Ғұламаның көзі еді...

Ғұламаның көзі еді...

(қаламгер, ағартушы, аудармашы Ғазез Ақытұлын еске алғанда)

Түлегі Өр Алтайдай ұлы ананың,

Көзі еді Ақыттайын ғұламаның.

"Әке көріп оқ жонды", ұшты биік,

Тағдырдың көрді талай сынағанын.

Тас түрменің таланса бүргесіне,

Туған елде тыңдады бұлақ әнін.

Ұлы тауды бұлт басар, күн де сүйер,

Басында жақсылардың тұрама мұң?!

Жүрегінен нәр берді, жыр да берді,

Аяған жоқ халқының сұрағанын!

Салбурында өтіпті тоқсан жасы,

Санасына нәр құйып дүбәрәнің!

Қара жердің солық етті бір бұрышы,

Тұңғыш көрдік, бәйтерек құлағанын!!!

Бізге осылайша, еріксіз қоштасу жырын жаздырған 2012 жылдың 12 маусымы болатын. Қайғыдан қабырғасы қайысқан қалың ел, тоқсанды қусырған қазыналы қартын, ғұлама Ақыттан қалған соңғы көз, алтынның сынғы Ғазез Ақытұлын, ақырғы сапарға аттандырып, жербесікке бөлеп қайтты.

Жазған кітап, оқыған болса балаң,

Мен өлсем де арт жағым қалмас қаран.

Мардымсыз еңбектерім болсадағы,

Көңіл толмас бұл жаққа болам алаң. - деп соңғы минуттарға дейін қалам тербеген Ғазез Ақытұлы 1924 жылы Көктоғай ауданының Шәкүрті жерінде өмір есігін ашқан. Ес біле білім кәусарынан сусындаған алғыр бала, 1931 жылдан бастап ескіше, жаңаша білім алып, әкесі Ақыт Үлімжіұлының тәлім-тәрбиесі арқылы жастайынан өнер, білім қуып ержетеді.

1939 жылы 24 желтоқсанда әкесі Ақыт Қытай үкіметі жағынан тұтықындалып, 800 ден астам көне, жаңа кітаптарын қоса тартып әкетті. 1940 жылы Есімхан бастаған теңсіздікке қарсы көтеріліс басталып, Көктоғай, Шіңгіл елі Моңғолия шекарасына тіреледі. Осынау қанды шайқаста 16 жастағы Ғазез Ақытұлы да жүрді. Соғыс саябыр тапқан жылдары әкесінің бір бөлім кітаптары қайта оралды. Араб, парсы тіліндегі кітаптардың сырын аша алмаған ол, араб тілін өздігінен үйренеді. Тынбай талаптанған жалынды жас діни біліммен қоса, тарих, жағрапия, астрономия ғылымынан да сауат ашады.

1946-1948 жылдар аралығына дейін ауылында діни, фанни жолмен ауыл балаларын оқытумен шұғылданған ағартушы, азаттықтан кейін, 1950 жылы Көктоғай аудандық мәдени оқу-ағарту бөлім бастықтығына тағайындалады. 1953 жылдан бастап мектептер салынып, 1958 жылға дейін Көктоғай ауданында ұстаздық және басшылық қызметынде болып, халық санасын ағартуға ерен еңбек сіңіреді. Өлең жазуды 1942 жылы әкесі Ақыт түрмеде қайтыс болған кезде артына қалдырған төрт өсиетін жырға айналдырудан бастаған қаламгер, әкесі мен ағасы бірдей ұсталып, құлазыған өмірін образдаған «Жетім балапан» атты толғау жазады. Сол кезде тағы, шағатай тілінде жазылған «Ескендір» қисасын қазақша өлеңге айналдырады. 1948 жылы Көктоғай Шіңгіл елі Боғдаға ауып барғанда туған жерді сағынып жүріп жазған «Алтай аңсаулары» деген толғауы алғашқы көлемді шығармасы болатын. 1951 жылы жазылған «Кеше кемдік, бүгін теңдік» атты өлеңі, «Көркем өнер халық қорегі» атты әдеби мақаласы Алтай газетінде жарық көреді.

«Кім туады жалғанда,

Жетіп шіркін арманға.

Абыройға алданса,

Ол да қалар бір күні.

Құмар болма мәнсәпқа,

Мәнсәп қонар жаңсақ та,

Үнемі тұрмас аңсап та,

Опасыз оның шын сыры» - деп, әдебиет айдынында құлаштай бастаған алымды азаматты 1958 жылы басталған «аласапыраған» жылдардың қарақұйыны іліп әкетіп Тарымдағы жаза майданынан бірақ шығарады. 20 жылды ауыр еңбекпен Тарымда өткізген қаламгер 1978 жылы:

Жасым келіп елудің алтауына,

Өмірдің ынтық болып алқауына.

