Ер Жәнібектің ақылиялары

Жәнібек батыр би болып билік құрып, шешен атанып, ел аралаған кездерінде болсын, қартайып ауылда болған шағында болсын ел-жұртына нәсихат айтып, тәлім беріп, көптеген ақылия сөздер сөйлеген екен. Содан бізге жеткен ақыляларының бір бөлімі.

Жәнібектен ауыл азаматтары ерлігін, батырлығын әңгімелеп беруді өтінгенде, әңгімесін айта келіп, соңында:

– Жекпе-жекке шығып, жауды өлтіруде ерлік, қанмайдан соғыста жаумен айқасуда ерлік, қапыда кезіккен қиын іске ақыл тауып төтеп беруде ерлік. Бірақ шын ерлік, нағыз батырлық – жорықтан түскен олжаны, биілікте ұсынған жол-жоралғыны алмау деп тәлім беріпті.

***

Ауыл-аймақ, туыс-туған, ел-жұрт жиналған топтарда Жәнібек «Ұрлық, ұрлықтың түбі қорлық, қорлық сүйреп құлдыққа апарса құрдым дей бер» деп нәсихат айтып, ғылым беріп отырады екен.

***

Абақ Керей елі ата мекенге көшетін болған бір жиналыста бас қосқан игі жақсыларға:

– Көшпек, қонбақ елге сын. Күнде күйбек, қатын-бала, мал мен боқтың харекетыне алданбайық!

Жан байлығы – асыл байлық, әуелі байлық,

Тән байлығы – әйел байлық, орта байлық.

Мал байлығы – масыл байлық, ақырғы байлық.

Ерді етек басты ететіні соңғы екеуі. Жасағанда бір күн бар, жеті айға бергісіз, жаратқанда бір ай бар, жарты жылға бергісіз. Бір айтса – білік, екі айтса – ездік, шешім осы көш басын Алтайға бұрайық! - депті.

***

Халық дегеніміз – қара тау, қалың ормандай иеміз емес пе, халықтың ашу-ызасы мен мұң-наласы қорқаққа үрей, батырға күш-қуат қосады. Тіпті ол саған жеңіс әпереді. Халықтан айрылған қан құсады.

Ер елден туады. Елі үшін еңбек етеді. Ерді ел қорғайды, елінен безген еңірейді.

Мұра – мұрат, берсең – қуат, бермесең – сызат. Ерді ел қорғайды. Жаудан жасқанып, ердің ізін жоғалтуға болмайды.

Жәнібек батыр кейінгілерге қалдырған тағылыматында былай депті:

– Ұран орнын тапса мадақ, орнын таппаса мазақ. Жауға істетсе садақ. Егес көңілді жыртады. Мысыңды құртады. Ондай додаға мені салмаңдар, туымды тек он екі Керей түгел қосылған соң жауға қарсы көтеріңдер. Ал атымды; біріншіден – аттандап жауға қарсы шапқанда, екіншіден – толғағы ашты болып, әйел босана алмай қысылғанда, үшіншіден – жалғыз жүріп жаныңа ауыр қысым түсіп, амалсыз қалғанда ғана атаңдар.

***

Көгедай Ежен ханға барып, «Гүң» атағын алып келгеннен кейін, Жәнібекке сәлем бере барады. Сонда көңілі орныққан Жәнібек:

– Батыры көп ел жаудан қорықпайды,

Шешені көп ел даудан қорықпайды.

Төресі бар ел ханнан қорықпайды.

Төбесі бар ел таудан қорықпайды,

Төрелі жерге ел тоқтайды,

Орның болды кемелді,

Керей енді теңелді,

Мекенімен кенелді,

Өлсем орным орнықты болды! - деп ақылия айтып, тәлімәт бере келіп, Көгедайға: – мен қартайдым, тілімді алсаң, ауызыңның дауысы болсын, елден суатың болсын, азаматтан қуатың болсын! - депті.

6alash ұсынады