Мен ол кісіні баяғыдан білетінмін... бірақ білмейді екенмін. Жас кезінде, əсіресе, əскери міндетін өтеп, буыны бекіп, бұғанасы қатып келген кезде, екі иығына екі кісі мінгендей, көрікті де сымбатты, аса қайратты жігіт еді. Тұла бойы тұнып тұрған күш секілденетін. Тілерсегін тіліп жіберсең де жығылмайтын, ал алда-жалда жығыла қалса, қайтып тұрмайтын, өйткені ол үшін жамбасы жерге тию – өліммен тең екенін ауыл азаматтары ауыздарының суы құрып, таңдана, тамсана айтатын. Мерекелі күндерде өтетін ойын-тойда екі мықынын таянып, бас балуанға түсетін де осы – Шаған еді. Ауылдың тамам бозбалалары «Шағандай болсақ, əттең, қырқай шалып алып ұрсақ» деген тілекпен ержетті. Ондай жымысқы арман мені де түрткілеп, ертелі-кеш мазалай беретін. Қабағы түксиген, қол-аяғын шойыннан құйғандай, бұлшық еттері білеу-білеу қимылдап қалса өз-өзінен ойнап, мұқым денесі денсаулықтың əнін шырқап сөйлеп қоя беретін атан азаматтың басына қонған бағы он-ақ жылға жетті. Содан соң... содан соң өздеріңіз де білесіздер ғой... ішу басталды. Əсіресе, жеті баланың əкесі болғанда, бақ шіркіннің шайқалуы, əй, пенденің пешенесіне бермесін, қиын-ау, қиын... Ал енді осы бақтың шайқалу кебін кім біледі? Себебі не? Сіздерді білмеймін, өзім бұл сұраққа жауап бере алмас едім. Кінəні жалғыз-ақ нəрсеге жабамыз, ол – арақ. Арақ ішкеннің барлығы жынды болып кетпегенін тағы да көріп жүрміз.
Шаған мас болғанда, аузынан тастамайтын жалғыз əні бар еді. Ұмытпасам, былай-ау деймін: «Жігітіңде мін жоқ, қалтасында дым жоқ, ішейін деп ішпеймін, жетпеген соң ішемін». Аяқ жағын: «Ақшасы көп адамның маскүнем болғанын көргенім жоқ, əкең...» – деп аяқтайтын да, өз шық-шытын өзі балғадай жұдырығымен қойып қалып, тісін шақыр-шұқыр қайрайтын. Əлдекімге кіжінетін, əлдекімді (бəлкім, өзін) балағаттайтын.
Кейінгі жылдары атымыз бəйгеден келіп, атақ қуған соң, ауылға сирек қатынайтын болдық қой. Шаған өмірінің соңғы жылдарынан хабарсыз болғанмын. Тек, еститінмін, əнейі себептермен екі рет отырып келіпті (əрине, түрмеге). Адам өлтірмеген, ұрлыққа түспеген, ешкімнің ала жібін аттамаған. Сонда қалай дейсіздер ғой?.. Палуан ағамыз бұл күндері тат басып, тозыңқырап қалған намысын қорғаймын деп жүріп қор болған да. Рухын жоғалтқан адам – ол да бір түбі шіріген ағаш, жел тұрса құлап қалады. Елге соңғы барғанда естідім – Шағанды саусақпен түртіп қалсаң, мұрттай ұшады екен. Қарап отырып қапаланасың. Жастық шағымның қол жетпес арманы, шыға алмас шыңы, жыға алмас бəйтерегі болған, қайран азаматты мүсіркеуім емес, жо-жоқ, айналайын ауылда «əттең, сол кісідей болсам» деп, ерлік тұтып, еліктейтін азаматтың азайғаны жаныңды жаралайтын.
Сонымен Шаған – Шаған болғалы, тура елу рет жұмыс ауыстырған. Совхоздан қуылған күні, жол жөндеу жұмысына, бұдан қуса – балташы болып, əркімнің үйін салады.
