Алыбайдың ақшиі

Бәрімізге белгілі 2008 жылдың жазы, Бейжің Олимпиадасы басталған кез. Сол бір күндерде, туған өлкем Сауырдың бөктері, Жиекши етегін қоныс еткен Алтынбұлақ ауылына жол түскен. Дөңгелек саздың ішпектей өңіріндегі тоқал тамдарды аралап келе жатып балалық шақ еске оралды. Ақ-жарқын ауылдас бауырлардың алқам-салқам жағалары көзге оттай басылған. Содан бері сағымдай зымырап он бір жыл өтті. Алакеуім шақ. Үнсіз ойға шомып кетсем керек, кенет қоңыраулатқан дауыстан селк етіп телефонға қол соза бердім. «Бауырым, Шағаноба мен Кергентасқа барып қайтамыз!» деді Маратбек аға Сүлейменов тұтқаның ар жағынан тебірене сөйлеп.

Атан түйенің өркешіндей Сауыр мен Семізтай ортасын орқояндай орағытып бара жаттық. Жер-су аттары, ел аузындағы аңыз-әңгімелер, тіпті соққан желдің үніне шейін Әтекең, Төлеуғазы, Жұмаш ағалармен бірге құлақ түріп келем. Олар Қаракерейден өрбітіп, Жұмық баласы Қожанның шежіре тарихын толғап сыр ақтарды. Мәңгілік мұз құрсаулаған Сауырдың күнгейін жағалай, батысқа беттеп, киіз үйдің керегесіндей көлденең жатқан Керегетасқа көз тастап, үлкен-кіші Сетерліні шолып, Сандықтасты қияладық. Әлгінде, Маратбек ағаның айтқан сөзінен кейін туған жерге барып қыдырған кездер қайта-қайта ойға орала берген.

Әлқисса. 2008 жыл Шандунь провинциясындағы Қытай Медициналық Университеті, Shandong Medical «Білім беру және инновациялық технологиялар» атты халықаралық конференцияға санаулы күн қалса да, ат басын ауылға бұрып, аруақ аунатып, аман-сәлем жасадым. Ауылдағы үлкен-кіші түгел «Әтекең» деп атап кеткен, әкемнің ағасының баласы Құлыбекұлы Әшін немере інілері Көкен Төлеуғазы және Қайса Жұмашты ертіп алды. Төбедегі төрттеу түгел жиналдық. Сауыр бөктеріндегі тақтайдай асфальтті құйындатып, күн арқан бойы көтеріле бере Текпісуға келіп жеттік. Осы жерден Қазақтың Қожан руы мекен еткен бағзыдағы жер-су аттар басталады. Жүзіміз құбыла, мінер жақ қаптал Семізтай, қамшылар тұста Сауыр, құстың қос қанатындай керілген екі таудың арасы 40-50 шақырымдай жер. Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа пойыз релсі іспетті паралел созылып жатыр. Алдыда мұнар тартқан Толағай ертоқымның қасындай қасқайып қақ маңдайда тұр. Сауырдың Қарақамыр сайымен Бүйректің өкпе тұсындағы Китің (Хүйдің) өзеніне келдік. Сарқырап жатқан суға, үстідегі лыпаны сыпырып тастап сүңгіп кеткен едік. Буырқана бұлқынған қатты ағын ағызып бара жатқан соң тастай суық судан сытылып жағаға шыққанда тісім-тісіме тимей қалшылдап, “хүйдің” сөзінің қандай мағана беретінін сұрағам. “Суық, ызғарлы, желді” деп үн қатқан Әтекеңе қарап, “Қай жұрттың тілі?” дей бергенім сол екен: “Қожан-Ғұн тілі” деді Төлеуғазы күле әзілдеп. Сүт пісірімдей уақыт жүріп Қызыл өзеннен өтіп, Толағайды арқаға тастап, Ауызшиде тізгін іріктік. Бөктерді құлдилап аққан қос өзен Толағай барып жазықтағы Қожанның егістігіне жайылып суарып кететін көрінеді. Оның терістігінде қисық сайдың басы биік тауға ұласып, өзенді сайдың етегіндегі созылған жазықта жалғыз қаздиып тұрған Толағай халық санасында су кіндігі деген түсінікпен қалған. Осы екі арада аласа адыртау Бөлеқара бөлек тұр. Бүйректен Қызыл өзен, кіші Китің (Хүйдің), үлкен Китің (Хүйдің) сияқты қос Китің (Хүйдің) өтіп Текпі, Тоқжайлау, әрмен Сауыр тұмсығы, Қарасай, Сарытұмсық, Үшбұлақ, Жыланды, Мәтіғұл сайларынан шыққан су қосылып Шағаноба құйылады. Ауызшидің күнгейінде Тәкілген, шығысында Сартомар, Үсіген, оның алды Көкадыр, арты Қызыладыр, бұнда жоңғайша Мұханның тасқорасы. Шекарашыларға құжатты тіркетіп, арнайы рұқсаттама алдық. Ат басын Дәржаннан Тәкілгенге бұрдық. Тәкілген – көне түрік сөзінде “оба” деген ұғымды білдірсе керек. Оның қасындағы аласа адырдың тік сайы үлкен Қомша, қисық тұрғаны кіші Қомша деп аталады. Дәржандағы ну-жыныс орман, сарқырап аққан өзен шуы құлақ тұндырса, төңіректі көмкерген алуан түсті қалың шөп көздің жауын алады. Осы жерде ұйыса қоныс тепкен Қазақ ауылын 1962 жыл Бейжіңнен қызыл таңбалы арнайы бұйрық қағаз түсіп, халықты шығысқа қарай 100 шақырым шекарадан шегіндіре көшіріп апарып тастайды. Олардың дені Қожан руы болатын. “Елу жылда ел жаңа”. Алтынбұлақ, ары жағы Сауырдың көксайын жаз жайлап, Салбыртыны қыс қыстап екі ауыл мал шаруашылығы, Қылғынты, Делуінде егін шаруашылық үш ауыл болып бәр-бәрі күні бүгінге шейін өсіп-өніп жатыр. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныш менен гөрі ағалардан көбірек байқалады. Олар Текпінің жотасына алқынып шығып жан-жаққа көз салғанда, ат жалын тартып мініп, азамат болған шақтарын, туған өлкесінен күштеп көшірілген өкініштерін айта алмай тұрғандай көрінді. Көкірекке беріш болып қатып қалған шерлерін төге алмай тұрғандай сезілді. Тар жол, тайғақ кешулер еске түсіп, іштегі шер толқып, өксік атып әһ ұрған ындай бір шақта рухани пана болған, ақылшы асыл ағалары Әлібекұлы Қизатолланы еске алысқан. Оның қайшылық пен күреске толы өмірі, Алыбайдың ақшиін жайлап жатқан жылы, әкесі Бұланұлы Әлібекті «жапон шпионы» деп, жала жауып ұстап әкеткен сәттен басталды. Әкемнің ең үлкен, туған ағасы Әлібекті ұстағанда ауыл түн жастананып Маңырақты бөктерлей үрке көшкен. Қазақ  Республикасының 1993 жылы 14 көкектегі «Саяси нәубат құрбандарын ақтау туралы» заңына байланысты Ә. Бұлановтың өлімі және жерленуі жөнінде тәптіштеп жазған анықтаманы тапсыр алып Қизатолланың інісі Манапқа жібергем. Алыбайдың ақшиін жолшыбай аралап, Манап аға Астана келді.

