– А-а-а...
Біздің үй мен Тоқа шалдың үйі көрші тұратын. Əcіресе, қыстыгүні қорадан асыра лақтырған, қатып қалған жылқының қиы бір-бірінің ауласына түсіп, итіс-тартыс болып жататын. Үлкендердің арасындағы ондай дауға мен араласа бермейтінмін. Ана бір жылдары Тоқаның есігі біздің үй жаққа қараушы еді, «дүзге отырғанымызға дейін, кірген-шыққанымызды аңдып пəле қылады» деп, құбыладан шығарып алған. Шоқша сақалы бар, аласа бойлы, екі қолын үнемі артына ұстап, желдегендей көкке қарап телміріп тұратын шалдың мінезі шатақ, өзім деген кісісі болмаса, иімейтін бір беткей еді. Шаруасы түгел, қора-қопсысы жинақы, тықадай болып ертеңді-қара кеш тырбаңдап келіп жүретін. Соғысқа қатысқан. Бір құлағын беріп қайтыпты. «Құлақты Гитлер алып, шұнақ Тоқа атандым» деп, жарықтық қарқ-қарқ күліп отыратын-ды. Көп жыл қорықшы болып, ел-жұртты қан қақсатты-ау. Ауылдан ұзап шыққан малды ұшына темір байлаған бишігімен басы-көзге сабалап, не қораға қамап тастайды, не болмаса Алтайды асырып таудың арғы бетіне қуып жібереді. Қарттығына қарамай най тартатын əдеті жəне бар. Махорканы бір қарыстай етіп орап алып, түтінін будақтатып күні бойы жүрелеп отыратын. Есік алдына шыға келген сайын, будақтатып темекі тартып, іннің аузындағы суырдай шоқиып отырған Тоқаны көруші едім. Сол Тоқа үйінде жалғыз жатқан бір кеште, найзағай ойнап, жай түсіп, талып қалыпты. Ауыл-аймақ жиналып, талып жатқан шалдың басын көтергенде, есін əрең-əрең жинаған Тоқаның алғаш сұраған сөзі:
– Мені қойшы, қара ешкі қайда екен? – деген екен.
– Ассалаумағалейкүм! – деймін қашаға мінген күйі айқайлап.
– Əлексалам, молда бол, балам, а-а-а, – дейді. «А-а-а» демекші, Тоқа шал не əзіл əңгіме айтып отырып немесе өзгені тыңдап отырып өз-өзінен «а-а-а» деп мұрнын тартатын. Мұрнын тартатын себебі, бала кезден бергі əдет аурудан жаман қалмай келеді екен. Шал болған шағында мұрнын тартқаны біздерге ерсілеу көрінетін, амалы не, үйреніс қой... үйреніс...
– Ата, бүгін қорықшылыққа бармадыңыз ба?
– Баламды жібердім, а-а-а. Сен не ғып тауықша қаша- ға қонақтап отырсың. Қораның тезегін неге тазаламайсың, əлде сіздің үйдің сиыры бітеу ме еді.
– Жоқ, ақсақал, қайта сізден сұрайын деп едім. Қашан көрсек те жылы қораңыздың көңі бұрқырап, үнемі бір құп-құрғақ болып жатады. Біздің қарасандар астын көк тайғақ, үсті-басын салтақ-салтақ қылып, сар жамбас болып жүргені. Немене, ата, сиырларыңызды қораға қамар алдында балаша тосып аласыз-ау деймін.
Тоқа мəз болып күледі:
– Оның əдісі бар, бірақ айтуға болмайды, а-а-а...
Күндер жылжып өтіп жатады. Тоқа шал сол қабақтың үстінде махоркасын будақтатып əлі отыр. Күрк-күрк жөтеліп, алдын көл-жайсаң қылып түкіріп қояды.
– Ассалаумағалейкүм! – деймін.
– Əлексалам, молда бол, балам, – дейді. Жайлап басып жанына барамын.
– Халыңыз қалай, ақсақал? – деймін.
– Қатты жүрмейміз, қарап тұрмаймыз, а-а-а, – дейді.
– Ата, осы сіз соғысқа қатыстыңыз-ау, – деймін.
– Е, қатыстық. Герман тұрғанда – құлақ тұра ма? Беріп қайтқамыз, а-а-а, – деп шұнақ құлағын көрсетеді.
– Сонда жауды қалай жеңдіңіз?
– Апыр-ай, анауың да, мынауың да тақуалап сұрай бер- діңдер-ау, – деп кейиді.
– Əнеугүні сəскеде үйден шығып едім, – деп бастайды əңгімесін сосын.
