір мезгіл сөзден тиылып, жалындап батып бара жатқан күнге қарап сәл отырды. Күн табағы алыстағы құм төбелерге бауырлай батып, ен соңғы қиығы да көзден таса болған. Сол-ақ екен, алаулаған қызыл бояу бірте-бірте сұйылып, жусанды дала суыған темірдей қара барқын тартты.
— Тәңірдің тағы бір күні батты, — деді Баяхмет әлі де терезеден көз алмаған күйі. — Ертең басқа күн, басқа уақыт. Мына кеш енді айналып келмейді... Келіңіз, осы бір қайталанбас кеш үшін!
— Бұрын бұлай ішпеуші едім, маған бірдеңе көрінер! — деді Биғаным коньяктан ұрттап қойып. — Әңгіме айтыңызшы, ата! Сіздің сөздеріңіз сондай әсерлі.
— Қандай әңгімені ұнатасыз?
— Заман, уақыт жайында, махаббат жайында...
— Заман ауыр, — деді Баяхмет. — Қылмыс көп: күн сайын кісі өлімі, топ-тобымен сотталып жатқан адамдар... Кейде қайран қалам, бір кезде осынау далада не полиция, не прокурор, не абақты болмапты. Соның өзінде адамдар еш алансыз өмір сүрген. Жаугершілікте болмаса, кісі өлтіру, ел тонау деген атымен болмаған. Қазақ өмірі есігіне құлпы салмаған ел ғой.
— Ал әйел ше? Әйелге байланысты жанжалдар болмаған ба? Мәселен, Бекежан мен Төлеген...
— Болған. Бірақ ол да жесір дауынан аспаған. Ал, Бекежандар — ілуде біреу ғана. Салт-дәстүрді бұзғаны үшін де халық оған қарғыс айтқан.
— Ол заманда дүние кен болыпты ғой. Еркектер екі үштен әйел алыпты, — деді Биғаным күле тіл қатып.
— Алған. Бірақ бәрі емес, шамасы келгендер ғана. Жаугершілік заманда еркектің саны күрт азайып кетіп отырған ғой. Көшпенді өмірде шаңырақтың бас иесіз отыруы мүмкін емес. Мұндайда жетім-жесірді күйзелтпеу үшін, қорғансыз әйелдерді әмеңгерлік жолымен қайын-қайнағаларына қосатын болған. Бұл да — болашақ ұрпақтың қамы. Біз түсініп жүргендей, қатын үстіне бару қорлық емес, ол заманда жақсы әмеңгер тапқан әйел өзін бақытты санаған.
— Ондай құлшынып тұрған қайната табылса, өзіміз де тиіп алар едік, — деді Биғаным әзілдей тіл қатып. — Еркектің саны қазір де асып тұрған жоқ. Біразы түрмеде отыр. Менің бір подругам бар. Кәрі қыз. Күйеуге неге шықпайсың десек, «Кімге тием? Бізді алатын жігіттер Ауған соғысында оққа ұшқан» деп күлдіреді.
— Сөзінде жан бар, — деді Баяхмет. — Біз бұрын әменгерлікті де, қос қатын алғанды да «феодализмнің қалдығы» деп айыптап келдік қой. Бір халықтың мың жылдық салт-дәстүрін бұлай сызып тастауға бола ма? Халық дана ғой, қашанда. Қажетсіз нәрсені тұрмысқа енгізбеген. Қазақтар бір кезде ерте үйленген. Он бесте отау иесі. Көшпелі өмірде бала басты әйелдер елуінде саптан шығып қалады. Ал бұл жаста еркектер тұғырдан таймайды. Сонда, не істеу керек? Қалған ғұмырды қызықсыз, ләззатсыз өткізу керек пе? Мұндайда төсек жаңғыртудың не айыбы бар?!
— Егер заң рұқсат етсе, өзіңіз тоқал алар ма едіңіз, аға! — деді Биғаным бұған сынай қарап.
— Алмағанда! Еркектің қоры мен дейсің бе? Бәйбіше болса қартайды, — деді әйел алдында төмендегісі келмей.
— Сізді алпысқа келді деп ешкім айтпайды. Өзіңізді жақсы сақтағансыз. Дәрігерсіз ғой, ем-дом қолыңызда...
— Ем-домсыз-ақ, құдай берген қуатым жетеді! — деді Баяхмет қарқылдай күліп. — Баяғы аталарымыз мықты болған ғой... Шаршаған жоқсыз ба? Егер ұйықтайтын ойыңыз болмаса, сізге бір әңгіме айтып берейін.