Қырық жылғы түрме өмірінде “Қылмыс” романын жазған Қажғұмар Шабданмен бір сыныпта оқып, жақын достықта болған, Қизатолла романда ұлтшыл кейіпкер ретінде айырықша сипатталады. Кітапта Қизатолланың есімі өзгертілмей берілген. Қобық моңғол автономия ауданның негізін қалап, қазақ, моңғол, қытайдың басын қосып, әкісшілікті басқара жүріп халық арасында аңыз-әңгімелерді жиып хатқа түсіреді. Соның ішінде Ақжардың солтүстік батысы, Маңырақтың етегіндегі Алыбайдың ақшиін, Есенқұлдың батыр қызы Жәнделі туралы жазғанын ағалар растап айтып отырды. Әттең! Әттең-ай дейсің! Сол құнды дүние сақталып бүгінге жеткенде, ертегі аңызды емес, жадыда жатталған сенімді дерек болар еді. Шинжаң ұйғыр автономия басшыларының ең жоғары шендісі Бурһан Шаһидиннен Қизатоллаға хат келген. Бұл хат Маоның жүргізген мәдениет революциясының дүмпуі естіле бастаған шақта жеткен. Әне-міне үзеңгіге аяқ салып, енді жүргелі тұрған оны шап беріп ұстап алып, темір торға тоғытады. Арада ай өтіп, “Қизатолла жоғалып кетті” деген хабар жетіп, әкем Назарбай түрменің төңірегін іздеп жүріп, сол маңдағы құдықтан оның өлі денесін тауып алады. Ол кезде жаназа шығаруға рұқсат жоқ, қайтыс болған адамды жоқтап көз жасты көлдетіп төгудің өзі қиын. Әкем мәйітті көтеріп, Семізтайдың қарадырындағы жотаға жерлейді. Марқұмның хаттап жазған дүниесін түгел өртеп құртады, бір қызығы, жоғарыдан жеткен әлгі хат сақталып қалады. Бұл кезде Қажғұмар Шабыдан тарым ойпатындағы еңбекпен түзеу лагеріне айдалып кеткен. Қизатолланың жылына жетпей “Төрт көнені жоғалту” ұранымен Қожанның шөбересі – Қонақбайдың киіз тымағын әкемнің басына кигізіп, атқа теріс мінгізіп, “шетпен астасқан, пантүрікшіл” деген жала жауып, байлап-матап айдап әкетеді. Бұлан әулетінен аман қалған жалғыз тұяқ марқұм әкем болатын. “Шорға соғысында Қабанбай батыр жоңғарлармен соғысып жүріп, Тарбағатайдың жазығын қайтарып алғанда Сеңгір-Меңгір арасында біраз қашқындар таудың ішінде тығылып, қарақшылық жасап, Қарашаның батыры Шақабайдың жақсы көретін баласын өлтіріп кеткен” деп ол орағыта айтып келіп, “Шақабай ашуға мініп, қашып-пысқан қалмақтың бәрін жиып алып қойша бауыздап тастайды. Алыбайдың ақшиіне жайлып аққан өзеннің “Қандысу” атауының сыры осылай еді” деп еді тіп-тік отырған қалпы қадала қарап. “Маңырақ, Китіңара арасында белгісіз бір жақтан ауып келген қарақалпақтар пайда болып, оларды бес-алтыдан бөліп алты Жұмықтың ішіне Алыбай таратып жібереді. Сол күйі елдің ішіне әлгі Қарақалпақтар сіңіп жұтылып кеткен” деген оның Маңырақтың жоталарын сөз еткен әрбір сөзінен сағыныш есіп тұратын. Осындай әңгіменің арасында Есенқұлдың үш ұлынан кейін ерген екі қыздың бірі, батыр қыз Жәнделі туралы айтқан. Өкінішке қарай Қизатолланың жазғаны өртеніп, көне көздер о дүниелік болып кетті. Алыбайдың ақшиі жөнінде Әлібекұлы Манап 62-жыл жасалған карта барын, картада шығыстағы таулардың сай-саласы ру-тайпалардың атымен жазылып, әрбір жотасына шейін жіліктеп көрсетілгенін айтып келді. Сол жақта жер басқару саласында ұзақ жыл жұмыс атқарған, қазір Астана аграрлық университетінің аға ұстазы Әділбек те растап отыр. Қынжылтатын бір жай карта қолға түспеді.

