Болат Құрманғажы: Әлағаның «Тұтқын жолаушысы»

 

               Әлағаның «Тұтқын жолаушысы»

                                        (әдеби cын)

 

   Аты аңызға айланған адамның бірі – Әлімғазы Дәулетханұлы. Олай дейтініміз, ол дүниелік болған қоғам қайраткері, саясаткер, ақын Айтан Нүсіпхан, марқасқа ақ иық ақын Жәркен Бөдеш, қазір 80 жылдық мерей тйы мен шығармашылық кеші өтпек болған тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, жазушы, сазгер Ә. Дәулетханұлы деген үш дара тұлғаның қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісі» сынды әсіре солшылдық науқанның қанды шеңгелінен қашып, сол кездегі Совет одағындағы құрамындағы Қазақстаннан бостандық ізлеп шегара бұзып өтуіндей жырға айланған тағдырлас өмірлері себеп болған. Үшеуі де Алла берген таланттарымен, маңдайларына жазған тағдыр-тәлейлерімен руханиятымыздың үш мәуелі бәйтерегіндей көпке саясын тигізді десек артық болмас! Арамыздағы абыз, білгірлігімен еліне, артындағы ұрпақтарына, жолын қуған шәкірттеріне өнеге-үлгісін қалдырып, өнерін шашып келе жатқан қайтпас қайсар да жансебіл қаламгер Ә. Дәулетханұлына құрметіміз шексіз! Тарихи және ғибыратқа толы шежірелі әдебиеттерінің оқырманымыз. Оның Әнші, сазгер, «Талантқа тағзым» деген whatsapp желісіндегі әдебиет және өнер тобының бұрынғы жетекшісі Әбдірахман Әріпұлы марқұмның мұрындық болуымен жарыққа шыққан «Көсеге» атты екі томдық жинақтың екінші томына басылған «Тұтқын жолаушы» деген әңгімесін құныға оқып таңданғам. Сол туындысы туралы толғанысымды, саралауымды, талдауымды көппен бөліскім келді.

      Қазірге дейін Ә. Дәулетханұлының жарық көрген том-том тарихи және ғылми еңбектерінен тыс, «Сырымды айтсам» атты повестер жинағымен қатар қыруар әңгімелер жариялап, әдебиеттің проза жанрында өз бітім, болмысын, бөгенайын бір қырынан тамаша байқата алған даралығын біреу білсе, біреу білмес те шығар?! Оның 1991 жылы жазған «Тұтқын жолаушы» әңгімесі тарихи шындығымен, сол шындықты бай да шырайлы, дарынды тілімен шынайы суреттеп жеткізгендігімен құнды. Әдебиет танушы ғалым Зейнолла Қабдолов: «Әңгіменің шағын жанр екені рас, бірақ ол ешқашан ұсақ нәрсе емес. Керісінше, ең бір ірі нәрсе! Тамаша таланттың, қабілеттің, шеберліктің жемісі. Әдебиет тарихы осыны көрсетіп отыр» деген еді. Демек, кей көп томды кесек романдар жазған қаламгерлердің нағыз суреткерлігі романдарынан кездесе бермеуі де мүмкін. Қайта оның «ұсақ-түйек» деп еленбеген шағын әңгімелерінде жатуы да ғажап емес! Жазушының таланты мен шеберлігін бір ғана оқиға немесе жымдасып, жапсарласып кететін екі оқиғаны ғана өзек етіп, оқырманын қысқа уақытта лаззатқа батыратын, не өкінішке қалдыратын әңгіме жанры алдымен айқындай алады.