— Айта беріңіз, ұйқының есесін күндіз қайтардық емес пе? — деді Биғаным ықылас танытып.
— Бүгінгі адамдарда сын жоқ. Табиғат бүлінді, ауа былғанды. Полигонның зардабы болса — мынау. Кейде жап-жас жігіттердің төсектен қалып қойғанын көргенде жағаңды ұстайсың. Менің «Алтын ине» аталатын шағын емханам бар. Кейде жаңағыдай жігіттер келіп, көмек сұрайды. Әрине, ине саласын, тағы басқа ем-дом жасайсың. Кейбіреулері соңынан келіп, рақмет айтып жатады... Айтайын дегенім ол емес. Әлгіндей зәрурет адамдарды көргенде, менің есіме өзім шет-жағасын көрген бір оқиға түседі, — деді Баяхмет бір ұзақ әңгіменің желісіне түсіп. - Сізге әлі айтпадым-ау деймін, мен балалық, жастық, шағымды шығыстағы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағында өткіздім. Қазақ жері кең байтақ, сол даланы жайлаған көшпенділердің пейілі одан да кең. Сондықтан да болар, басқа ешбір қоғамға сыймайтын, өзге жерде ұшыраспайтын неше алуан жандар қыр кезінде мол болушы еді. Бақсы-балгер, дәруіш-дуана, бақалшы саудагер, қыдырмашы ақын-жыраулар дейсің бе, толып жатыр. Қазекең. ешкімге «сен кімсің» демейді. Әлгіндей кезбелер ел ішінде емін-еркін жүре береді. Біздің бала кезіміз. Қырқыншы жылдардың басында Қоңырақын деген біреудің даңқы жер жарды. «Қоңырақын келе жатыр" десе, жылаған бала уанады. Өзіңіз сияқты жас әйелдің жанын қоярға жер таппай қалтырап кетеді. Үлкендер жолы «Мал құлағы саңырау, сол пәленің атын айтпаңдар!» деп ұрсып тастайды. Соншама құбыжық көрінген Қоңырақын кім дейсіз ғой? Ұры-қары емес-ті. Керуен тонап, кісі өлтірген де жері жоқ. Ел аралаған көп кезбенің бірі. Өзі отызыншы жылдары осы жақтан ауып барыпты. Сүйегі — Бәйжігіт ішінде Жұмық десетін. Бала кезімде бірер мәрте көргенім бар: жасы отыздың ішіне енді ілінген, ұзын бойлы, ер тұлғалы, қарасұр жігіт еді. Жүрген жерін думанға толтыратын әнші, домбырашылығы тағы бар. Шын аты Қоңырбай екен, жұрт әлгіндей өнеріне қарап «Қоңыракын» атап кеткен. Сол Қоңырақынның бір ғана әйел затына ұстамсыз болды. Өңі тәуір ұрғашы көрсе болғаны, көзі тұнып, еркінен айрылып қалады. Оған сәл қоға беріс жер болса жетіп жатыр, бірден шабуылға өтеді. Не ғажап, оған әйелдер де көп қарсыласпайды екен. Әлде гипнозы бар ма, кім білсін, көзіне көзі түссе болғаны, өздері-ақ бейімделіп, жантая беретін көрінеді. Ол жүрген ауылда бұлақтан су ала барған, тезек тере шыққан жас әйелдер беттеріне қан жүгіріп, бусанып қайтатын әдет тауыпты, ондайлар және ешкімге жылап бармайды, шағым да айтпайды. Қоңырақынды кезіктірген тәңірге дән риза. Тек, бір жаманы, өз күйеулерін біразға дейін менсінбей қалатын болса керек. Қоңырақын талай рет «қылмыс» үстінде қолға түсіп, ашынған ауыл адамдары енді оны ұлыққа тапсырмақ болып, байлап тастағанда, әйелдер түнде ұрланып барып, босатып жібереді екен. Жалпы, әйелдер — дәтіне берік, кісі қадірін білетін жұрт қой...
Баяхмет әңгіменің осы тұсына келгенде, өз сөзінің әсерін байқау үшін көршісіне көз қырын тастаған. Биғаным өзге дүниені ұмытып, алға ұмсына, қатып қалған екен.
— Содан кейін не болды, аға? — деді тағаты таусылып.
