Суреттегі ханша – Жәңгір хан Бөкейұлының қызы Зылиха Тевкелева. Жалпы Жәңгірдің Фатимадан туған үш қызы болған: Зылиха, Хадиша және Тайша. Үшеуі де Орынборда оқып, жоғары білім алған.
Зылиха Жәңгірқызы Тевкелева
Зылиха Жәңгірқызы 1851 жылы Сәлімгерей Тевкелевке (1805-1885) тұрмысқа шыққан. Екеуінен төрт қыз дүниеге келді: Мәдина, Гүлсім, Суфия, Ғайнуш. Гүлсім Тевкелева құмықтан шыққан Ресейдің генерал-майоры Әли Шейхалиевке ұзатылған. Суфия Тевкелева Алаш арыстарының бірі Сәлімгерей Жантөриннің жары болған.
Шихабеддин Маржани кітабында Сәлімгерейді Оразмұхаммед сұлтанның ұрпағы деп жазады. Былайша таратады: Ондан – Оразмұхаммед – Дәулетмұхаммед – Мамаш – Тәуекел – Құтлығмұхаммед – Шаһингерей – Сәлімгерей. Сонда бұлардың Тевкел деп жүргені Тәуекел әулеті болып тұр ғой иә?
Сәлімгерей Тевкелев 1828-1829 жылдары орыс-түрік соғысына, 1830-1831 жылдары поляк көтерілісін басуға қатысты, 1848 жылы отставкаға шықты. 1865 жылы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болды. Қайырымдылықпен айналысып, мешіт, мектеп салдырды.
Айтпақшы, дәл осы Сәлімгерей Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болған уақытта 1868 жылғы әкімшілік реформаға сәйкес Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары қазақтары аталған мүфтилік құрамынан шығып, жергілікті билік қарауына берілген болатын. Мұның соңы орыс отаршыларының қазақтарды шоқындыру саясатына ұласты. Бұл енді бөлек әңгіме...
Серікбол ХАСАН
6alash ұсынады