Қабанбай мінген Қубас ат

Қазақ пен жылқы біте қайнасқан ұғым. Бірінен-бірін ажырату мүмкiн емес. Жылқы жануарының үстіне алғаш біздің бабаларымыз мінгені ғылымда дадәлелденіп жатыр. Жаугершілік заманда батырдың жан серігіне айналған арғымақтар да аз емес.

Суретте: Тарбағатай тауында орналасқан Қубас ат ескерткiшi.

Сол сәйгүліктердің бірегейі - Қубас ат. Қаракерей Қабанбай батырға серік болған, аруақты тұлпар -Қубастың орыны ерекше. Қабанбай батыр соғысқа аттанғанда көбіне аттың белі шыдамайды екен. Шешуші шайқастардың шебін бұзып жүрген Қабан батырға, өзіне сай тұлпар керек болғаны даусыз. Қалың ел жылқыға бай қазақ даласынан Қабанбай батырға ат іздепті. Бұл сөз Қабанбайдың нағашысы атақты Би Боранбайға да жетедi. Би ата таңдап береді. Жылқышы алып келгенде тұлпарды көрген ел таңдай қағып, таңырқасады. Биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқыны батыр Қабанбай бірден ұнатыпты.
Атының өзі Қубас деп қойылуы да тегін емес, "жүйрікке сай, басында бір қырым ет болмаған" дейді.

Қубас - Ақсуат жеріндегі, Тарбағатай жайлауында өскен құлын. Боғас, Талды-Базар, Қарғыба суын қанып ішкен қазанат. Өкпеті тауларының етегі мен Майлышат маңайында өскен деседі. Кезінде қалмақтарды ойсырата жеңіп келіп, қазақтар ат шаптырып той жасапты. Қабанбай бабамыз Қубасты тек жорықта ғана емес, бәйгеде де сынап көрмекке, бүкiл үш жүздiң хан-қарасы, игi жақсылары бас қосып ұйымдастыратын, қазіргі Кереку мен Семейдiң маңында екi жүз шақырымдық бəйгеге Қубас атты да қосады. Осы ұлы бәйгеде Қабанбай батырдың атақты Қубас аты жеке дара келiп, батырдың даңқын тағы бiр мəрте асқақтатыпты. Сонда батыр: “Мiнгенiм менiң Қубасты, Қубастай жылқы тумасты”,-деп риза болыпты.

Батыр бабамыздың жан серігіне айналған Қубас атпен талай жорықтар жасалып, жекпе-жек шайқастар өткізіп, ел үшін елеулі соғыстарға қатысқан. Тұран дала төсінде Қабанбайды көтеріп , жеңіс туының желбіреуіне септігін тигізген Қубас аттың да еңбегі ерен. Қубас аттың еліміздің төрт бұрышында тұяғы тимеген жері жоқ. Дарабоз батырға қанат болған даңқты тұлпар жайлы әңгімелер, дастандар, жырлар жетерлік.

Қабанбай дастанының бүгінге жеткен үлгісінен алты нұсқасы бар екен . Алты дастанның құрылысында Хан Батырдың Қубас атпен серттескен жері өте ұқсас берілген:

Мен келдім жетпіс сегізге,
Сен келдің отыз сегізге.
Сенен басқа ат мінсем,
Мінгендей болдым өгізге.
Сені мініп шапқанда,
Тартынбай түстім теңізге.
Ей, Қубасым, Қубасым,
Қабанбай өлді дегізбе!
Төрт арыстың баласын,
Енді ешкімге жегізбе!
Шаба алмасаң саған серт!
Қарсы келген жауыма,
Қара тамақ найзамды,
Қадамасам маған серт!

Міне осы жолдарды оқып-ақ, ой түйе беруге болады. Қабанбай батыр Қубас атын 40 жылдай өзіне жолдас еткен.

Қубас ат «кісінеп», «елеңдеп» жаудың келе жатқанын білдіріп отырған деседi.

Қубас аттың соңғы күндері де туған жерінде өткен. Әбден қартайған шағында көз қырыңызды сала жүріңіз деп, аманат етіп Би Боранбайға әкеліпті. Қалың жылқының ішінде жүрген Қубас , бір күні орнынан тұра алмай жатып қалады. Бұны естіген Би Боранбай: «Ел үшін туған ерен ердің астында ұзақ жыл серік болған аруақты тұлпар ғой, қалың жылқыны «Қабанбайлап!» ұран салып, қиқулап қасынан айдап өтіңдер. Айғайға елігіп, тұрып кетер»-депті. Жылқышылар атақты бидің айтқанын істеп, қиқулап, "Қабанбайлап!" ұран салып, бір топ жылқыны жанынан қуып өткенде, кәрі тұлпар дүбірге елігіп, ұшып түрегеліп, топқа ілесе жөнеліпті. Жағалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде, жата қалып жан тапсырыпты. Қайран текті жануар-ай! Би атаның ұйғаруымен Қубас аттың бас сүйегі Тарбағатай тауының бір сілемі, Жағалбайлының ең биігіне қойылған екен.

Бүгінгі таңда бұл өлкені қастерлеп «Қубас ат кезеңі» деп атайды. Етегіндегі бастауға ақтық байлап, ары-бері өткен ел аялдайды. Тұлпарға құрмет көрсетіп, ел азаматтары Қубас атқа ескерткіш те орнатып қойған. Қубастың із қалған бұл өлкеде текті жылқылардың тамыры үзілген жоқ. Әлі талай Қубастай жылқылар туады, үстіне лайық батыр болса!……….

Мерей Қарт
Жазушылар Одағының мүшесі

 

6alash ұсынды