      Әңгімеде даңсалы ғасырлар қойнауынан үн қатса да, бүгінгі халқының жүрегінде сақталған өнер мен даналықты бойларына сіңірген ұлы тұлғалар жайлы қалам тербеу аса ауыр жауапкерлік пен сол дәуір сипатын нанымды кестелеуде жатса керек. Осынау күрмеуі күрделі, шиесі жұмбақтау дүр дүниеге нар тәуекелмен бара білген Ә. Дәулетханұлының «Тұтқын жолаушысы» ішкі бұлқыныс пен лирикалық шалқыманың, өміршең өнер мен жүректе қалар даналықтың майдандасқан психикалық драма қойылымындай әсерге бөлейтінін айтсайшы! Дәстүрлі қазақ әдебиеті үлгісімен зерделенген, айшықталған, ыңғыруланған, іргеленген бұл әңгіме 19 ғасырдағы қасақ сахарасындағы ірі тұлғалар тудырған бәсекелі өнер сайысының тұнып тұрған  қаймағын қалқып алып, оқырмандарына балмен араластырып, зәмзәммен әрлеп ұсынғандай еді. Оны беріле оқысаңыз дүлділ ақын Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасына еліте арбалғандай күй кешесіз. Кешесіз де кереметіне бас шұлғумен боласыз және бірге араласып кеткендей боласыз!...

  Оқиға көркемдігі көз сүріндірген Өр Алтайдағы жаз жайлаудың қақ ортасында болған. «Көксаланың Қасқабұлағына лықси келіп қонған Бежең (керейдің Бейсенбі биі меңзеледі) ауылы көшпелі қазаққа Тәңірі сыйлаған аз күнгі қызықтың думан көрігін құлаштай басып, шалғыны жапырыла қоймаған масаты көктің үстінде қаздай қалқып тұрған шағы». «Ортадағы ақ орданың төріне жағалай жайғасқан» қадірлі ығайлары мен сығайлары Бежең тартқан сиқырлы күй құдіретіне ұйып, «бал қымызына мелтектеп» отырған күндердің бірі. Ел жер дауы, жесір дауы сияқты мәселелерін пір тұтатын Бежеңе шештіретін шағы да осы тұс. Осы кезде біреулердің таңға жуық іргеде қалғып отырған ұрының ұсталғаны, оның биден басқаға жауап бермейтіні бидің құлағына жетіп, ортаға әкелінеді.

      «Кенет есіктен соза сәлем беріп, қою, ұзын мұртты, қызыл шырайлы, төрт сайлы керей қалпақты, ықшам сыптығыр киінген отыздар шамасындағы еңгезердей жігіт кіріп келді де, екі қолын кеудесіне айқастыра ұстап, ізет жасады». Аңтарылған елге биден бұрын көсемси шақпа тілдерімен кекесін сұраулар қойып үлгерген жеңіл ауызды ұтқындаушы оның қалай ұсталғанын да жайып салды. Ел Бежеңнің аузына қарады.

   «Басында қара барқыттан сырып тігілген өрнекті тақия, үстінде қара пүліш пен жұрындалған қысқа жең, мәри жүнді құлын тері тайжақысын желбегей жамылған бежең салтанаты кімді де болса жалт қаратар еді».

   Әңгімеде Бежең және одан жасы кіші «ұры» сынды екі кейіпкердің бір дәуірдің бірі күнгейінде, бірі теріскейінде, бірі ішкені алдында, ішпегені артында, ел билеген би, бірі «ұры» делінсе де шын сыры, жан-дүниесі әлі паш бола қоймаған ұсқынды азамат екені киінулерінің, қимылдарының, түр-түстерінің суреттелуінен қазірге дейінгі даралақтары, болмыстары алғашқы адымда аңғарыла бастағандай. Оқырманын ентелете бастауы да дәл осы тұсы. Ары қарай «ұрының» кім екені өзінің би алдындағы бүкпесіз баянынан мұндалайды.         