Өткен тарихты ақтарып Дәржаннан кетіп, ілге тарттық. Үсіген сайында айалдап, арқырап аққан өзенді кешіп, қоршап соғылған қора сияқты шұңқыр ашыға тамсана қарап, Қызыл адырды басып, биік қарашағыл тауға шықтық. Ұзыннан созылған таудың жаратылысы, сайдан құлап аққан бұлақ сыңғыры, жотасы, әрбір қиыршық тасы, қылтанақ шөбіне шейін тарихтан сыр шертеді. Бал дәурен бақытты балалық шақтары өткен жердің әрбір қиыршық тасына тесірейіп қараған ағалар жастық шақтың ізін ойлы көзбен үңіле іздейді. Әкесі Құлыбекті алып кеткен қыстаудың жермен-жексен болып жатқан жұртына баласы Әтекең құлази қарайды. Қыстаудың арқа тұсында аласалау Қаражал таудан Бессала адырының желкесінде сиырқурайдан су мылтық жасап алып атысып ойнаған кездерін сағынышпен еске алысты. Көкадырдан жоғары қораланған тасқораға ұқсас көк иір тас тұр. Сайдың қойын-қонышы жазда жайқалып жап-жасыл болғанда Қожан ауылы қойларын оралтады. Көлдеңдеп ұзыннан ұзақ созылған үлкен тасқора қыздың жиған жүгіндей дерсің. Боран тимейтін ықтасын екені байқалады. Ілгердегі еңселі көктау қойнауында алуан түрлі өсімдіктер, таусарымсақ, шошала самсып өсіп тұр.

Әуелгі тұстан батысқа беттеп Қызылайырық сайындағы Қожандардың шаппалық жеріне келдік. Ирек жолмен биік төбеге шығып едік, қаздиып тұрған қарауыл көрінді. Сол жерден Қожан ұрпағы арғы-бергі бетке өтеді екен. Қарға аттам аралық, 1943 жыл Шыңшысай үкіметі Құлыбек Бұланұлын ұстап алып кеткен жер. Оны Үрімжі түрмесіне апарып, ақын Таңжарық Жолдыұлымен бірге қамайды. Шыңшысай түрмесінде ақынның “Түрме халі” дастанында жырланғанындай Құлыбек Бұланұлының көбесіне ине жүгіртіп, қып-қызыл шоққа табанын бастырып, мың бір азаппен қинап өлтіреді. “Анау, үлкен таудың аңғары Қыстау сай” деді терең күрсінген Әтекемнің ойы онға бөлініп, санасы сан-саққа кетті білем. Жетпісті жоталаған шағында ата-баба жұртына келіп тұрып, әке рухын шарқ ұрып іздеу қандай азап еді. “Әрмен қарай көз ұшында тұрған жүрек секілді алып қаратасты Ұлартас дейді. Онда ұлар өте көп, басқа аң-құстарда аз емес, қасқыр, түлкі, арқар, құлжа, бұғы, марал, бөкен, мәлін сияқты аңдар арғы-бергі бетке өтіп ойнақ салып жүреді, аққоян, суыр, қарсақтар бөктерлеп өріп жүреді” деген Әтекем “Ұлартастың етегіндегі жазықтағы жайылып тік тұрған ақсары түсті кереге тәрізді бөлекті Керегетас дейміз” деді алысқа мұңлы көзін қадап.

Сарқырап аққан өзеннің өзі күйбің тірлікте бір-бірін түсінуге құлықсыз жандардан гөрі өзгеше күйге бөлегендей әсерлі көрінеді. Әлем жұрты Бейжің Олимпиадасын тамашалап жүргенде Текпінің тау-тасын санап, Шандунь провинциясы, Қытай Медициналық Университетінің студенттеріне дәріс оқуды тәмамдап, қала орталығы Жинаннан шеткері жатқан бір таудың қуысындағы Конфуцийдің қорымын экскурсиялап барғанымда Китің өзенің тасып аққан сарқыры, сай-саладағы бұлақтың сыңғыры, таудың жанға жайлы қоңыр самалы естен кетпей қойды. Шандуньның тау жоталарына қиялап салынған жолмен ілбіп басып, қытайдың ойшыл, философы Конфуцийдың туып-өсіп, жерленген жері Цюйфу қаласындағы үлкен қорықта қаз-қатар тізілген тау-тау обаларды әлемнің оншақты елінен келген ғалымдар аралап жүрдік. Қорымды толық көріп шығуға бір күн кетеді. “Қу моланы қызықтап қайтемін” деп құшақ жетпес жуан теректің саясын көлеңкелеп отыра кеткем. “Бұл теректің бес жүз мың жылдық тарихы бар” деді жаныма жетіп келген шынашақтай қытай қыз тақылдап.

Екі күн бұрын Маратбек ағамен тілдесіп сөз байласып алдық. Мидай жазық даланың таспадай асфальттінде әлдилей тербеліп, жапонның жанға жайлы көлігі тойота камридің қақ төрінде шалқалап жатып, мамық жүріспен қалжырап Семей қаласынан өттік. Осынау кең даланы Қабанбай бабамыз ат үстінде жүріп, жар құлағы жастыққа тимей қорғады ғой. Қалба жоталарын артқа тастап, елсiз жазық даланы кезіп келеміз. Семейге дейінгі жолдың қос қапталына алма кезек алмасып жылып ағып жатқан Ертіс бойында Қожан атамыз жерленіпті дейтін сөз естіттік. Біреулер Шорға соғысында қайтыс болды дейді. Қожан 1670 жыл дүниеге келді деген дерек тағы айтылады. Оның балалары Есенқұл, Қабаш, Тілеумет 1710 жылдардың алды-артында дүниеге келді дейік. Осыған қарап, Есенқұлдан туған үш ұл Алыбай, Нұрбай, Жанбай, екі қыздың бірі Жәнделі 1725-1735 жылдар арасын ілгерінді-кейін туған деп шамалап келіп, 1750 жылы сексен күндік Шорға соғысында, Қожан 80 жасқа толды деген логикалық есеп жасап көрдік. Жоңғарлар 1723 жылдың көктемінде қазақ халқына шабуыл жасайды. Сол соғыста әрбір он адамның төртеуі қаза тапқан. Бұл деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы растайды. Қожан 1723-1725 Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы қырғында бар ма, жоқ па? Алакөл мен Итішпес көлінің арасында 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысты деу қисынға келмей тұр. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қасіретінен кейін Бұланты, Білеуті өзендерінің ортасындағы кең жазықта 1727 жылы шайқасып мерт болды десек есебіміз қабыспай қойды. Ертіс бойына жерленді деуімізге еш негіз таба алмадық. Жоңғар соғысына қол басшылық еткен Қаракерей Қабанбай 1735 жылы Шаған шайқасында Қожанұлы Қабаш бауырын ертіп жүреді. Қожанның үш ұлы 1752-1754 жылдары қазақты жоңғарлардан азат ету жорығында соғысқа қатысқаны анық. Осы мезгілде Жәнделі батыр қыздың соғыста мерт болды деуге негіз бар. Осыған қарап Қожан 1670 жылдар шамасында туған деген болжамды нақтылай түскенміз жөн.

