Тұлпар мініп, ту алып, туған өлке, туған халқы үшін, табаны күректей алпыс жыл найза ұстап, еліне есе теңдік әперген батыр әрі шешен, атақты қолбасы ЕрЖәнібек бабамыздың мынадай 3 үлкен ерлігін, батыр өз аузымен былай баяндапты:
– Сан жерде қаны судай аққан қанды қырғын ұрыстың алдында жүрдім. «Ұрыста алдында жүрген өлмейді, ажалы жеткен өледі» деген шын екен, соның бәрінен жаратушы өзі сақтап, аруақ қолдап аман өтіп келемін, ұрыса білсе ержігітке жау қиын емес, сан жерде аптығы асып, көзіне қан тұнған жау сардарының талайының басын алдым, мұнымды ерлігім дей алмаймын. Өмірде 3 ерлігім болды деп топшылап жүрмін.
Бірінші ерлігім: Жиырмаға жаңа ілінген қыршын шағым, жылқы бағып жүріп, таңға таяғанда көз іліндіріп алайыншы деп, атымның ерін алмай, көк шлғынды төскейге атымның шылбырын жамбасыма басып, түнгі салқын ауаға көкірегімді төсеп, жейденің омырауының түймесін ағытып, шалқалап жата кеттім. Бір кезде оянсам мұздай суық нәрсе кеудемді басып өрлеп келеді екен, жылан екенін көрмей – ақ білдім, қозғалсам шағып алатын түрі бар. Жылан жылжып басы дәл иегімнің астына келгенде сескенбей аузымды аша қойдым, үңгір деп ойласа керек аузыма келіп кіре берді. Дәл сол шақта басын тісіммен қыршып түкіріп тастадым, тісім мұздай болып кетті. Соңынан осы уақиғаны нағашы атама айтқанда, ол кісі:
– Жігіттің ерлігі байсалдығы, өзін ұстай білгендігі ғой, - деп мені мақтап отырып, - өкінерлігі, сол жыланның басын сол беті жұтып жіберсең жақсы еді, - деді.
– Ол қалай дегеніңіз деп сұрағанда;
– Ол сынға жолыққан жылан екен, басын жұтып қойсаң бойыңдағы ерлік пен ақыл парасат ұрпағыңның ұрпағына шейін жалғаса берер еді, - деді.
Екінші ерлігім: Біздің ел анау Арқалық, Едірей тауы, Есіл өзені жағасы жақта жүргенде, бір жылы күзде ешкі қотыр деген бір дерт жабысты, мұның қышуы дүниеде жоқ болады екен, қасынса одан ары асқынып кетеді дегенді естідім, содан тісімді тістеп, үш ай бойы қолымды тигізбедім, көктем бола бойым түлеп, сыпырылып біірақ түстіде сауығып кеттім, осыған қолымның ұшын тигізбегенімді ерлігім ғой деп ойладым.
Үшінші ерлігім: Бір жылдары Қабанбай, Бөгенбай үшеуміз Алтайдың күн бетінде бекініп алып, қазақтарға тыным бермеген бір жоңғар қарақшысын жойғалы жолға аттандық. Сол жолы жеті қараңғы түнде айдаһарға айналып кеткен жуандығы адам белінен жуан ұзындығы 13 кез келетін нар жыланның басын шаптым, сонда жүрегім қорыққанды қойып, бүлік етіпте қойған жоқ, осыны үшінші ерлігім деп білемін, - деп баян етіпті.
Еліне қорған болған батырлардың осындай ерлігі арқасында, жаудан аман қалып, ұрпақтан-ұрпақ жалғап, тыныш заманда отырмыз, сол батыр бабаларымыздың ерлігі ұрпақтардың жүрегінде мәңгі сақталады деп білем!
6alash ұсынды