Елімнің жәйін ойласам,
Ұйқы бермес кермек ой.
(Ақыт Үлімжіұлы)
«Кермек ой» – кез келген уақыт пен кеңістіктің талғамыссыз тұлғалай салатын тосын туындысы емес. Оны жаратушының өзі де (жаратылыс, уақыт, география, өмір, қоғам т.б) ғасырлар қойнауында, тағдыр тартысында сан толғап, мың шыңдап ақиқат етіп пысырып алған соң, әлемге жолдама ету үшін тарихтың ереуілді толқынды тұсында сүйген бір перезентінің маңдайына ойып отырып жазса керек. Міне бұл адам санасы жөнінен алғанда, ұлы табиғаттың ең үлкен жомарттық сыйы саналар еді.
Әрине, ол перзент болымысы – талмас талант, айынмас, адал жүректен тұрады. Бұл – кәрі философтың қортпасы. Адамзат тарихындағы мұндай аласармас, айнымас, алаламас һәм классик, һәм мәңгі жас қадау-қадау шұғылалы шын тұлғалар өмірге аса құнды ой-сезімдерді арқалап келіп, ардақтай, алау ете жүріп болашаққа (жан дүниеге, рухқа, ғылымға, өнерге, философия, дін, саясат, парасатқа т.б) айналып кете барады екен. Ал, олар енді біздің: санамыз, көзіміз, қолымыз, өміріміз, тіліміз, арымыз...
Мұхамметтің морал-ахылақ тағылымы; Эйнштейіннің салыстырмалы назариясы, абайдың поэтикалық-психологиялық ойлары, я, таланттың енді бір аты – еңбек.
Ғұлама ақын Ақыттың осыдан бір ғасырдың алдында араб-парсы, шағатай, түркі, моңғұл, орыс тілдерін өз бетімен үйренуі; басқа ел өмір-әдебиетімен танысу, хат-қатынас оқу, жазуы, жазбаша, ауызекі тілде аудармашы болу; әр алуан тақырыптағы оқу-ағартушылық, діни-философиялық, таным-талыматтық шығармалар жазу, мешіт-медресе парызы, ағартушылық қадамдары бүгінгі ғылми ордаларда әлеумет болып отырған бізге оңай сезілгенімен ол кезінде күдірден тыңнан салынған жалғыз аяқ соқпан жол еді. Енді міне сол жалғыз аяқ жол әлемнің түкпір-түкпірінен тоғыстырар тоғыз жолдың торабына айналып отыр.
Бір ғұмырында соқтықпалы күндер (қараңғылық, аласапыран, жаугершілік, түрме т.б) кеше жүріп ақын, ағартушы, аудармашы, қазы (дала сотының әділ биі), қажы, имам, ел атасы бола білуі әрі осы борыш-міндеттерді ұлы деңгейде ада ете алуы тек талант пен адал жүректің ғана мұғжизалары дер едік. Мұғжизаның төл мағынасы – адам қолынан келмейтін ғажайып тылсыматтар екенін біле тұрсақта оны ғұламаның есіміне еншілемей еш амал жоқ. Себебі: «Исі қазаққа өлең роман жазған тұңғыш адам – Ақыт» («Керей ишаны Мұхамет мөмін» 1903 ж) «...Еліміз қазақтарындағы ең ертедегі заңни, дакументтік, ғылми еңбек» (Қ.Нұртазаұлы) ғұламаның соқпақ жолы оның ақыл-ой еңбектері мен қоғамдық қадамдарын «Дүние қазақтарында «сегіз бірінші»; еліміз қазақтарында «бес бірінші» (қолдағы бар дерек) бола білгенін тарих бетіне айшықтап қала берді. Деседе біздің санамызға осындай терең әсер және ықпал жасаған тарихи-ғылми сана-сезімдердің келер ұрпаққа жалғасуы қаншалықты деген сауалдың қойылуы заңды.
Мұрағаттың ұлысы – ой, сезім, онан да ұлы іс ой-сезім құндылықтарын сақтау, жалғау, дамытуда. Бұл жөнінде: «...Ол Қытай қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың әрі бүкіл қазақ әдебиетінің негізін салушылардың қатарынан орын алды. Ақын еңбектерінің құндылығы оның қоғамдық құбылыстарда шыншылдықпен көркем тіл арқылы тамаша бейнелеуінде. Ақыт еңбектері көп ұлтты хұңхуа мәдениетінің сонымен бірге қазақ мәдениетінің мұрасы» (Ақыт Үлімжіұлы «Шығармалар» 2-томы, бет ашар сөзі) деп Жәнәбіл Сымағұл ағамыз ғұлама ақынға және оның еңбектеріне жоғары ғылми баға берген.
Біздің халық барлық өркениетін (қазақ өркениетін) күнделікті тұрмыс тәсіліне, өнерге (сөз, музика, ою-өрнек, т.б) айналдырып өмірдің өзегі ете білуге көшпелі шаруашылық бастап әкелген. Енді тұрмыс, өмір өзгеше жолдың кезеңінде.
