Үй екені белгісіз, үңгір екені белгісіз, қожалақ қабырғалардың қоршауында қалыпты. Келіннің жүзінде аналық мейірімнің ізі де жоқ, тулақ үстінде тырбаңдап жатқан нәрестеге жемтік көрген жыртқыштай оқшырая төніп, ыңыранып отыр екен. Ұлы итінген сайын шықшыты ойнап, сұр жанарын бір нүктеден аудармаған күйі екілене пышақ қайрап отырды. Кенет нәресте шар ете түскенде шошып оянды. Жыпылықтай қорбаңдап ішіктің өңірін айқарып, қойнына саңылау жүгірткен. Жалаң қабат жаялықтың жықпылындағы қалақтай неменің тыржиған әлпетін қарлыға шыққан іңгәсінән айырды. Емшек сұрап жатыр. Шал абдырай алақтап, жан-жағын қармана бергені сол еді, қолы қапталында сүйеулі тұрған домбыраға тиді. Жалма-жан шанаққаптың бүрулі аузын ағытып жіберіп, сыпырып алды. Атам заманда иі қанбаған серкеш терісінен қалыпқа кептеп қаусырған бұйым. Қос саусақты қонышқа сүңгітіп, мүйіз сапты бәкісін сауырынан сүйреп шыққан. Белін жазып, жүзін жеңіне бір-екі жанып, сосын шанаққаптың ернеуінен таспалай тіліп алды да, түкті бетіне қарай бүктеп аузына салып, шайнап жіберді. Әуелі күстің кірлі дәмінен лоқсып қалып, түкіріп тастады. Содан соң қайта қаршып еді, көннің бойын буған идің қағы тіл қуырып, қос ұртына сілекей жинала бастады. Оны да лақытып жіберіп, үшінші мәрте тіс арасына қырымен тастап, мылжалай толғаған. Таспа ылжырай жұмсарып сала берді. Шал сағызша былқыған таспаның ұшын әлі құрып, үні өше бастаған нәрестенің аузына тосқанда, ессіз неме әуелі тыржия түртінектеп, содан соң құныға сорып әкетті. Шал ауыр күрсінді!
***
Бесіннің көлеңкесі жетім дарақтың төбесін әудем жерге сорайтып апарып тастаған екен. Алатаудың да екпеті зорайып, қозы көш жерде ғана үңіліп тұрғандай көрінді. Таспаның ащы нілінен тәтті өмірдің дәмі қайдан шалынсын. Тек аузына түскен қойыртпақтың әуресімен өз ұртынан сілекей қақтаған талайсыз періште, танауы жіпсіп қалғып кетіпті. Шал бір қолымен өңірін қымтай қысып, екінші қолымен жер тірей орнынан тұрып еді, құдды аяғының асты жиырылып бара жатқандай теңселіп кетті де, терекке сүйеніп тұрып қалды. Көзі қарауытып, самайы солқ-солқ етеді. Не заматта жанарындағы тұман сейіліп, дүние қалыпқа келгендей болғасын, домбырасын қиғаш асынып, Алатауды бетке алды...
...Мешіннің жұты иендегі жалғыз үйді де адаспай тауып, шыр айналдырғанда, мұқым елді талақ тастаған кісілік кейіп мұнда да дар-дар айырылды. Жалғыз үйдің екі аяқтылары әуелі бірді-екілі көтерем қараны кемігіне дейін кеміріп тауысқан. Содан соң беліне тұзақ байланып, белес кезіп кеткен әке мен бала аяқ жетер жердегі қосаяқ пен түйеқұлақты да жылан жалағандай қылды. Бұл уақытта бұлағай дүниенің астаң-кестеңінен бейхабар тағы бір тіршілік иесі пайда болған еді, жалғыз үйде. Шалдың ойын шырмаған аштықтан аман құтылудың азапты уайымы жалғыз ұл мен көмпіс келіннің шеңгелінен тірі шыға аламыз ба, жоқ па дейтін үрейге ұласатыны да міне, осы кез...