Балтабай 1745 жыл дүниеге келгенде әкесі Алыбайда үш мың жылқы болыпты дейді көнекөз қарттар. Балтабай ер жетіп ел-жұртқа иелік етеді. Ол жылқыны 1768 жылы Сауырға қыстатып, сол жылдың жазында Алыбайдың ақшиіне әкеліп жайлайды. Әкесі Алыбай дүниеден озғанда 500 биенің жал-құйырығын күзеп, оны биенің сүтіне илеп Алыбайдың ақшиінде үлкен мазар тұрғызады. Алыбайдың немересі Қонақбайға да мыңдаған жылқы біткен екен. Әдетте құлақ түріп назар салмай қойған дүниенің өкініші көп болады. Көне көз қариялар кеткен соң әлгі өкініш тіптен өрши түседі. Кейде, тыңдай берсең аңыз көп, ыңғай көрсең абыз көп. Райымбек шешен туралы әңгіме өрбітсең “Ордың қарағашы” жөнінде алыпқашпа сөз еселеніп әуелгі құсалы ойды қоздыра берді. Дерек сөзге сенсек, 1723 жылы «ақтабан шұбырынды» болғанда керейлер Алтай, Тарбағатайдан Сырға ауады, одан Орынбор өлкесіне (Орға) қарай өткен. Осы “ордың қарағашы” жайында Сандықтаста жатқан Райымбек жер шекерасын анықтау үшін комиссиялар жиында шекара белгілеу дауына қатысып “Ордың қарағашынан ары орыс шекарасы” деп бекітіп беріп кеткен деседі. Түсінікті, абыз бен аңызды тыңдап едік, адаса бастадык. Осы тәрізді Алыбайдың ақшиі көз алда тұрса да көңілден көшіп, көмескіде қала берген. Қабанбай ауылының түстігі, Қожанның інісі Тәукеден шыққан батыр Шақаман атымен аталатын ауылда Алыбай бір, Алыбай екі қоралары бар, ақшилі шабындық жерден шауып алынған шөп мая-мая боп үйіліп жататын. Еліміз егемендік алған жылдардың басында Қабанбайдың ауылына Алыбайдың ақшиінің бір бұрышын қаратып, “Алыбайдың ақшиі” деген атпен картаға түсіріп хаттаған. Баяғыда атты адам көрінбейтін биік ақшиді Алыбай ауылы жаз жайлап, қыс қыстап жүрген. Етегін қызыл топырақ көмкерген қара шағыл жоталы беткейдің ар жағында “Терісайырық” өзені басқа арнада ағып барып бұрылып Шілікті, Тасбастауға құйылып, содан солтүстіктегі Маңырақ, Тарбағатай арасындағы Сеңгірден қайрылып аққан судың сағасы Алыбайдың ақшиінің арасымен жайылып, Қандысуға қосылып, Қабанбай ауылының шығыс желкесін кесіп өтіп, Зайсанға барып құйылады.

“Жетарал жерім-ай, Сауықшыл елім-ай” – деп Қожан елі әнге қосатын Жетіаралды түстікке тастап, Маңырақтың батыс теріскей тұмсығына өттік.  

Біздің ауыл Маңырақтың бөктерінде елігай,

Ұзақ болды алысқа кеткеніңе елігай....

Шөбі шүйгін, суы бал құтты қоныс Маңырақта жайылған саулық қойдың желімі сыздап, емшегінен сүт ағып көгендегі қозыларға жамырай жүгіретін қасиетіне қарап “Маңырақ” атап кетсе керек. Осынау таулы өңірдің өзендерi дерлiктей тартылып, шөлейттi далаға ұласқан Маңырақ, Тарбағатай арасындағы Шілікті жазығы, шығысындағы Сауыр-Сайқан, Қарасайдағы жер-су аттары; Кәкенталды, Мәсәлім көлі, т.б., атаулар Қожан руымен тығыз байланысты болуы көп жайды аңғартып тұр.

Зайсан көлінен түстікке көз салсаң шығысында Маңырақ, батысындағы Китіңқара (хуйтің – суық, ызғарлы, желді) түйенің қос өркеші іспетті, жиек тұсынан мойынын кекжиткен бураның басы тәрізді Толағай тым тәккәпар көрінеді. Көктемде қар еріп, Еспе өзені тасып, Маңырақ етегіндегі қып-қызыл топырақты жуып-шайып Толағайды айнала Зайсанға құйылатын  қызыл түсті өзенге қарап “қандысу” деп аталып кетуі бөлек әңгіме.