Қысқасы, істемеген ісі, ішпеген ішімдігі қалмаған. Қандай азып-тозып, жүдеп-жадап жүрсін, алған бетінен қайтпайтын турашылдығы мен əділдігін, əсіресе, менің анам сүйсіне айтушы еді. Ол бізге көрші тұратын. Сондықтан да жиі келетін. Ертеңгілік басы зеңгіп, көзі қызарып, «похмель» іздеген шақта, шешеме:
– Əй, тəте, – дейтін. Шешем əдетінше:
– Оу, құлыным, – дейтін.
– Он сом ақша беріңіз, – дейтін.
– Ала ғой, жарығым, – дейтін.
– Сіз мені білесіз бе? – дейтін.
– Жөргегіңнен білемін ғой, қарғам, – дейтін.
– Тəте, мені сізден басқа ешкім түсінбейді. Даже, əйелім де. Күні ертең жолстройға жұмысқа кірем. Азамат емеспін бе, он сом деген не, суырып алмаймын ба... Əкең,.. жалғыз жаным аман болса...
– Суырып аласың, жарығым, азаматсың ғой, – дейтін шешем.
Шаған сөзінде тұратын, айтқан уақытында жерден шұқыса да, он сом қарызын тауып əкеп беретін еді. Осы жігіттің тиын-сиынын құртып жүрген тіпті де арақ емес екенін кейін білдім. Жиырма бес жыл бұрын алған жалғыз орындық қара мотоциклі бар еді. Міне, содан бері үстінен түспей мініп келеді. Мінгенде де қызық: күн шықпай, тырқылдатып от алдырады, қаздия отырып ауылды шыр айналып шығады, бұдан соң Қара жер деп аталар ауылдан он шақырым қашықтықтағы молаларға тартады. Қайтып келіп, қорасына қамап тастайды. Ол осы айнымас та, жаңылмас əдетін кешке, ел орынға отыра тағы қайталайды. Ширек ғасырдан бергі қарекеті осы. Ал, Қара жердегі қорымда марқұм əкесі мен шешесі жатыр қара топырақты қымтана түсіп. Екі күннің бірінде почтада тұрады. Тапқан-таянғанын мотоцикліне тетік алуға жолдайды да... Егер жиырма бес жылдан бергі қосымша бөлшек алуға, яғни астындағы қара «тайын» жөндеуге жұмсалған ақшасын жинап-терсе, ендігі «Москвич» сатып алуға жетер еді деседі құрдастары.
Сол Шағанды бес жылдан соң бүгін көріп тұрмын. Өскеменнің аэропортында теңселіп ары-бері жүр екен. Қайран қалдым. Аппақ сазандай, толған. Үнемі шүңірейіп, арақ құйшы деп тіленіп тұратын көзі от шашады. Ине-жіптен жаңа шыққан қоңыр костюм. Аяғында биік өкше, қайқы тұмсық сабо-кебіс. Жасыл көйлек, мойнына жылтырауық алқызыл галстук байлаған. Келбетті де келісті, жауырыны қақпақтай жігіт ағасы жымия күліп, салмақтай басып, сабырмен сəлем берді.
– Иə, Ораш, хал қалай, бауырым? - деп, күректей алақанын ұсынды. Бірақ қанша қарулы болса да, менің біздиген ақ саусақтарымды мытып, қысқан жоқ. Осы шақта қаладағы қаламдастарымның əліне қарамай қолымды мыжғылайтыны есіме оралды.
– Аманшылық, аға. Өзіңіздің денсаулығыңыз?
– Құдай маған жалғыз-ақ нəрсе берген. Ол – денсаулық, – деді мені бастап сыртқа беттей беріп. Қалтасынан «Космос» сигаретін алып, түбінен қағып бірін маған ұсынды. Тұтатты.
– Биыл біздің жақ тамылжып-ақ тұр екен. Елден кеткен екі жылда осыншалық сағынамын деп ойлаған жоқ едім. Бəрін бүлдіріп жүрген мен екенмін-ау... Тіпті жайнап, жасарып қалғандай... Естіген шығарсың, айтқан шығар... Жаман ағаң тағы да екі жылын өтеп қайтқан беті. Осы жолы нақақ кеттім, арақ ішесің деп, туған əйелім милицияның машинасына салып жіберді. Албасты, мен бір жаңа ішіп жүргендей (Əйеліне деген өшпес өкпесі байқалады). Азамат емеспін бе, бір күнгідей болған жоқ, өтеп шықтық. Тіпті осы жарықтыққа үйреніп, бауыр басып та қалыппын. Балаларым мен қара мотоциклім болмаса, ауылға оралып, көзге күйік, көрінгенге түрткі болып нем бар.