    «- Жер көріп, ел тану – атамыздың салты, азаматтың міндеті екені белгілі ғой. Өздеріңіз сияқты аузы дуалы билер мен шешендер айтпаушы ма еді, торқалы той, топырақты өлім ортақ, батырдың маңдайы, шешеннің таңдайы ортақ, жүйріктің жүлдесі, балуанның білегі ортақ, шебердің қолы, қыранның қияғы ортақ деп. Сол бәрімізге ортақ қазынадан сыбаға дәметіп, жортып жүрген жолаушының бірі едім. Алдарыңызда кінәм болса да, күнәм жоқ екені Аллаға аян. Қан майданнан жау түсіргендей тектеп-тексерусіз байлап-матап тастау сіздің елдің қай жосынына жататынын сұрап білгім келеді, жақсылар!» дейді әңгімедегі «ұры» делінген азамат өзін ақтай шешен де ойлы сұрау тастап. Осы кезде «күні-түні әурелеп сөйлете алмаған ызалының бірі» би алдында оны шамына тие жәбірлей желкелейді сөзбен. Бұл қосанжар диялог оның едәуір қинау көрсе де, би алдына бармай тіл қатпаған қайсар да тектілігін, тұтқындаушыларды пішту құрлы көрмеген өрлігін аңғартып, «ұры» оңды образын толыстыра түсуге роль атқарады. Осыдан соң оның бар ішкі дүниесіне ой жүгірте, тыңқылдатып отырған домбырасын доғарып, сабырлық пен өрелі кеңдікке бой ұрған Бежең би жылылық ілтипатына көшеді:

      « - Отыр, отырып-ақ сөйлей бер, жолаушым. Жол болсын демей сөз таппайтын, жоғары шық демей орын таппайтын мәнжубасқа ұқсамайтын көрінесің ғой. Қымыз құйыңдар, алдымен сусындап алсын!» деді.

     «- Рахмет, аға, «саяқ кетсең, басыңнан таяқ кетпейді» дегенге онша сене бермеуші едім, амал нешік, оны да көріп жатырмыз. Мақұл, айтайын. «Төрешіден қалса қалсын, айтушыдан қалмасын» деген бар ғой».

    Әңгіме ауаны «ұры» делінген сегіз қырлы бір сырлы өнерпаздың Алтайдың біраз елді мекендерін аралап, ән мен күйге, думанды дуға бөлегеніне ойысады да кейіпкер харектрін ашуға ұмтылыс жасайды. Әсіресе мынадай оқиғаны да оның аузынан бергізіп, Бежең ауылына қалай жеткеніне дейін аянышты барысқа мүсіркетеді: Бір бай ауылдың қыз-келіншектері бай сыртқа кеткен орайда неше күн оны жібермей кәукеулеп сауық құрғызғанын майын тамыза әңгімелейді. Сапардан оралған бай оны «әдейі жер шолып жүрген жансыз, баукеспе ұры екен!» деп кісендеткені, жаны ашыған қыз-келіншектердің жасырын егеу апарып беріп, кісенін қиып қашуына себепкер болғаны қағыс қалтырылмайды. Өнерлпаз көкжалдың қайта қайырылып кек алуға бармағаны, кез келген бір мың салса бір баспайтын қу керікпен осы ауылдың үстінен түскені, шалқыған күй әуеніне есі кетіп, «құлағынан арқандалып қалғандай» іргеден сарынды күйлерді көкейіне тоқып отырып, қалғыған шағында қолды болғаны жіпке тізілгендей тәптештелінеді. Ол ол ма, «күй құмарлықтың пайдасы да, зияны да аз болмайды екен. ... Күй құдіреті мені еркімнен тыс жағдайға түсіргенін мына ұр да жық тасыраңбайлар қайдан білсін?!» деген өнерден жүген ұстамаған, тіптен әйгілі екенін де аңғатқандай емеуріні әңгіме желісін байқаусыз жерден ширата түскендей ме, немене өзі?! Әрине, дәл солай!

      Әңгіме ауаны осы арадан оқиғаны шарықтау шегіне қарай бет алдыра бастайды. Оқырман ойын құды бала кезіміздегі бабалардың қабақтарын түйе ғаламат қызықтың көкесін өрбіте жөнелетін ертегілерінің ең дәмді жеріндей жетелейді. 

      « - Атың кім, қарағым?»

      « - Атым елде Бәзғалам, түзде Жәйір болады».

      « - Ал, қанеки, күйге құмар болсаң, күйші шығарсың? Тартып жіберші!».