Маңырақтың шығыс тұмсығынан Сауыр Сайқанның ақбастау шыңы қылтияды. Оңтүстігін жағалай Тарбағатай сілеміне жалғаса созылып, бір-біріне ұласқан белес-белес адырлар мен тауларды бетке алып Маңырақ теріскейінен Айдағарлының аузына құлдилап келгенде мысық мұрт бетеге шыжыған күннің көзіне қақталып сарғайып жатты. Көне тарихты қойнауына бүккен Маңырақ, Сауыр, Тарбағатай жоталарын түйістіріп тұрған Зайсанды орыстың Петр І бекініс салатын шығыс қақпасы ретінде 1739 жыл назарға алады. Оның арманы 1860 жыл орындалып Зайсаның іргесі қаланады. “Зайсаным, жиылған жақсы-жайсаңым” дегендей В.З.Галиектің мына бір жазбасына көз салайық. “Ұлтты оятқан кітабы”-нан Ғұсман Жандыбаев жасаған аудармада Міржақып: “1904 жылы Семей облысының қытай шекарасына таяу дерлiк Зайсан уезiндегi ауылдық мектептердiң бiрiне ауыстырылдым, мұнда 1907 жылға дейiн қызмет еттiм”. Ол жолға шыққанда 23 мамыр күнi Абай дүниеден өтеді. Мiржақып Абайдың асына барғысы келген. Қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай Құнанбаевпен Е.Михаэлис дос болған. Абай 1893 жылы Михаэлистiң үйiнде бiрер күн қонақта болғаны айтылады. Олардың достығы Абай қайтыс болғанға дейiн, 20 жылға жалғасқан. Евгений Михаэлис 1861 жылы күзде Петербургте студенттiк толқуларда Щелгуновтың “Жас ұрпаққа” үндеу қағазын таратқаннан кейін Петрозаводскiге жер аударуға жiберiледі. Ол 1867 жылы Iле Алатауы өлкесiне сұранады. Бір мезет Зайсанда пристав және судья болып жұмыс iстеген. Мiржақып Дулатұлы Зайсанда болған кезiнде ол жөнiнде естiп-бiлiп, онымен кездесуі мүмкiн. Оқырман Зайсанға жиылған жақсы-жайсаңдардың не қатысы бар деп ойлауы мүмкін. Біз бұны Жәнделі батыр қыздың тарихын аша түсу үшін айтып ормыз. Шайқаста қайтқан Жәнделі Абайдан небары төрт-ақ жас үлкен. Біздің қаламға ілініп отырған тұлғалардың тіпті Абай, Шәкерім және ұлы ақынның шәкірттерінің назарына батыр қыз қалай ілікпей қалды деген заңды сұрақ туындайды.  

Қазақ жерінің иелігі қытай мен ресей арасында 1861 жылы қазан айында Шәушек қаласында қол қойылып бекітілгенін ескере келіп, одан бұрын Керейлер қытайлармен аралас тұруы себепті гуң, көп қауіп жоқ алыстағы арғын билеушісіне хан атағын, шекерада тұрғандықтан Найман билеушісіне уаң лауазым атын берген білдік. Бұл кезде Төртуыл ұрпақтары Қара Ертістің екі жағасын мекендеген бір болыс ел еді. Олардың бір старшыны Ертістің оң жағын, қалған 8 старшыны сол жағын, оңтүстігі Зайсан бекінесіне дейін Қаратал, Сарыбұлақ, Қарабұлақ, Ақарал өзендерінің бойында Жеменей, Көкжоталарда жүрген. Ендеше, Сауыр, Алтайды мекен еткен Төртуылдар Маңыраққа дейін ортада жатқан Керейлерді атап, Санияз төрелерден секіріп өтіп, 18 жастағы қызы Қожанның жері Маңырақ сайын жаулардан қорғап соғысты деу шындыққа жанаспайды. Батыр қызға арнап ескерткіш қойып жатқанда Қожан ұрпақтары қайда қарап отырды деген ой да жоқ емес. Жалпақ жұрт комунист тұсында “Ресторан” атап кеткен сайдың тарихи есімі ел ішінде естіле бастағанда, оған ие де табыла кеткен. Қазір кім батыр, кім жақсы, соны иелеп ала қоятын пысықайлар көп. Тарихта болған батыр қыз Жәнделіден тұлға жасап, өзімізді зор тұтып, біреуді қор қылу ниетіміз жоқ, біздің мақсат жазылмай қалған шындық жайды тылсым табиғат тілімен сөйлету. “Сайдың тар шатқалында Жәнделі қыз бастаған қазақтар күні бұрын домалататын тастарға дейін әзірлеп, екі жақтан садақ оғын қарша боратып қарсы алған”. Дәл осы жерден жаулардың өтетінін күні бұрын қалай біліп қойды деген қисынды сауал туады. Мейілі, ұзын құлақтан естіп білді дейік. Байжігіттің туын дарабоз Қабанбайға ұстатып, немересі Қабашты қолынан жетектетіп жіберген Жұмықтың қайысқан қалың қол сардарлары өз жұртын тастап қайда кеткен? Еркек кіндіктің бәрі соғыста, ауылда әйелдер мен балалар қалған десек, Жәнделі соғысқан 1867 жылы қазақ даласында қанды қырғын үлкен соғыс өткерген тарихта жоқ. Сондай-ақ Маңырақтың күнгейі мен теріскейін, сай-саласын ақтабан шұбырынды кезінде алты Жұмықтың баласы ата қонысын көзінің қарашығындай қорғап жүрді. Сонымен бірге Маңырақ аспан тіреп тұрған асу бермес биік тау емес. Жазылған жайдың желісіне сенсек, “Сайдың алды бекітілген. Ұзын найзалы (6 м-ге дейін жеткен) манчжурлар тар сайда ешқандай айла жасай алмай, бір-біріне соқтығып жеңіліске ұшыраған” дейді автор. Cай ішінде тұрып шалқайып қарасаң басыңдағы тымақ домалап түсетіндей терең шатқал дей алмайсың, жаулар сайға кіріп қамалмай-ақ таудың кез келген тұсынан өрлей жоталап өте беруге болады. Өзін өлімге байлап, ажалға асығатын жау соншалық ақымақ болмас. Батыр қыздың соғысын тарихшы Ахмет Тоқтабай 1867 жылды көрсете келіп, “қызылаяқтар (манчжурлар алысқа жаяу жүруге шыдау үшін аяқтарын қызыл матамен таңып тастайтын болған, бір жағынан әскери белгісі болған, жез айылмен, ұзын найзамен қаруланған, офицерлері ғана атқа мінген” деп сипаттайды. Осы жерде қызыл-сары түстер туралы тоқталуға тура келіп тұр. Жердің символдық түсі сары – “хуан” ұлы, керемет деген мағынада болып “хуанди”  орталық мемлекет билеушілерін императорларын білдіреді. Қызыл түс – отың символдық түсі болып асқан айлакер жауынгерлікті бейнелейді. Жәнделі соғысты деп көрсетіп отырған мезгілде, батыс еуропа елдерінің бірнеше жыл қытайға жүргізген “апиын” соғысынан кейін ағылшын-француз әскерлері 1856-1860 жылдары екінші “апиын” соғысын бастап, 1860 жыл Тяньцзинь, Пекинді басып алады. Цин өкіметі 19 ғасырдың бас шенінде Іле, Тарбағатай аймақтарына жергілікті қазақ руларының қоныстарына сұқтана берген соң Қожанұлы Алыбай бастаған Қазақтар аяқтарын қызыл шүберекпен орап алған әскерлерін Алтайға қарай қуып ығыстырады. Осы “қызыл аяқтар” 1867-1868 жыл Алтайдағы Ажы төреге қатер төндіріп шабуға кіріседі. Ертіс пен Сауырда отырған қазақтарды 1869 жылдың көктемінде тонауға көшеді. Содан соң Керейдің батырлары қызыл аяқтарға күйрете соққы беріп, Алтайдан Қобдаға асырып жібереді. Бұл оқиға халық жадында “қызыл аяқ” шапқыншылығы деген атпен қалды. Ал, Маңырақ тауындағы Шілікті мен Зайсанға баратын «Қызылаяқтың қырғыны» деп аталып жүрген жердің Жәнделі қызбен еш қатысы жоқ. Маньчжурлар туралы құжаттарға келсек, шығыс шекарадағы қазақтардың іс-қимылы, депломатиялық әрекеттері, Цинь батшалғының шекераға қатысты саясаты 1750-1820 жылдарда дейінгі қытай архивтері бойынша зерттеліп, 1820 жылдардан кейінгі деректер ресейдің архивіндегі тарих бойынша зерттеліп жүр.