Ол осы бір əңгімесін салқын сағыныш, өкпелі мұңмен айтты. Бірақ оның талайына жазылған тағдырына араласып, наласына ортақтасатын хал өзімде де тапшылау еді. Тайқылау біткен маңдайдағы аталарымыз айта беретін «жазуды» өшіріп тастап, қалауымызша қайта жазып алуға дəрмен шіркін жете бермейтін. Мен Шағанның қолдан жонып жасағандай батыр тұлғалы мүсініне қарап тұрып, ептеп əжім əдіптей бастаған жанарынан жанып барып сөнген оттың қоламтасын көрдім. Бірі ұшып, енді бірі қонып жатқан самолеттердің құлақ етті жер гүрілі мезі қылды ма, ол темекісін сөндірместен шертіп жіберіп, анадай жердегі дүңгіршекке дəл түсірді:
– Жүр, ішке кірелік, – деді шұғыл бұрылып.
Аэропорт іші қапырық. Құжынаған халық. Осы құжына- ған халықтың ішінен бір таныс бейне көзіме оттай басылды. Ол – Шағанның жұбайы Жазира еді. Жанымда тұрған Шағанды шынтағыммен түртіп:
– Жеңгеміз осында екен ғой, – дедім.
– Қайдағы жеңешең?
– Сіздің үйдегі.
– Ол не іздеп жүр, – деп мен нұсқаған жаққа жалт қарады. Осы шақта ерлі-зайыптылардың көздері түйісіп қалды білем, екеуі де сілейіп тұрып қалған. Бұдан соң Шаған: – Албастыны көргім келмейді, – деп теріс айналып, тысқа шыға жөнелді. Мен барып амандастым.
– Бір айдан бері облыстық ауруханада жаттым, – деді Жазира. – Тамағымда бір бітеу жара бар еді ғой... соны кестіріп тастадым. Өзің ауылға кетіп барасың ба?
– Иə, үйге барып қайтайын деп...
– Əке-шешең жүрегі жарыла қуанатын болды-ау.
Диктор біздің ауданға ұшатын самолетке отыру басталғанын хабарлады. Адамдардың мінезі қызық қой, бізді тастап самолет өзі ұшып кететіндей немесе орын жетпей қалатындай таласа-тармаса ұмтылдық, жапа-тармағай салонға кірдік. Бұндай да кездейсоқтық болады екен-ау, Шаған мен Жазираның орны қатар болып шықты. Жеті баланың əке-шешесі бір-біріне алая қарады да, состиып тұрып қалды. Дəтім шыдамады, мен жеңгетаймен ауысып отырдым.
Самолет жерден көтерілгенде, дөңгелек терезеден анау, біз биіктеген сайын, бірте-бірте кішірейіп, үстін көк мұнар қымтай бастаған қыраттар мен тоғайға, құмырсқаша жыбырлаған үйлер мен машиналарға көз алмай қараған Шаған: – Тым болмағанда ұшқыш болуым керек еді, – деп күрсінді. Мен де мойнымды создым. Əсіресе, Ертіс өзені шығыстың күміс белбеуіндей ирелеңдеп, əдемі көрінеді екен.
– Ұшқанға не жетсін, бауырым, – деді əлі де үмітсіз, бірақ үзілмес арманынан арылмаған қалпы. – Оныншы класты бітіргенімде, сөз жоқ, ұшқыш болар едім... Айтпақшы... сен жазушы екенсің ғой... – деді менің тіземнен салып қалып. Бұл сөзді ол бұған дейін тірі жанның ойына келмеген ұлы жаңалық ашқандай, ғажап таңданыспен айтты.
– Иə, аға... ептеп қағаз бүлдіретінім бар...