      « - Иә, әруақ өзің жар бола гөр! Дегеніңіз болсын, аға!». «Ұзын, әлуетті білегін түре сыбанып жіберіп, малдас құра құлшынған алпамсадай жігіт көзі бал-бұл жанып, айнала топқа, сосын Бежеңе от шаша қарады». «Аңсаған прағына тақымы енді тигендей екпіндетіп, алды-артынан жел тұрғызар ереуіл күйдің бірін көсіп-көсіп жіберді». « Қызылға төнген қырандай екіиығын қомдап, домбыраның астыңғы ішегін желпи орағытып, шымши шекіп, кейде орғыта ойнақтатып, ақ орданың сыртынан түнде естіген сарынды қоңыр шертпелерді бірінен соң бірін төпей сорғытып, сыдырта шертіп шықты. Салалы саусақтардың елпек қимылынан кейде еркелей ойнақтап, кейде мамырлай майпаңдап, кейде бебеулей зарлап, кейде ыңырана өксігендей сырлы саз әуені мол-молынан төгіліп жатыр. Кәдімгі майталман Бежеңнің  кемел, шебер тартыс мәнерінен бір аусашы!».

      Әңгімедегі «тұтқын жолаушының» шынайы образы, ішкі дүниесі, аса сұңғыла күйші екені оқиға ритімінің біртіндеп өрбіуіне ілесе ашыла беруден тыс, сол дәуірдегі аңғал да бүкпесіз елдің ішінара қара дүрсін, алкеуде, қотиын ұлдарының шаш ал десе, бас алатын надандығын да бір қырынан көрсете білген. Әңгіме басталған тұстан бергі көркем табиғат пен төрт түлік малдың жайлау төсіндегі суреттелулері, сал-серілердің соңғы тұияғындай салтанат құрған кейіпкердің елді аузына қаратқан өнері, оның тұтқыннан босап, ақ орда іргесіне келуі, Бежеңнің күмбірлі күй әуендері, тұтқынның оларды қалт жібермей қағып алуы және оың жәбірленуі барысындағы көркем эстетикалық шеберліктер, ішкі монологтар, толғаныстар, ұтымды теңеулер сол дәуір картинасын қиналып-қысылмай-ақ көз алдыға келтіріп берген. Дала заңына бағынған сахаралықтардың хас өнер иесін тегін тектемей жатып, ақ тәніне қара дақ түсіріп байлап-матаған әпестіктері Бежеңнің жүзін қызартып, сүйектеріне таңба болардай ұятты да ептілікпен жеткізген. Бежеңнің күйлерін өзіне айнытпай шертіп берген қайталанбас талант иесіне не дерін біле алмай іштей күбірлеп ыңғайсызданған адамгершілікке толы қасиеттері мен өнерге деген құрмет психикасы тамаша ашылған.

      Әңгіме оқиғасы осылай өрістеп бара жатып, жолаушыны әспеттеп, «күнмен тең нұр бар, мыңмен тең бір бар», найзағай да асылы бар жерге түспей ме деп ойлаған би оны оң жағындағы аю терісіне отырғызып жатады. Дәл осы кезде «ілкіге созылған үнсіз сүкінатқа жан кірді». Игі жақсылар қоғадай жапырылыса қауқылдаса қошаметтесе бастады. Жолаушының көзі жаңылмай «ақ сары өңді, құныстау, ет женді, бадырақ көз» берекесіздеу Береке деген төреден өзін таныған, танымағанын сұайды. Ол әлгінде тұтқын боп тұрғанда кекете ілкімдеген адам. Сұрақтан өзін алып қаша танымайтын боп безек қақты. Тұтқын жолаушы: « Е, қайдан танисың, танитын жөнің де жоқ шығар. Найман мен Керейдің сорпасы мен қымызына әбден тойып, жалың құлағыңнан асқан соң, есің екеу, көзің төртеу бола қалған екен ғой. Әттең, астыңда маңдамы көк шолақ атың болса, үстіңде жалба-жұлба сұр шекпенің болса, қолыңда қара шашақты мұқыл найзаң болса, өзің қашып-пысып кірерге тесік таппай жүрсең, мені бағана танып, бас салар едің-ау! Мұның жөн-ақ. «Үрккенде түйе жаман, қорыққанда төре жаман» деген рас екен, сен төресің ғой. Күн ыстық болса саңмүйізіңмін деп тасқа шығып аласың, осылайша. Күн суық болса мүсәпіріңмін деп қуысқа кіріп аласың. Бауыры суық, тегі жат сендердің тектеріңді кім тектепті?...» дейді. Сөйтіп, кейіпкеріміздің он жылдың алдында ауылын Дөрбіттер шауып, өзі қашып жүргенде басынан сипап, бауырына тартып ес қатқанын бетіне басады. Бұл детел қыстыра баяндалғанымен, тұтқынның қайырымды да қара қылды қақ жаратын әділетті, шыншыл, зерек жан екенін толықтыра түседі. Бұл да жазушының шеберлігіне саяды.