— Қоңырақын, осылайша, әйелдердің қолдауымен ел ішінде емін-еркін жүріп жатты. Ұлығы, заң-зәконі бар қала маңына жоламай, көбінше, Толы, Дөрбілжін, Шағантоғай секілді шалғай аудандарда жүреді. Жас әйелдер жұрт көзінше ұялғансып, «Ойбай, құрысын!» деп беттерін басқанымен, іштей тілектес болып, аты шыққан жігітті бір көруге құмар еді. Оның үстіне, ел арасында: «Өмірі пұшпағы қанамаған қатындар, Қоңырақын қонып аттанған соң бала көтеріпті» деген де лақай тараған. Осыны естіген кейбір балаға зар, бедеу әйелдер: «Әдіре қалғыр, ондай құт құйғыш неме болса, ол жүгермек біздің жаққа неге бір соғып кетпейді?!» деп отырғанын құлағымыз шалғаны бар... Енді бір асып-тасқан кекіре әйелдерді «жақсыны көрмекке» деген әуестік билейді. Керей ішінде бір төренің ерке тоқалы: «Сол немені әркімдер-ақ көкке көтере мақтайды, өзінің әуселесін көретін екен» депті бір отырыста. Ол да — шау тартқан шалына көңілі толмай, желігі басылмай жүрген әйелдің сырттаны болса керек. Бұл әңгіме Қоңырақынның да құлағына жетіп, бір күні бай жол жүріп кеткенде, әлгі ауылға әдейі келіп қоныпты. Екі мықты оңаша үйде армансыз айқасады ғой, баяғы. Ертеңінде төсектен тұра алмай қалған тоқал сырлас абысындарына:
— Бұрын байға тидік деп босқа мәз болып жүріппіз ғой. Несін айтасың, еркектің не екенін бүгін көрдім. Мың болғыр, қамау терімді бір алып, құрыс-тырысымды жазып кетті. Көптен ұйқымның қанғаны осы шығар! — деген екен.
— Осындай сөздерден кейін азаматтың абыройы аспандамай тұра ма? — Баяхмет әңгімесін қайта жалғады. — Бір ғажабы, әйелдер ғана емес, еркектер де Қоныракынға тым жауығып кетпейтін. Қызғаныш, іштарлықтан гөрі, қызығу, бағалау басым еді. Мәселен, біздің қазекең қорадағы қойын қырып кетсе де, қасқырды еш уақытта жамандамайды ғой. Қайта «дала серісіне» сырттай сүйсініп, мойындап отырады. Мынау да — соған ұқсас бірдеңе. Әлде «Бөрік кигеннің намысы бір дей ме», жігіттер Қоңырақын туралы сөйлегенде, сөз әлпеттерінен әлдебір мақтаныш, мадақ сарыны сезіліп тұратын. Өйткені бөрік кигендер сонау Адам атадан бері ақ жаулықтардан жеңіліп келе жатыр ғой. Енді, міне, араларынан бір қайтпас қаһарман шығып, кеткен еселерін қайтарғанына сүйсінетін тәрізді... Оның үстіне, біздің қазақ — қызғанышқа тым бой алдырмаған халық қой. Махаббатқа, ойнап-күлуге жол ашық. Бұл жағынан біз француздарға өте жақынбыз... Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыған боларсыз. Романда Құнанбайдың жас тоқалы Нұрғаным күйеуінің көзіне көрінеу шөп салады. Соны біле тұрып, бір ұлысты уысында ұстаған Құнанбайдай шонжар тоқалына көлденең тұра алмайды. Әуезов мұны ойдан емес, өмірден алғанында күмән жоқ.
— Осы Донжуан деген де француздардан шықпады ма? Соны мадақтаған қаншама драма, жыр-дастандар бар, — деді Биғаным сөзге араласып.