– Мен сені əлі оқып жүр екен десем... Апыр-ай, жиырма жыл көрші тұрып білмеппін-ау...
– Сонда қалай... Жиырма жылдан бері бітпейтін оқу бар деп ойладыңыз ба?
– Рас-ау, осыған ми жетпеген соң... Арақтан айықтыру орнындағы жұмысшылар бір кітапты қолдан-қолға жүгіртіп оқиды келіп... Əке-ау, бұл кімнің кітабы деп көз қырын салсам – сенің фамилияң. Міне, қызық. «Мұны жазған – менің көршім, бауырым, бəріміз бір Қаратайдан тарағамыз», – деп, қанша өңештесем де, бірін сендіре алмадым. «Мүмкін емес, – дейді. – Сенің бауырың жазушы болса – сен мұнда отырмас едің». Бір биеден ала да туарын, құла да туарын қайдан білсін лəуқилар...
Біз аудан орталығына аман-есен жетіп, енді одан ары ауылға аттану үшін автобусқа міндік. Ерлі-зайыпты екеуі əлі лəм дескен жоқ, танымайтын адамдай автобусқа отырды. Мен қайран қалдым – жиырма жыл бірге тұрып, бірге жатып, жеті баланы бірге бағып өсірген жарлардың жанының беріктігіне қайран қалдым. Бітімдестірудің, дəнекер сөз айтып, пəтуаға келтірудің реті жоқ, тіпті қолымнан келмес те еді. Сонда бұлар қайда барады? Бір ауылға, бір шаңыраққа... Ары қарай ойлауға ақылым жетпеді... қорқынышты сықылданды.
Дəл солай болды. Автобустан түскен соң, үшеуміз ілгерінді-кейін бір бағытта аяңдап келеміз. Үйлерімізге жақындаған сайын, бойымызды өзіміз де білмейтін үрей биледі ме, əлде баяғыда байқаусыз өшіріп алған ошақ отын жаға алмадық па, əйтеуір, басымыз салбырап, қазадан қайтқандай дел-сал хал кештік. Менікі не жорық? Бəлкім, ерлі-зайыптылар үшін ұялғаным шығар... Не дегенмен көрші тұрамыз ғой. Ал, «көрші ақысы – құдай қақысы» – дейтін аталарымыз. Мүмкін, бұл сөзді үшеуміздің де жетінші атамыз Қаратай жарықтық айтқан шығар.
Мен: «Ал, сау болыңдар», – деп өз үйім – өлең төсегіме бұрылдым. Ол екеуі біздің бақшаның ішімен өтер қара шаңырақтарына тартты. Бірінің соңында бірі... Енді не болар екен. Күндіз үндемес, ал түнде ше?..
Əрине, мені мəре-сəре қарсы алды. Əкем сабырлы қалпында маңдайымнан иіскеді. Шешем сабырсыз мінезімен бас салып, бет-аузымның сау-тамтығын қалдырмай шөпілдете сүйді.
– Менімен бірге Шаған мен Жазира да келді, – дегенімде, мені тастай салып, бүкіл үй-ішіміз терезеден қараған еді.
Екеуі де есен-сау оралған көршілеріміз үш күн бойы түңлігі жабылғандай жым-жырт жатып алды. Тіпті от жағып, шай қайнатып ішпеген секілді, түтіндері шықпады. Сабақтан қайтқан немесе есік алдында ойнап жүрген балалары болмаса, өздері төбелерін де көрсетпеген. Осынау үнсіздік шешемнің қабырғасына қатты батты білем:
– Қалай дегенмен соттала берген соң қаны бұзылып, əйелін бауыздап тастамасын, – деді үлкен уайыммен.
– Шағанның ондай иттігі жоқ. Тек жолы болмаған жігіт, – деп басу айтты əкем.
– Маңдайдан бақыт шайқалса, көрер күнің осы, – деді шешем. – Жас кезінде қандай азамат еді... иə... бақытың шайқалмасын де...