      Отырғандарды сабырға, берекеге шақырып, «Кеңес» күйін аяқтай бергенде, тұтқын күйші оның домбырасына қолын созды. Әлгі күйін айнытпай өзіне шертіп берді. Би жасы кіші болса да, өнеріне тәнті болған, осы бір ілуде бір кездесетін күй мәнжүнін күй сайысына шақырды. Әңгіме оқиғасы осы өңірде тұңғыш болған, бір тәулікке жалғасқан күй сайысымен шарықтай бастады. Оқырман лирикалық, романткалық, батырлық, ел мен жер, дүлдүлддер жүрісіне, шабысына т.б. сан қырлы, ғаламат сырлы да тылсым құйқылжыған сарынды күй құдіретіне шомды. Қызыл күрең домбыра екі күйшіні саңлақтандыра, өршелендіре, дауылдата берді. Тыңдармандары таң атып, келесі ұлы сәскеге дейін қалай тырп етпей ұйығандарын да сезбеді. Керей мен Уақ сынды жауынгер тайпалардың рухани әлеміндегі бәсекелі сайысы ертең-ақ жалпақ қазақ даласына жетеді. Солай болды да. Безектеп перне қуған қос күйшінің саусақтары періште қанаттарындай себелей берді. Сиқырлы күй тыңдарманын тұтқындаса, қиял теңізіне жүздіріп, ой жұмбақтарына құндақтады. Өнер атаулыда шек жоқ болғанымен, тектілік тегершігінен көктеген талант өз даралығымен, өзгешелігімен, таңдай қақтырар жаңалығымен жалт қаратары ғана өз туын желбірете алады. Әңгімедегі екі жүйрік дарабоз қазақ даласын күйге бөктіре еркін көсілді-ай келіп! Қазақ күй тарихында белең берген мынадай қағыстардың денін қалдырмай пайдаланды деуімізге әбден болар. Айталық, жаппай, кезек, шертпе, шуыртпалы, терме, сипай, шаппа, жарыспа, ілме, көбе, тырнақ, үдеме, сабалақ, жұлына, сырғыма, майда, желдірме, жорға, сыңар, қос, жетім, жел, самал, жібек, құйын, безек т.б. толып жатқан  қағыстар. Перне басуда да көз ілестірмей нық, сырғыта, дірілдете, тайғақ, қос, уыстай, соза, қашқақтай, қараша, жебелей, желдірме, жанай, аттап, қуалай, құрма, шалыс т.б. басулардан ексе қалмады.

      Әңгімедегі ең шешуші, оқырманын қайран қалдырған, ешкім күтпеген кенеттік өзгеріс шарықтау дабылын қаққандай болды. Көркем шығарманың көкейтесті зар шағы да осы тұста қыранның ана-мына емес, аяқ астынан шындық деп қабылдауға келмейтін бұғыдай дәуді іле салып көкке қалықтағанындай тосындық сыйлады. Аңызға айланған реал өмірдегі күйшілік сайыстың  ғажайып  құбылысына не дерсің?!

      Сәскеге жеткен сайыскерлердің «ұры» деп қорланған отызда орда бұзар жасы, батыр Баянның қандасы – Бәзғалам Айқынбайұлы көз көріп, құлақ естімеген тың өнерін паш етті. Ол оң аяғындағы көксауыр етігін суырып тастап, «бір жабастай отыра қалып, бақайымен майпаңдатып жаңа бір күйді тартып ала жөнелді». Ел өз көздеріне өздері сенбей қалды.