— Донжуан — испан жұртынан. Оның бұлай даңқты болатыны, батыста әйелдердің ықыласына бөлену — қол жетпес арман. Ал Қоңырақын — сол Донжуанның одан гөрі жабайылау, ежелгі түрі. Бойына төтенше күш дарыған дала көкжалы, феномен. Ол шын шабыты келгенде қатарынан үш-төрт әйелге түсе береді екен. Кейде еріккен мырзалар өзара бәстесіп, оны талай сынап та көрген. Ол туралы әңгіме көп. Қоңырақынның желке тұсында аттың жалақ жауырына шыққан жүндей, бір уыс ақ шаш болушы еді. Сөйтсек, оның мәнісі былай болған екен. Бірде Қоңырақын тояттауға жан таппай зарығып келе жатып, бір сайда саяқ отырған жалғыз үйге түседі. Үйде енесі мен келіні ғана болса керек. Кемпір сырттағы жерошақ басында кұрт қайнатып отырады. Төрде отырған қонақ келіншек ұсынған қымызды бір-ақ сіміреді де, босаған ыдысты ала берем дегенде, білегінен шап береді ғой, баяғы. Әрине, көп қарсылық болмайды... Бір мезгілде ошақ басындағы кемпір әлдебір оқшау дыбыстардан секем алып, ішке кірсе жанағы қонақ келіншекті жәукемдеп жатыр дейді. Келіннің кегі оңай ма, бірден ажыратуға ұмтылған. Жалма-жан керегеде ілулі тұрған қыл шылбырды жігіттің мойнына салып жіберіп, шірене тартқан екен, қонақ онысын шыбын шаққан құрлы көрмей, жұмысын жалғастыра беріпті. Ал келіні қарсыласып, бұлқынудың орнына:
— Апатай, болар іс болды ғой, сәл шыдай тұрыңызшы! — деп жалынатын көрінеді.
Соны көрген енесі: «Әй, мына неменің көңі кеуіп қалған ба» деп далаға жүгіре шығып, бір ожау ыстық құртты жігіттің желкесіне құйып жіберіпті. Ең ғажабы, Қоңырақын сонда да құшағын жазбаған. Бірақ желке шашы қолма-қол жидіп түссе керек. «Есерліктен қалған бір белгі осы» дейді екен мәнісін сұрағандарға.
— Қоңырақынның мұндай жолға қалай түскені жайында түрліше болжамдар айтылатын, — деді Баяхмет алдындағы шайдан ұрттап қойып — Біреулер оны есі ауысқан әумесер, жынды десе, енді біреулер: «Ауысқан ештеңесі жоқ, дені сап-сау. Ол тегінде бір байдың мырзасы екен. Арғы беттен ауып келген соң, әйелі бұдан айнып, басқа біреумен қашып кетіпті. Содан ұрғашы жұртында өші бар. Кемінде мың әйелдің етегін ашпасам, ит болайын деп серт ұстапты» десетін. Ол меженің қашан толарын кім білсін. Білетіндердің айтуынша, есеп екі жүзден енді ғана асса керек.
— Анадай күйеуді тастап кетіп жүрген ол қатын да оңбайды екен! — деді Биғаным қарадай алқынып. — Ақыры не болды, ата?
— Қырқыншы жылдардың ортасында сол Қоңырақын ұшты-күйлі ғайып болды, — деді Баяхмет. — Тағы да әр түрлі қауесет тараған. «Астырттағы зәйімкелердің бірінде бір ұйғырдың жас әйеліне шапқан екен. Күйеуі үстінен түсіп, балтамен шауып өлтіріпті» десті біреулер. Бұған жұрт онша илана қоймады. Бұл — екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез болатын. Осының алдында Қоңырақын: «Арғы бетте еркек кіндік түгел соғысқа кетіп, ауылда тек қатын-қалаш қана қалыпты. Елге қайтпасам болмас» деп жүреді екен. Соған қарағанда, туған жеріне қайтып кетуі де ғажап емес. Бұл жақта ондай адам сыймайды ғой, сорлы жігіт итжеккенге айдалып кетті ме, кім білсін?!
Бұл кезде қас қарайып, сағат он бірге жақындап қалған. Баяхмет мана әкелген қауынның бірін тіліп, бұлар енді соны жеп отырған-ды.
— Сіз дәрігерсіз ғой, Қоңырақынның бойындағы жойқын қуатты қалай түсіндірерсіз? — деді Биғаным әлі де жаңағы әңгіменің әсерінен айыға алмай. Баяхмет бұған сәл ойланып барып жауап берді:
— Жалпы, ол уақыт табиғаттың әлі бүлінбей таза тұрған кезі ғой. Адамдар қазіргіден әлдеқайда қуатты еді. Ал Қоңырақынға келсек, адам организмінде кейде осындай патологиялық ауытқулар болады. Бұл да соның бір нышаны шығар, сірә!
Биғаным үстел үстін ретке келтіріп, тамақ қалдықтарын жинастырып жатқанда, Баяхмет дәлізге шығып кеткен. Сол маңда тоқ басып, темекі тартып, ұзақ аялдады. Шығыстан топ-толық ай көтеріліп келеді екен. Тамыздың он бес жанасы болар. Көптен бері мұндай толық айды көріп тұрғаны осы. «Жарықтық-ай, бүгін толған айдын түні екен-ау! —деді іштей тебіреніп. — Аяқастынан бойға желік бітуі осы Айдың әсері емес пе екен? Ай толғанда оның тарту теңізді көтереді, адам көңілі деген не оның қасында?» Тула бойына Ай сәулесі себездеп сіңіп жатқандай, бір рахат күйге бөленіп, ол терезенің алдында ұзақ тұрды.