Осы орайда «...біздің елден шыққан он сегіз жасар Жәнделі есімді батыр қыз қол жинап, жауды осы шатқалдың екі жақ биігінен тосып алыпты. Саны көп, қару-жарағы басым қызылаяқтарды таудан домалатқан кесек тастармен қырып салыпты....Маңырақ тауынан басталып, Зайсан көліне дейін созылған сайды халық осы күнге дейін «Жәнделі сайы» немесе “Қызылаяқтың қырғыны” деп атайды» деп жазды А. Тоқтабай. Қызыл аяқ шапқыншылығы  кезінде қарулы қақтығыста от қару пайдалынған ескермей кетсе керек.

“Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі” тақырыбы арқылы докторлық диссертация қорғаған Кәмен “Жұмық батыр” хикаясында бас кейіпкерлердің бірі Қожанұлы Қабаш биік шоқыда отырып, “Шүршіт қырылған” деп кейін келе “Шүршітсу” аталып кеткенін баяндайтын тұс бар. Бала кезімде тоқсандағы абыз ақсақалдар айтып отыратын. Сол кездегі жас-шамасына қарап 1890 жылдардың төлі, олардың әке-шешесі 1867 жыл соғысып жүріп шаһит болған Жәнделі қыздың дәуірінде 6-7 балалар. Сол көне көздер 1867 жылғы қызылаяқтармен соғысқан Жәнжделі жөнінде қалайша айтпай кеткен? Жұмыққызы Данаби қыздар жасағын құрған. Оған сіңілі Жәнделі жасақ құрамында болмаса да Данаби апкесіне еліктеп өскені сөзсіз.

Қазақтың 1863 жылы туған тағы бір зиялы Ноғайбай Сәрсенбайұлы Жетпiсбаев 1879 жылы 4-Батыс Сiбiр батальонына подпрапорщик шенiмен барады. Ол “1882-1883 жылдары Зайсан шекара бекетiнен 60 шақырымдай қашықтықта орналасқан Кааб шатқалындағы Зайсан гарнизонында қызмет еткен кезiмде, мен бiздiң қытай­мен шекара бойындағы мерзiмi жетiп iстен шыққан және осы маңда көшiп-қонып жүретiн керей, торғауыт, жағанкепек руларының адамдары қиратып бүлдiрген шекара белгiлерiн тексеретiнмiн” деп күнделігінде жазады. Ол жастайынан көне жәдiгерге қызыққанын, аңыз-әңгiмелер жинауға ден қойғанын еске айтады. Осындай сергек ойлы адамның 1867-жылғы батыр қыз жөнінде жазбай кетуі, Зайсанға келген Мiржақып Дулатұлымен кездеспеуі мүмкін емес. Оғайбай Сүлейменұлына келсек, ол 1855 жылы туылған. Ақын “Гүліндей жауқазындай нәзік жүзді, Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды. Азаттықтың аққуы – Жәнделінің, Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі” деп жырлаған ақын бала жасында жанарынан айырылып зағип күн кешеді. Бұл күнде тасқа қашап жазған сөзіңе ие бола алмай жүргенде, ел арасында ауызша тараған өлеңді кімдер қорасына қарай айдап кіргізіп алмайды дейсің. Оның үстіне су қараңқы соқыр ақынның бір шумақ өлеңімен батыр қыздың тарихи тұлғасын тіктеп тұрғызу жалаутату тіптен қисынға келмейді. Бірақ, тарихшы Ахмет Тоқтабай “..Зайсан көліне қарай сайды Жәнделі маңдайлы, оң қанат, сол қанат әскерімен садақ оғын қарша боратып, тасты домалатып соғысқан. Оны төртуыл руынан дейді” деп көсіледі.