Үшінші күні Шағанның өзі келді. Əдетінше əп-əдемі болып киінген: шеберханадан жаңа ғана шыққан зат секілді мұнтаздай-ау, мұнтаздай. Сақал-мұртын қырып, əтір жақса керек, иісі мұрныңды жарады. Көтеріліп бара жатқан күннің нұрына шағылыса жалт-жұлт сəуле шашып ойнаған кавказдықтар əуес келетін жылтырауық галстугі көз қарықтырады. Əкеммен қол беріп амандасты. Ал анам болса сүйсіне, əрі таңдана қарап қалған.
– Аман оралдың ба, жарығым. Қашан келдің? – деп біле тұра сұрады.
– Үшінші күн болды... Өліп қалсақ та сезбейсіздер-ау, апа.
– Үйбай-ау, қарғам Шаған-ау, түтіндерің бықсымаған соң, балалар су-суанын ішіп өздері отыр екен дедік... Жазира да келді ме?
– Келді, – деді Шаған қабағын түйіп. – Бізді осылай тоң-теріс күйде бір үйге қамап қоясыздар ма? Кінə – менен емес, Жазирадан. Қаймана қазақ қай заманда құдай қосқан қосағын ұстап беріп еді, айдатып-байлатып жіберіп еді. Ал- басты... түк болмағандай түнде... арсалаңдап жетіп келіпті қасыма... «Кет! – дедім. – Күнəға қалма... Татуласу шайын ішкен жоқпыз, ұят болады», – дедім. Мотоцикліме мен жоқта запчасть келген екен, соны тығып тастапты. Тауып берейін деп жалынса да, теріс қарап жатып алдым... Ал, аға, апа, жүріңіздер, татуласу шайын ішіп, баталарыңызды беріңіздер. Бостан-босқа азаптана бермейік.
– Жөн сөз, – деді əкем. – Шикі өкпе, ши борбай балаларыңның көз жасына қалмаңдар.
– Балаларды өкімет далаға тастамас. Көңіліміз көбең тартпасын деңіз.
Əке-шешем жəне Шаған үшеуі бітім шайына кетті. Мені ерткен жоқ.
Сүт пісірім уақыт өткен соң, əке-шешем қайтып оралды – тым тез оралды. Екеуі де тас-талқан ашулы.
– Ой, ол адам болмайды! – деді əкем. – Екі жыл араға салып барып қайта ішіп кету деген – не сұмдық.
– Жазираға ерегескені шығар, – деді кемпірі ара түсіп. – Келгеннен бері, екі ұртына су толтырып алғандай, жақ ашпапты. Біздің көзімізше торсаңдамай-ақ қойса еді.
– Жоқ-ау, тіпті, өз əйеліне өзі «аяғыма жығылсын» деп кергігені несі. Ол неге аяғына жығылады-ей. Ішсе де – мас, ішпесе де – мас, бала-шағасының шырқын бұзып, басына əңгіртаяқ ойнатқаны үшін бе? Шаған жоқта қандай əп-əдемі өмір сүрді. Үсті-бастарын, қора-қопсысын бүтіндеп алды.
– Байсыз қатындар құтырған заман болды ғой, – деді шешем Шағанды əлі де жамандыққа қимай.
– Бітім шайы жүзеге аспаған екен, – дедім мен.
– Ой, бітім шайының ішін ұрайын, – деп əкем ашуланғандағы əдеті бойынша астыңғы ернін жымқыра тістеп сарт-сұрт шыға жөнелді.
Өр жақтан естілген айқай-шу мені еріксіз елеңдетіп, есік алдына шығарды. Шаған жəне менің жездем, көрші жігіт Қалан үшеуі булары бұрқырап, құшақтаса əндетіп жүр. Қойны-қоныштары толған арақ. Бұдан ары отыра берсе, іс насырға шабатынын сезсе керек, үлкен əпкеміз Шолпан мен Қаланның келіншегі қайтып келе жатыр екен.
– Шағанның өңі қандай жақсы, – дейді əпкем. – Аппақ болып семірген.
