Жазушы Жақсылық Сәмитұлы
фильм
Жақсылық Сәмитұлы
(1940–2015) ҚХР-дың Жеменей ауданы, Ласты мекенінде туған. Шыңжаң институтының филология факультетін бітірген (1959). 1959–1979 жж. солшыл саясат кезінде «ұлтшыл» атанып, айдауда болған. 1980–1989 жж. «Алтай аясы» журналында бас редактор, 1989–1993 жж. Шыңжаң телевидениесінде редактор. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетінде доцент, біраз жылдар ұстаздық қызмет атқарған.
1957 жылдан бастап әдебиетке араласқан. Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1985), «Сергелдең» трилогиясының бірінші және екінші кітабы (1996–2000), «Қытайдағы қазақтар» атты монографиясы (2000) басылып шықты.
Шығармалары: Атамекен. Повесть. «Үрімші», 1983; Тау самалы. Повесть. «Үрімші», 1985; Ақ тілек. Повесть. «Күйтін», 1990; Ақ сәуле. Повесть. «Үрімші», 1992; Сергелдең. Роман. 1-кітап. А., «Ана тілі», 1996. 2015 жылы 21 желтоқсан бақилық болды.
Соңғы көштің серкесі едің, Жақсылық
Соңғы көштің серкесі едің, Жақсылық,
Сұлу сөздің еркесі едің, Жақсылық.
Жармасқан ғой тағдырыңның қырсығы,
Етегіңе ерте сенің, Жақсылық!
Қанды Алтайға қанығып ең , Жақсылық,
Тағдырына тарығып ең, Жақсылық.
«Қаһарлы Алтай» қаламыңнан қан құсып,
Маңдайыңнан жарылып ең, Жақсылық.
«Тағдыр жүгін арт» десетін Жақсылық,
«Азат елге тарт» десетін Жақсылық.
Күлер болса шалқасынан шашылып,
Шамырқанса шарт кететін, Жақсылық.
Еркін елде еруледің, Жақсылық,
Талантыңа сенулі едің, Жақсылық.
Қазақ елі азаттығын алғанда,
Бар болғаны елуде едің, Жақсылық.
Сауыр таудай еңсең болған, Жақсылық,
Тон жағасы сеңсең болған, Жақсылық.
Тағдыр бітіп таусылғанда уақыты,
Тауқыметі том -том болған, Жақсылық.
Алмас Ахметбекұлы
Сәмитұлы сайытанан алынды