– Үйден шықсам, аспан ала бұлтты екен. Кеңсе жақты болжап қайтайыншы, совхоз мал сойып жатса, ішек-қарын, бас-сирағын сұрайын деп, дорбамды арқалап солай қарай беттедім. Алдымда көлденең дөңбек жатты. Осыдан бес-алты күн бұрын жағалауға тасқын шығарып тастаған су-су теректі əлгі бес қыздың ортасындағы жалғыз ұлым сүйреп келген екен. Иə, сонымен əлгі дөңбектен аттап өтіп, жоқ... айналып өтіп, жоқ, аттап өттім-ау деймін... жоқ, айналып өттім бе?.. Қара басып ұмытып қалғанымды қарашы, апыр-ау, аттап өттім бе, əлде айналып өттім бе əлгі дөңбектен, а-а-а... (ойланып, сақалының ұшын тістеп біраз отырады). Е-е, құдай-ай, айналып өткен екем ғой, жо-жоқ, денсаулық бар, жаман дөңбектен аттап-ақ кеткен шығармын... Ұмытшағым-ай осы. Бəрі Гитлердің кесірі, а-а-а... айналып өттім-ау деймін, ол кезде ауырыңқырап жүргенмін.
– Шырағым, – дейді содан соң орнынан қолын таяна тұрып, – ертең келші, қалғанын есіме түскен соң айтайын.
Ертеңінде Тоқа шал меншікті мекенінде жоқ екен, тегі, қорықшылыққа кеткен болуы керек, жирен қасқа аты да көрінбейді. Біздің қара сиыр да жым-жылас, сауайын десе маңайдан іздеп таба алмай, тоғай жақтан апам келе жатыр екен.
– Əкеңнің атына міне сал да, сиырды болжа. Бозтал жақта екі-үш қара жайылып жүр екен. Бəлкім, сол шығар. Əлде Тоқа қақпас азан-қазан мөңіретіп қамап тастады ма, – деген соң, көк атқа жайдақ мініп, жоқ іздеуге шықтым.
Күн əлдеқашан шықса да, бұлттың арасында бозамық- танып тұр. Малы түгел ағайын сиырын сауып, өріске айдап барады. Шелектері шиқылдап екі-үш əйел суға келе жатыр. Мектеп жақтан пионер кернейінің даусы шығады. Жұқалтаң шық түскен екен, əлі ерімепті; жабағы бұлттың ара-арасынан сығалап қалған күннің сəулесі түсіп, көздері жылт-жылт етеді. Еріншектене басып ауылдың ер-азаматы кеңсеге беттеп барды. Тоқа шалдың жалғыз ұлы пыс-пыс етіп отын жарып тұр.
– Атаң қайда? – деп едім. – Мал қайыруға кеткен, – деп шəңк ете қалды. Сосын мұрнын тартты. Денелі болғанымен, даусы шіңкілдек, жіңішке. Япыр-ау, айнымаған əкесі... мұншама ұқсар ма, аузынан түскендей.
Бозталдың күйкеңімен сыпыра аяңдап, етекте жатқан тоғайдың үстінен қарап келе жатқанымда, алдымдағы сайлаудан жылт етіп əуелі шошайған бөрік көрініп, артынша-ақ Тоқаның басы шықты.
– Ассалаумағалейкүм!
– Əлексалам, молда бол, балам, а-а-а... ертелетіп жүрсің ғой. Əкесі еріншек болса, баласының мазасы кетеді деген осы, шырақ.
– Біздің сиыр жоқ, ақсақал, түнде күресінде жатыр еді... көрмедіңіз бе?
– А-а-а... Көрдім-ау деймін. Жоқ, көрмедім білем... Мен таңертең ерте тұрып арқандаулы атыма барғанда... деді де самбырлай жөнелді. Енді Тоқа шалдың тоқтамайтынын білдім де, көк атты тебініп қалып ілгері жүріп кеттім. Былайырақ ұзап шығып артыма қарағанымда, қолын сермеп қойып Тоқа шал бағанағы орнында əлі сөйлеп тұр екен...
– А-а-а, – деп мұрнын тартқаны алыстаған сайын құлағыма жақын естілгендей.
Қыс түскенде, апам айтты: «Биылғы қыста көршінің бар сырын ашуымыз керек, балам. Тоқа қақпастың қорасын қашан көрсең де құп-құрғақ. Сиырларының артына шелек байлап қоя ма? Бірінші, осының себебін білу керек; екінші, шөп шарбағында тіс шұқитын қоқым-соқым, сағдар-сояу қалмайды, оны қайда жібереді, соны анықтау керек», – деп құпия тапсырма берді.
Алтайдан арқан бойы ғана биікте еріншектене батысқа жылыстаған қыстың қысқа күні бағана батып кеткен. Жылы киініп, құлақшынның бауын мықтап байлап, Тоқа шалдың қорасын аңдыдым. Көз байланып, төңіректі қою қараңғылық қымтай бастаған. Қардан жабу жабылған жер ағараң тартып, түн құшағына бой ұсына алмай жүдеу жатқан. Сықырлап ашылған үннен селк етіп, құлағымды түре қойдым. Тегі, Тоқа болуы керек, екі сиырын қорадан шапшаң айдап шықты да, жалғыз ұлы екеуі шыбыртқының астына алып қуа жөнелді. Тұяғы сыртылдап, тапталып қалған жылтыр қарға тайғанақтаған шаңырақ мүйіз сиырлар бүрсең-бүрсең желіп барады. Əке мен бала малды ұзата қуып əкетті. Едəуір уақыттан соң, сол толас таптырмай қуалаған қалпымен қайта айдап əкелді. Мал да, адам да əбден шаршаған секілді, ырс-ырс етеді. Екі сиыр куғын-сүргінге шыдай алмай, құйрығын шошайта жапа тастап зəр жіберіп еді, Тоқа да құманын ұстап дəрет сындыруға қораны айналып кетті.