– Ақшасын айтсаңшы – ақшасын. Бір сағаттың ішінде жүз сомдықтың бірнешеуін суырып, араққа жіберді ғой. Жазира да жылаңқы, күйеуі əкелген табысты бізге көрсетпей тығып ала қойды. Ей, Шолпан, – деді содан соң. – Ертеден қара кешке шейін совхоздың жұмысында салпақтап жүрген біздің күйеулеріміз ғой, айдың аяғында «бересі болып қалдық» деп, балаға беретін бес-он тиынға жармасады. Бала таппасаң, аштан өлтірер ме еді... Одан да Шаған секілді екі жылға жіберіп алсақ, өздерінің де қабырғасына шыр бітіп, табысты оралар еді!
– Сен де қайдағыны айтасың. Обал емес пе, – деді əпкем. Ал Шаған болса өзінің ұмытыңқырап қалған образына қайта кіріп, екі жылдан бері бұл маңайда қасаңданып қалған тыныштықтың пердесін дар-дар айырады.
Ертең қалаға қайтамын деп отырған күнгі кеште, ымыртшылап Шаған келді. Үсті-басы алба-жұлба. Жүзі отқа күйіп шыққандай күлгін тартқан. Арақ сіңіп кеткен өне бойынан ешкімге керексіздікті сездірер иіс шығады. Кісінің айналдырған он-ақ күнде осыншалық азып-тозарын бұдан бұрын неғып аңғармағанмын. Адамның адамдықтан кетуіне, иə, не бары бір ғана апта уақыт кетеді екен. Ол мені жеңімнен тартып жетелеп шықты да:
– Сен мен туралы неге жазбайсың? – деп төбеден түскендей сауал қойды. – Жаман ағаңнан артық кейіпкер табамын деп жүрсің бе?.. Жо-жоқ, бауырым, менің өмірім Алтайдың жыныс орманы секілді, ішіне кірсең адасасың... Оны жасау, мен болу ешкімнің қолынан келмейді...
– Ешкімнің өмірін ешкім қайталай алмайды ғой, аға...
– Сен бұлтарма... жаз... ақшасын дауламаймын. Еріксіз күліп жібердім. Шамданып қалды.
– Күлесің, ə... ішпей, дұрыс жолдан таймай, бір ізбен кіріп, бір ізбен шығатын тəртіпті де тəрбиелі сенің қай жерің артық айтшы маған. Менен бұрын сен өлесің... Кездесеміз əлі сол... жақта...
– Артықпын деп тұрмын дедім бе сізге, – іс насырға шаба бастады.
– Ендеше, кекіреймей мені кітапқа жаз.
Құтыла алмасымды білдім. Білегімнен тас қылып ұстап алған. Айрылар емес. Айлаға көше бастадым.
– Ой, ағасы-ай, мен сіз туралы əлдеқашан жазып жүрмін. Бірақ...
– Не бірақ?
– Аяқтай алмай жүрмін.
– Неге.
– Өзіңіз де білетін шығарсыз. Сіз секілді адамдарды, əсіресе, сотталғандарды жазу оңай-оспақ емес. Өте қиын тақырып. Ондай адамдар өмір жолын дұрыс бастағанмен, дұрыс аяқтай алмайды. Қателікті көп жібереді. Ал шығармада сол қалпында көшіре салмайды. Əлгі сіз сияқты азаматтар кітаптың соңында міндетті түрде түзелуі керек. Əйтпесе баспайды... Ал енді мен өзіңіз жөнінде жазып жатқан дүниемді, амал жоқ, бітіре алмадым.
– Неге?
– Негесі сол – сіз түзелген жоқсыз. Қайтадан ішіп кеттіңіз. Қалайша өтірік жазамын?
– Оның жөн екен-ей, – деді бойын тіктеп. – Ойлану керек екен.
– Ойланыңыз. – Ол жас балаша иланды.
Тəлтіректемей де, сүрінбей де қара жерді дүрс-дүрс басып, өз үйіне беттеді.
Мен Алматыға ұштым. Бір айдан соң ауылдан хат алдым. Шаған ішкенін қойыпты. Совхозда балташы болып жұмыс істеп жүр екен... «Ораш келсе, қонаққа шақырам, азамат емеспін бе?» – деп, бір тоқтысын семіртіп жатқан көрінеді.
Ал мен де ағайынның алдында өтірікші болмайын деп, осы əңгімені жаздым.
6alash ұсынады