Жүргенде жарлық болды үкіметтен,

Бір жолата үйіме қайтаруға.

Тура қайттым жүгімді көтердім де,

Көрдім бе деп рахатын бұл тердің де.

Мекен жер, туған елім, өскен ортам,

Сендерді өтірік пе, шын көрдім бе?

Жігіттер барсың ба, жоқ мен кеткенде,

Келіп тұрмын барлығың ержеткенде.

Жеті жаста қалғаның келдім міне,

Жиырма сегіз жастан сен өткенде. - деп сағынш жырын төге келіп, адасқан үйіріне қосылады. 1979 жылы атақ-абыройы қалпына келген Ғазез Ақытұлы 1980-1994 жыл аралығына дейін Көктоғай аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы болады. Осынау жылдарда:

«Шабыт не, ол бір ұшқан көңіл құсы,

Шарықтайды, самғайды, кең тынысы.

Шабысы жүйірік аттың бабындағы,

Көсілген домбыраның шертілсі.» - деп, қаламын қайта қолына алып, тілеп ұшқан қырандай шабытна қайта мінген қаламгер, «Шабыт», «Салтанат» сияқты көлемді дастандар жазады. 1950 жылдардың өзінде «Дұрыс жазып, тура сөйлейік», «Тіл-жазу ғылми жиынның қарарларын қорғайық» қатарлы мақалалар жазып, сол кездегі Шинжияң оқу-ағарту журналы, Іле газетінде жариялайды. Әкесі Ақыт Үлімжіұлы туралы және басқада зерттеу мақалалары, «Есілдер еске түскенде», «Ұмытпаймыз сені Асаға», «От басынан басталып, ортаға кеңейген Абай мектебі», «Қазақ ішінде тамыр тартқан бір шоқ терек» қатарлы эссе, очеріктері Шұғыла, Алтай аясы, Боғда, Құмыл алқабы қатарлы журналдарда үзбей жарияланды. «Ән тербеткен жүрек» қатарлы өлеңдері «Өр Алтай алшындары» атты кітапқа кірсе, «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» атты кітаптар редакциясының тапсыруы бойынша жазған «Ақыт Үлімжіұлы» атты эссе кітабы, «Сарқыт» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Ғазез Ақытұлының аса құнды, көлемді еңбектерінің бірі - «Құран кәрімді» інісі мақашпен бірге тұңғыш рет қазақ тіліне аударуы болды. Дүние жүзі қазқтарының руханиятына қосқан зор үлес саналған бұл еңбек, 1990 жылы Ұлттар баспасынан 35 мың тиражымен басылып, еліміз іші-сыртына кең тарады.

Мұның сыртында Мұхаммет пайғамбардың хадистерінен әділет, адалдық, шыншылдық, мейірімділік, өзара береке-бірлік, сүйіспеншілік, ғылымды сүю, еңбекті сүю, ата-ананы құрметтеу, ұрпақтардың хақысы, ерлі-зайыптылар қатынасы, ұстаздар мен шәкірттер қатынасы сияқты морал-ахлақ мазмұндарын қамтыған 405 хадисты таңдап аударса, «Құрандағы ғылми негіздер» атты кітапшасын жазып, Ұлттар баспасына жолдаған.

Көзі тірісінде мемлекеттік мұсылмандар қоғамы, Іле қазақ автономиялы облыстық саяси кеңес, Қытай фолкор қоғамы Шинжияң бөлімше қоғамының мүшесі, автономиялы район ислам діні қоғамының тұрақты мүшесі, Көктоғай аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы қатарлы міндеттерді атқарған Ғазез Ақытұлы:

«Мен өлермін артымда қалар сөзім,

Тірідей бер, сөз қалса менің көзім.

Болмасада, сөзімнің бәрі асыл,

Теріп алар асылын, екшеп жезін.

 

Демеймін жазғанымның бәрі жарар,

Жарағанын ішінен теріп алар.

Қамтылған өн бойында имандылық,

Ең болмаса, аударған құран қалар» - деп, 2012 жылы маусым айында бізбен мәңгі қоштасты.

Иә, қаламгер, аудармашы қоғам қайраткерінен бізге құран ғана қалған жоқ, таусылмас тағылым, өнер мен білім, ізгілік, қажыр-қайрат, сабыр мен салмақ қалды. Сол үшін де ол кісі әр дәуір, әр ұрпақтың алдында шам шырақтай жайнап мәңгі жасай береді! 

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, 2015.02.09

6alash ұсынады