Баяхмет купеге қайтып оралғанда, Биғаным төсегін салып, жатып қалыпты. Күндізгі көргеніндей ақ жайманың астында керіліп жатыр. Бірақ ұйықтамағаны айдан анық. Бұл да өз орнына келіп қисайды. Шам сөнген. Алайда толған айдың кешінде дала жап-жарық. Терезеден алагеуім сәуле түсіп тұр. Ұйқы келер емес. Бойында алабұртқан бір қызу бар. Дәл қасында — ақ сазандай келіншек. Қайтпек керек? Әдеп сақтап, осылай «мәдениетті» түрде жата бермек пе? Биғаным не ойлап жатыр екен? Бұдан бір белгі күте ме, әлде үмітсіз бе? Қалай болғанда да, сыр тартып көру керек.
— Биғаным, ұйықтап қалдыңыз ба? — деді бұл әлден уақытта шыдай алмай. Көршісі ояу екен:
— Ұйқы қашты ғой... Менің есімнен жаңағы Қоңырақын шығар емес, — деді әйел күле тіл қатып. — Қайдағы әңгімені айтып, кісінің ұйқысын бұздыңыз ғой, аға!
— Мен де ұйықтай алар емеспін.
— Неге?
— Ай толған түндерде осылай елегізетін әдетім бар. Оның үстіне, қарыс жерде айдай толықсып сен жатырсын. Қызды ауылдың итін үргізуге құмар көшпенді елдің баласы едім. Бір белгі бермесем, еркек басыма мін болады-ау деп, екі ұдай күй кешудемін.
— Ой, аға, қандай қызықсыз өзіңіз? — деп Биғаным сылқ-сылқ күлді. — Арамыз — бір-ақ қадам жер. Өйтіп басыңызды қатырғанша, бері қарай аттай салмайсыз ба?!
Кейде қол жетпес армандай көрінетін нәрсенің бір ғана сөзге, батыл бір қадамға ілініп тұратыны бар-ау! Несін айтасың, бұл бір естен кетпес кеш болды. Баяхмет ұятқа қалмай, толған айдың түнін жақсы өткізді.
Ертеңінде түске таман пойыз Шар бекетіне келіп тоқтады. Биғаным ертерек қамданып жүктерін шығар ауызға әкеліп қойған. Екеуі жабылып жерге түсірді. Қарсы алған ешкім байқалмайды. Адамдар бір күннің ішінде бір-біріне бұлай бауыр басып қалады деп кім ойлаған? Баяхмет кеше осы уақытта дүниеде Биғаным деген әйел барын білмеуші еді. Енді, міне, қиып кете алмай, іші құрғыр қоңқылдап тұр. Келіншек жорта көңілденіп, күлген болады, Бірақ оның да жанарында нілденген жас бар.
— Бәлкім, тағдыр жазса, тағы да кездесетін шығармыз! — деді Биғаным бірінші тіл қатып. — Тұрағымыз осы. Маңдайында «Биғаным» деген жазуы бар дүкенді осы елдің бәрі біледі.
— Міндетті түрде кездесуіміз керек! — деді Баяхмет жан дүниесінің әлден-ақ құлази бастағанын аңғарып. — Егер осыдан жолықпай кетсек, түк баяны жоқ, бәтуасыз біреулер болып шықпаймыз ба?!
Соны айтып, «визитный карточкасын» ұсынған. Онда «Алтын ине» емханасының мекен-жайы, телефоны ап-анық жазылған-ды.
— Жақсы болды ғой — анда-санда барып, «ине салдырып» тұратын! — деді Биғаным бұрынғы көңілді қалпын қайта тауып. — Семей деген — біз үшін қауындықтың жолындай.
Мұндайда уақыттың тым тез өтетін әдеті ғой. Алдан жасыл шам жанып, пойыз жүруге айналды.
— Қалайда келетін бол, күтем! — деді Баяхмет тепкішекке аяғын сала беріп.
Пойыз орнынан қозғалып кетті. Үйілген жүктің қасында Биғаным әлі қол бұлғап тұр. Баяхметке ол жылап тұрған сияқтанды. Не істейсің, әманда кездесу мен қоштасудан тұратын өмір деген осы!
2000 жыл, Қараша
6alash ұсынады