– Іштерін тазалап болса, жабық қораға қама! – деп бұ- йырды баласына
Болған оқиғаны апама айтып беріп едім, ол кісі қайран қалып, біразға дейін көршісінің қулығына тамсанып отырды:
«Бəсе, – деді, – өзім де солай-ау деп жорамалдап едім. Тіпті қыстай малының асты құп-құрғақ болып шаңытып жатады. Əй, қақпас-ай, жердің жыртығын жамаған зəлімсің-ау».
Келесі күш өзіміздің екі сиырды апам екеуміз бақанның астына алып, Тоқаның соңынан қуа жөнелдік. Осы күннен былай біздің малдың қорасы да тап-таза болып, құрғақ тұратын еді.
Апамның екінші тапсырмасын да орындадым. Тоқа шал шөптің мал жемей сояу болып қалған қалдық-сағдарын қораның бел ағашына биігірек етіп баулап, байлап қояды екен. Сиыр малы қаскүнем келеді, бір нəрсені бүлдірмесе, сүзгілемесе басы ауратын қу мүйіз əуесқой ғой. Алдында жатқан шөпті тастай беріп, аузы жетер-жетпестегі сояу-сояу сағдарға ұмтылады да, созылып барып тілімен орап, ілінгенін күтірлетіп шайнап-шайнап жеп қояды екен. Сиыр «психологиясына» əбден қанық Тоқа шалдың шөбі жазға жетіп, ал пішені тақа таусылып қалған ауылдастарына артығын сатады. Осы қыста біз де мал азығын көп үнемдедік.
– Ассалаумағалейкүм! – деймін.
– Əлексалам, молда бол, балам, а-а-а, – деп мұрнын тартады.
– Соғысқа қатысқаныңыз рас па? – деймін.
– Оның несін сұрай бересің тақуалап. Беріп қайттық қой бір құлақты. Əлі есімде, соғыс бітіп елге қайтып келе жатырмын, а-а-а... Қолымда дəу қара чемодан. Іші толған олжа, бала-шағаның қамы дегендей, а-а-а. Не болса – сол болсын, балаларға сорпа болсын деп, əжептəуір дүние салып алғанмын. Шойын жолмен неше күн, неше түн жүріп Новайсібірдің вокзалына түсе-түсе қалыстық. Аяңдап енді жүре беріп едім, еңгезердей бір орыс «ой бауырымдап» келіп бас салып құшақтап, солқылдап жылады-ай. Өзіміздің ауылдың мен соғыста жүргенде ер жетіп кеткен ер-азаматының бірі шығар-ау деп, ел жұртты сағынып əрең келе жатқан мен жүрегім жібіп, көрісіп солқылдап жыладым. Бір уақытта əлгі орысым мені итеріп тастай беріп, теріс қарап өз алдына жүрді де кетті. Артынан аң-таң қарап тұрып-тұрып еңкейіп қолымды созсам, чемоданым орнында жоқ, а-а-а...
Арада көп жылдар өтіп, білім, одан соң қызмет қуып, ауылға сандаған уақыт – көп мезгіл бармай жүрдім. Жаздың тамаша тамылжыған күнінің бірінде, бітік өскен егіндіктің арасын қақ жарып өтетін қара жолмен ызғытып келе жатқанбыз. Астымызда – қызыл «Жигули». Сонадай қырдың басында, ыстық күн болса да, тымағын шошайтып тұрған атты адам көрінді. Мал қайырып жүрген Тоқа шалсың-ау деп ойладым. Машинаны тоқтатып, «ақсақал» деп айғай салып, қол бұлғап шақырдым. Сəлем бере кету ниеті еді, жаман-жақсы болса да көз көрген үлкен адам. Атты кісі бүлкек-бүлкек желіп, жасқаншақтана жанымызға келді. Ептеп жасарып, үшкіл сақалды алып тастап, тек сепсиген мұрт қана жіберген Тоқа шалдың дəл өзі.
– Ассалаумағалейкүм, ата! – дедім.
– Əлексалам, а-а-а... Орашпысың? – деді.
– Қуаттысыз ба, ақсақал? – дедім. Ол ыржың етіп күлді.
Күлді де мұрнын бір тартып:
– Мен ақсақал емеспін. Тоқа шалдың жалғыз ұлымын ғой. Атам баяғыда өліп қалған, а-а-а, – деді.
Ұзап кетсек те, төбенің басында секиіп тұрған Тоқа шалдан қалған жалғыз тұяқтан көз алмадым.
– А-а-а...
6alash ұсынады