...Шырт ұйқыдан көз ашқан-ды. Құлағына шалынған күбір-сыбырдың дуасы қол-аяғын құрсаулап тастағандай еркін тыныстауға да дәрмені келмей, сілейді де қалды.
— Өзіміз арам қатсақ, бәрібір мұның да шипасы бітпей ме...
— Жарығымды қалай қиям?! Келіні өксіп жіберді.
— Сұңқылдамай ақылға келсеңші, сен қатын! Шау тартып тұрғамыз жоқ қой. Құдай оңдап, аштықтан аман қалсақ... — ұл нендей сұмдыққа бекінгені жетесіне енді жеткендей іркіліп қалған. Аздан соң түнекті қақырата сөккен қорқау үні әлгіндегіден де батыл шықты... — Менің өлгім келмейді!
Бағанадан екі оттың ортасында қап, күйзеле күңіреніп жатқан келін де, енді көндіге бастаған сыңайлы.
— Тірідей тозаққа салды ғой... қайтейін енді. Өз баламызды өзімізге жегізгенше, төбемізден жай түсірмедің бе, қу құдай!
Келін көрпеге тұмшаланып, булыға солқылдап жатыр. Ұлда үн жоқ. Шал тұла бойын тер жауып, қалшылдап кетті.
Үзіктің шұрық тесігінен таңғы боз сәуле сорғалап тұр екен. Шал атып тұрып, апыл-ғұпыл етігі мен ішігін киіп, өңір түймесін салмаған күйі белін буды да, керегенің басында ілулі тұрған домбыраны асынды. Содан соң ошақтың аузын айнала аяқ жақтан келіп құндақтаулы немересін еппен көтеріп ап, қойнына салды. Екі-ақ аттап босағаға жеткен. Есікке тұтқан құрым киіздің жапсарын қайырып, табалдырықтан аттай бергені сол еді, ту сыртынан оқыс шыққан «Әке!» деген суық дауыс селк еткізді. Жалт қараған. Жапсардың қиығынан сығырайған бозамықтан онсыз да көзі шүңірейіп, бет сүйегі шодырая сорайған ұлы, қараңғы көр түбінен үңілген тірі аруақтай көрінді. Шынтақтай бас көтеруге ғана мұршасы келіпті. Жеміне шеңгелі жетпей қинала қыңсылаған шынжырлаулы тағының кекті жанарына арбалғандай болған қас-қағымда, шал артында енді қарайлайтын ештеңе қалмағанын ұқты. Жалғызын жалмауыздай құбылтқан сұм өмірдің қысасынан жаны шырқырап, тамағына өксік кептелді. Жалғыз-ақ ауыз «Қош!» деуге ғана мұршасы келген. Келін сыртта, іргеге сүйене бүктетіліп лоқсып тұр екен.
Қойнындағы немересін ішіктің сыртынан аялай қысқан күйі, шал түстік шығысты бетке алып, кемсеңдеп бара жатты.
***
Сүтті іңірде ұшары көк тіреп, дүниенің төбесінен төніп тұрған Найзағараның сұлбасын шырамытты. Әне-міне Алматының шалғайына ілінбек. Мүліктен домбырасын, мүридтен немересін алып иендегі жалғыз үйден, жалғыз үйде тірісінде-ақ тіршіліктен күдер үзіп, жер таянған жалғыз ұлдан жырыла қашқандағы, шарасыз шалды аспан мен жердің арасында ес-түссіз қаңғалақтатқан бар мақсат осы ғана. Ел орынға отырмай қалаға кірсек тірі қалармыз дейтін соқыр үміт мұны емес, бұл сол соқыр үміттің өзін сүйреп келе жатқандай. Жағы қарысып қалған. Аяқ басқан сайын миы солқылдап, ми солқылдаған сайын жер-дүние тамырынан жұлынып қап, билеп жүргендей болады. Нәресте тоқтаусыз ықылық атып жатыр.