Арабтықтарда «Бүкіл жаһан уақыттан қорқады. Уақыт иһрамнан қорқады» деген тәмсіл бар. Иһырам – ғылымның, көркөмөнердің, философияның, діни таным-сенімнің, медицинаның т.б адам ақыл-парасаттың гауһары, тарихтың көзі.
Бізге мол рухани байлық сыйлап өз-өзі тар босаға, тас түрмеде арманда көз жұмған ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлына не істеп бере алдық. Жоқ, ендігі былайғы ұжымдар мен жұмыстар ақынның қарабасына түк қатысы жоқ. Енді ұрпаққа, ұлтқа, оғанға қажетті қойылмдар болмақ.
«Ақыт тану ғылымы» айналымға түсуі керек. Қадыс Жәнәбіл ағамыз: «Ғұлама ақын Ақытты шын мәнінде танып, Ақыт тану ғылымын жасайық» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы 1999 жыл 1-сан) деген еді. Содан бері 14 жыл өте шығыпты. Меніңше «Ақыт тану ғылымы» өзін-өзі әлде қашан жасап-тіктеп болса керек.
Бірінші; «Ақыт тану ғылымы» әсте бір жеке тұлғаның қара басына арналған қойылым емес. Одан аңсалатын мазмұндар:
- Қазақ халқының жүйеден Шинжияң, Моңғұлия өңіріне қоныстанған қазақтардың этнографиясы, менталтиеті, географиясы т.б.
- Қазақтың дала заң-жарғылары, Алтай елінің және Төре әулеттерінің ел басқару заң-жоралары.
- Шинжияңда ілгерінді-кейінді құрылған үкіметтер, олардың жүргізген саясат-заңдары. Халықтың күн көрісі және азаттық жолындағы күрес іздері.
- Шығыстық дүние таным. Шығыс классиктері. Олардың шығармалары, ой-дүниелері, қажылық сапар, ұжымақ, тозақ ұғымдары.
- Шетелде іздену, оқу, көп тілді болу, салыстыра үйрену, аударма ғылымы «Көп тілді жилік сөздік».
- Дала соты (қазылық) тәртіптері, билік айту, шариғат кесімдері мен қазақ жарғыларын реал өмірге әкелу жаңа үлгі.
- Алтай-Қобда да алғашқы мешіт-медіреселердің ашылуы. Жаңаша мектептердің өмірге келуі, ұстаздық алғашқы қадам, жазба әдебиет негіздері баспадан алғаш кітап шығарудың жолдары.
- Моңғұлия, Шинжияң, орта Азия, Араб елі топонимы.
- Жаңа демократиялық идеяның таралуы, үш аймақ төңкерісі, түрме өмірі.
Екінші; Ғұлама ақынның мұражайы болуы тағы бір тәрбие базасы.
- Ақынның пайдаланған кітаптары: Қазез Ақытұлы «Ақыт Үлімжіұлы» атты еңбегінде 1939 жылы Желтоқсанның 24-күні әкесі тұтқын болғанда мұсадыралаған кітаптарын кейін қайтарып алғанда 816 дана кітап екенін оның ішінде әкесінің төл қол жазбалары жоқ болып шыққанын жазады.
- Ақынның басылым көрген еңбектері: 1891 жылы Қазан қаласынан жарық көрген тұңғыш еңбегі «Жиһаншадан» 1914 жылға дейін Қазан, Орынбор, Семей басылымдарынан 9 кітабы жарық көрген. Елімізде екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді. Үшінші томы басылуда, бір бөлім еңбектері хан тіліне аударылу үстінде. Қазақстан, Моңғұлия елдерінде жарық көріп жатқан шығармалары да молаюда.
- Басылым көрмеген еңбектері: Көне көз құжаттар мен деректер ғұлама ақынның әлі де жарық көрмеген 20 ға тарта толғау, дастандары бар екенін айтады. Кейбір еңбектері басқалардың атымен жарияланып жүргені де өз алдына бір сыр.
- Ел ішіне кең таралып, халық иелігіне айланып кеткен шығармалары да аз болмаса керек.
- Ғұлама ақынның өміріне, еңбектеріне арналған зерттеу шығалары мен өлең, дастан, әңгіме, романдар да бар.
Ақын туылғандығының 125, 130, 140 жылдықтары атап өткен кездердегі ғылми-талқы кескін-зерттеу еңбектері.
Үшінші; Ғұламаның кесенесі жасалса еңсесі көтерілер еді.
Қазез Ақытұлы жазады: «Әкемнің сүйегін 1943 жылы 7-ай шамасында ғана қайтарып берді. Шәкүртідегі өзінің мешіті бар қыстауына әкеліп жерленді. Бұрынғы қорғаны дым тартып, жарылып кеткендіктен 1990 жылы ауыл адамдарын жинап, сол орнына қайта бір қорған тұрғызып қойдым». Бұл күндері қабырстанның айналасы елді мекенге айналып, қора-қопсақтың ортасында қалған. Жоғарыдағы сұраныстарды көп болып қатысты тараулар күн тәртібіне қойып көзін ашса игі еді.
Сағидолла ҚАБЫШҰЛЫ
6alash ұсынады