      « - Би аға, егер қабыл алсаңыз осы күйімді сіздің асқақ тұлғаңызға бас иіп, құрмет еткенімнің белгісі ретінде арнағым келіп отыр. Сізге ұнаса атын «Жолаушы» деп қойсам деймін!».

      «Бежең уақтың даусыз өнер саңлағын жерден тік көтере тұрғызып, тершіген ай маңдайын, арай жүзін өзінің кестелі шайлы орамалымен аялай сүртіп, құшырлана құшақтады».

      « - Бәрекелді, қабыл алдым, жеңдің, сабазым! Оздың, пырағым! Жол сенікі, жеңілдім! Талабың Өр Алтайдай асқақтасын! Мерейің Қара Ертістей тасысын!».

      Көркем шығармадағы ең басты шарттың бірі – шырайлы тіл. Ә. Дәулетқанұлының «Тұтқын жолаушы» атты әңгімесі қазақ рулық, тайпалық, хандық, билік жүиесінің соңғы кезеңдеріндегі сахара өміріндегі рухани оқиға болғандықтан, сол дәуірге лайық тіл қолдануға ерек көңіл бөлген. Әңгімедегі орынды қолданған жұтынған суреттеулері, өзі жанынан шығарған сөз тіркестері мен мақал-мәтелдер, қанатты сөздер оқиғаның нанымдылығына талмайтын қанат бітірген. Мәселен: « ... Тықыр кердің ккиздей ұйысқан бетегелі белегірі мен құйқалы текшелері», «Шоқ-шоқ бәлекей қарағайлар...», «мама ағаштың арасына керілген ешкінің жүнін араластыра ескен жұмсақ қыл арқан...», «...қымызына мелтектеп», «ошарыла бет алды», «аумағын иекпен өргізіп, қабақпен жусатады», «екі жігіт екі шетінен қайқайта көтерген нөпір бауырсақ», «монтаны тұрыс», «төбеден ұрғандай шарай топтың алдында», «ауылдың тезқатарлау шақар қариясының бірі», «қара пүлішпен жұрындалған қысқа жең, мәри жүнді құлын тері тайжақысын желбегей жамылған, беліндегі күміс сапысы оң жамбасына салбыраған», «көптің алды – талқы, бидің алды – тез, сөз – шынына, пышақ – қынына тоқтайды», «қотандағы қойдың ірге жауы емес, алыстан аңсап, қияннан тоят іздеген көкжалдың бірі болдың», «жол болсын демей сөз таппайтын, жоғары шық демей орын таппайтын мәнжубас», «жауыр қу тулағы», «құс қанатты прағына тақымы енді тигендей», «құйма құлақ тұтқырлығы», «сол-ақ екен, ілкіге созылған үнсіз сүкінатқа жан кірді», «қызыл шырайлы, науша жігіт», « Ұзын қара мұрттының шалғысын құлағына қарай серпе қайыра тастап, дөңгелек шоқша сақалын салалы саусақтарымен қамти сауып», «кеден кеден болды, кедергі неден болды», «тілеу – достан, қаза – қастан, бары игінің – бәрі игі, кеңес – ақылдың кілті, ашу – сөздің бұлты» т.б.                       

      Әлағаның 80 жастық мерейлі тойы мен шығармашылық кешіне құтты болсын айта отырып, жеңгеміз екеуіне мықты денсаулық, жанұяларына бақыт тілеймін!

 

                                  Болат Құрманғажыұлы Әкежан

       Ақын, жазушы, журналист, сыншы, Әлем Халықтары жазушылары,

         Түркі Әлемі жазушылар одағының, ҚР авторлар қоғамының,

              Таңжарық Халықаралық қорының мүшесі, Халықаралық

                   Б. Майлин атындағы әдеби сыйлықтың, ҚХР

                          мемлекеттік аз санды ұлттар ақпарат

                                   сыйлығының иегері

       

                                           02.08.2023 ж.