Қаладағы қырғын даладағы топалаңнан кем соқпаған. Даладағы қазақ қалаға қарай босқанда, қаладағы қазақ қайда қашарын білмей, әлі барлары асхананың жуындысын көпек иттің көмейінен тартып ішіп, әлі құрығандары арыққа құлап, арам қатуда. Көше толы қайыршы. Теңкиген өліктен де аяқ алып жүргісіз. Ауа жемтік сасиды. Алматыда араша боларлық сиық жоқ еді. «Жолдастар, құрбандықсыз болашақ жоқ. Әйтсе де, большевизм болашаққа өлексе арқалап бара алмайды. Сүйікті Отанымызды иіс-қоңыстан арылтуымыз керек!» деп даурыққан шолақ көсемдердің жарымес ұраны бұйрыққа ұласып, жұмысшылар мен студенттер аштан өлгендерді арбамен қала сыртына тасып, сай-жыраның аузы-мұрнын мүрдемен тығындап жатқан. Мұның бәрін бейбақ шал қайдан білсін...
***
Алматының аспаны көмусіз қалған қазақтың қайғысын жамылғандай түнеріп тұрған бір күн еді. Бұл өзі аяқ басқанның алдын ораған қаралы кеп пендесі тұрмақ құдайының өзін бездіріп жіберердей азапты қарекет. Бірақ сонда да болса өлік жию науқанына бойұсынған бір топ студент қарағайлы саябаққа кірісімен, үн-түнсіз бытырай бастады. Саябақтың қақ ортасында айқышы аспанға шапшып әулие Вознесенский шіркеуі тұр. Тек сазырайған сұлбасы ғана. Християн жұртының дәмесінше, заманында Жетісудың аспан қамқоршылары — азап шегуші Вера, Надежда, Любовь әулиелердің мехнатын жеңілдетуге мехраб етілген. Ал қазір әр бұтаның қалқасынан мүрде терген бейбақтарға айбат шегіп, келімсек жұрттың кісілігін көлденең тұтарлық сықпыты ізім-ғайым. Өзге тұрмақ, өзінің іні-қарындасына опа таптырмаған, Жаратушыдан үмітсіз, махаббаттан жұрдай, біз — құдаймыз дейтін өктем сеніммен дүниені ластаған коммунистер жарты әлемге жарлық шашатын радио үйіне айналдырған.
Әр жерге бір шоқиып, жемтік аңдыған мың сан қарғаның қарқылы мен радио үйінен бірде анық, бірде талып жеткен әйелдер хорының күңіренген зарлы үні қарағай басын бұлттай буып, еңсе көтертпейді. Үлкен қаладағы аз қандастың алапат қырғыны жадау көңілін жер қылып, ал онымен жоқшылық қойындасқанда, ажары семіп, бар сұлулықтан жылай-жылай бұлаудай болған қой көздері мен оқтаудай қос бұрымнан басқа түк те қалмаған қаршадай қыз үнсіз егіліп келе жатқан. Кенет оң қапталдан қылаң еткен тосын көріністі көзінің қиығымен шалып қап, кілт тоқтады. Сосын жалт қараған. Жүрегі зырқ ете түсті. Қаптаған өліктің ортасында тірі адам... Баспалай жылжып жанына жақын барып, жүзіне үңілгені сол еді, әлгінде ғана жылт еткен алдамшы үміт бардан жоққа айналып, қыз еңіреп қоя берді.
...Шал ағашқа сүйеніп тік отырған күйі жүріп кеткен екен. Сол қолы алдында көлденең жатқан домбыраның мойнында қарысып қалған, оң қолымен кеудесін орай қысыпты. Ішіктің өңірінен нәрестенің қара-сұр жүзі қылтияды.
6alash ұсынады