Осы тұстан Қожанға қайта оралайық. “Қожан 1718 жылы Аягөз өзені бойында қазақ-қалмақ шайқасында қаза болған” деп тарих ғылымдарының профессоры Кәмен Мамырұлы жазыпты. Қожан 1670 жыл туған деген әуелгі межеге жақындатты. Онда Қожан 48 жасында қайтыс болған болып шығады. Қабашты 15 жасынан бастап Қабанбай өз қасына ертіп тіке тәрбиесіне алады. Дарабоз қолбасшыға Жұмық арнайы аманаттап Қабашты тапсырғанда, оған Бәйжігіттің туын ұстатып, “Қаракерей Қабанбай” деп ұрандатқан. Атақты қолбасшы 1770 жыл 78 жасында қайтқан, 1692 жыл туған. Қабанбайдың әкесі Қожақұл мен Қожан немерелес, Қожанұлы Есенқұл Қабанбаймен шөберелес туыс, екеуі де Байжігіттің шөбересі. Есенқұлұлы Алыбай 1725 жылдарда дүниеге келген. Жоңғарлар 1718 жыл Жетісуға басып кіріп, одан әрі Арыс, Бөген, Шаянда жойқын соғыстар жүргізеді. Бұл соғыс өрті Аягөз жаққа жетпегендіктен Қожан соғысқа қатысқан жоқ. Ендеше, дәл сол жыл Аякөзде қандай соғыс болды? Аягөз өзені бойында 1717 жылы үш күндік шайқаста орта жүздің ханы Қайып хан мен сұлтан Абылайдың өзара келісе алмауы кесірінен қазақ жасағы ойсырай жеңіледі. Осыған қарағанда Қожан 1718 жыл емес, 1717 жылы қайтқан. Бұл жерде Кәмен бір жыл есептен жаңылды, әлде шалыс кетіп қате жазып алды. Әсілі, Қожан 1717 жылы 47 жасында қайтыс болған. Бір жылдың ары-берісі оқа емес. Осы соғыста Қабанбай немере әкесі Қожанның мәйтін Маңыраққа жеткізеді. Содан бірер жылдан соң Жұмықтың батыр ұлдарымен бірге жалғыз қызы Данабике найзаның темір ұшын алып тастап, ұзын қатқан қайын сапты тоқал найзасын үйіре шайқас шебіне ұрандап кіріп әкесін жау қоршауынан суырып алып шыққан ерлігі тарихта қалады.

Жұмықтың інілері Мәмбет пен Тоғас ерте қайтыс болып, әкесі Мәмбеттен жастай айырылған Қабанбай енді Жұмықтың әкелік ақылын арқа тұтады. Жұмық Байжігіт руының туын ұстап, сөзін сөйлейтін болғандықтан Қабанбайдың тәрбиесіне айырықша көңіл бөлген. Қабанбай немере әкесі Жұмықты ерекше силап өткен. Аягөз шайқасында мерт болған Қожанды Маңыраққа алып келіп жерлеген Қабанбай батыр. Оның ұлттық рухын, намысшыл қасиетін Жұмық жоғары бағалайтын. Байжігіт руының туын тапсырып, “Күллі қазаққа Қаракерей Қабанбай атап, ұранымыз Қабанбай болсын!” деген Жұмық еді. Дарабоз батыр Қабанбай көкесі Қожанның балалары Есенқұл, Қабаш, Тілеуметтерді ең сенімді серігі ретінде қасынан тастамай ертіп жүрген. Осы інілерімен бірге 1735 жылы Шаған шайқасында ақбоз атымен жау әскеріне баса-көктеп кіріп, жеңіспен оралғанда Абылай хан: «Батыр! Сен – менің қайтуды білмейтін алмас қылышымсың. Сен бүгін өзіңді өшпес даңққа бөледің. Бүгіннен бастап сенің атың бүкіл қазақтың жауға қарсы күресіндегі ұранына айналады. Саған енді – Дарабоз (теңдесі жоқ, бірінші) деген жаңа есім беремін», – дейді. Қолбасшы ағасына ерген Есенқұл мен Қабаш 1752–1754 жылдары қазақ әскерлерінің қатарында соғысып, жоңғарларды Тарбағатай жотасының оңтүстігі мен солтүстігінен тықсыра қуып, Балқаш, Іле және Қаратал өзені бойындағы жоңғарларды ығыстырды. Оңтүстік жасақтың қолбасшысы Қабанбай батыр, Қаракөл, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты жоңғарлардан босатып, солтүстік жасақ Бөгенбай батыр әскерімен кездеседі. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақтағы шайқастан кейін, Зайсан, Марқакөл, Күршім жерлері азат етіледі. Есенқұл мен Қабаш Қабанбаймен бірге 1750 жылы сексен күндік Шорға соғысында қазақ-қалмақтан он мыңдаған жауынгер жан алысқан ұрысқа қатысады. Шорға шайқасының нәтижесінде жоңғарға қараған Тарбағатай өңірін қазақтар иемденді. Тарих беттерінде Қабанбайдың ең адал серіктері болып соғыста ылғи бірге жүрген жақын туыс інілері Есенқұл, Қабаш, Тілеумет көп айтылмайды. Бұл жайдан сөз қозғасақ, Шәйбек ханнан тараған Тоқтарқожа тарихы да еске оралады. О жағын қазбаламай-ақ қояйық. Сонда да Зардыхан Қинаятұлының мынадай қызықты жазбаға көз қырын саламай кету тіптен қиын. «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» деген көлемді еңбегінің алғы сөзінде автор “тек руы Найман болғаны үшін ұсталып атылды” деп жазады. Осы секілді Қожан ұрпақтарынан тараған бай-манап, би-шешен, батыр, тіпті бертін келе шекара, әртүрлі органда қызымет істеген азаматтар өз руынан өзге руға сіңіп арғы тегін ұмытып кеткендер көп болған. Оның бірден -бір себебі шежірелік тарихын жасырып, әулетін аман сақтап қалу. Бұндай жағдай Қожандардың арғы тарихы мен қауіпті аймақ шекарада тұруымен тығыз байланысты болса керек. Осыған қарап, Қожан ұрпақтары батыр қыз Жәнделіден ерікті түрде бас тартқан дейтін ой мазалай  береді.

«Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» кітабында: «Чиң патшасы Цянь Лунь 1757 жылғы жарлығымен Қазақ ханы Абылайдың хандық билігін мойындап, екі ел арасында дипломатикалық, сауда-саттық қарым-қатынастарын жолға қоя бастайды. Бірақ қазақтардың шығыстағы атамекеніне көшіп баруына жол бермеу үшін шекара шебін одан ары күшейте түседі» дей келе «1758 жылы ақпан айында шүршіт (маньчжурия) тілінде “Қазақ тайпаларындағы отбасының саны туралы Қаракерей Байжігіт найманның 10.000 отбасы, Қабанбай батырдың билігінде;” деген деректі келтіреді. Қожан және балаларының Қабанбаймен бірге туысып соғыста бірге жүрген қиын-қыстау дәуірін сараптау барысында өмірде бар-жоғы белгісіз батырлардың Қабанбай қасынан табылатыны таң қалдырды. «Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бірдей» депті неміс ғалымы Людвиг Фейербах. Баба жұртқа тамыр тартып, қан жүгіртпес бұрын, жадырап күні шығып тұратын Тарбағатай, Маңырақты бағзыдан мекен еткен Бәйжігіттің ғана емес иісі қазақтың дарабоз, қас батыр һам қазақтың бас қолбасышысы, Қатаған ханның жиені Қабанбайдың қасында інілері Есенқұл, Қабаш өмірінің соңына дейін бірге болғанын сөз еттік. Тарихқа шегініс жасап үңілгенде өне-бойымыз шымырлап күйзеліске де түстік. Сондай бір ауыр жағдай Қизатолланың інісі Манап екеуміз “КАРЛАГ”-қа барғанымызда қатты сезілген еді. Көлденең көкаттының көзіне түсе бермейтін ойпат ой жер, қоянжон дөңестерге шығып, құм-тасын санап қарадық. Бейіттен еш белгі жоқ. Қолдағы бір жапырақ қағазда бейттің қай қатарында, нешінші нөміріне шейін түп-түгел тәпіштеп тап-тұйнақтап жазылған. Жергілікті қарияның тұспалымен төбешікте отырып құран оқыттық. Құдайға жол кең. Запыран жұтқан зар заманды еске алып алақан жайып, оқыған дұғаны көңілге медет еттік.

Қабанбай ауылының желке тұсы, Қандысу өзенінен өтіп, Маңырақтың теріскей тұмсығын қиып, Кидіңқараның желкесінен Алыбайдың ақшиіне көз салып, сағымдай мұнар тартқан даладан қазақтың қайсарлығын, ерлігін елестетіп Шіліктіге келдік. Кілем төсеп қойған тәрізді, Маңырақ, Тарбағатай арасында футбол алаңындай дөңгеленген жазық алқап Шіліктінің қойнауына көз салғанда, “Алтын-қазынаға толы құт мекеніміз!” дегенде кеудемізді мақтаныш кернеді. Елпек мінезді Маратбек аға жер-су аттарын таныстырып жүр. Шілікті обаларынан табылған алтын адам ежелгі ата-бабаларымыз сақтар дәуіріне тән патшалар екенін айтқанда, 2008 жыл Конфуций обасын аралаған кез еске түсті. Сауыр жотасының солтүстігіндегі  ұсақ бұлақтардан құралған Қандысу – Шорға-Ертіс алабындағы өзен, жоғарғы Еміл өзендері бөліп жатыр. Жаудан үркіп Қалбаға қарай қашқан ел ағыны қатты өзеннен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді. Содан «Қандысу» аты қалған деген аңызды естітті Маратбек ақсақал.

Әлихан Бөкейхан: «Карл Риттердің «Азия» деген кітабына, бұл өлке бұрынғы уақыттағы көл асты болған деп түсіндереді. Шілікті өлкесінің ащылы жері жоғалған көлден қалған, көл суы тартылған соң, мұндағы тұз қаңсып жер ащы болған. Егін шаруашылық қол емес, бірақ мал бағуға жайлы жер. Сондай-ақ бұл өлкені мекендеп келе жатқан Байжігіттен тараған Қабанбай батыр мен Дәулетбай батыр сияқты атақты адамдардың шығуы себепті наймандар арасында ең құрметті және қасиетті жер болып саналады.

Зайсанның  iргесi 1860 жылы қалана бастап, 1868 жылы алғашқы үйлер салынды. Зайсан елдi мекенiнде әскерилердi қосқанда 163 үй, 2 мың тұрғын болды, 1884 жылдан пошта мен телеграф жұмыс істей бастады. Осы өңірде Археолог Черников 1949 жыл қазба жұмыстарын бастап, 1960-1962 жылдары және одан кейін де жалғасты қазып зерттеді. Көп жылғы жұмыстарының ең тамаша нәтижесі – 1960 жылы қазған "Шіліктінің алтын қорғаны болды".

Кергентастың кең сайында әртүрлі бүршік атқан жап-жасыл шөптің алуан түсті бояуы, қып-қызыл шоқ гүл шашқан табиғатқа еріксіз елітесің. Қарасайдың бір бүйірінде Маңырақ жалғасып тұр. Үшқұлыстай үш қамыс. Қамыстыкөл оңтүстікке барғанда Үшбұлақ сияқты көп бұлақтан құралады. Таудың беткейлері көлбеу тартып бірте-бірте аласарып барып етегі жазыққа ұласатын маңда Асан Қайғы жерленген деген аңыз айтылады.

Сайқан ежелгі Түрік тілінде құйырық, аттың сауырына тістесіп тұрған құйырық секілді, екі бөлінген оң-сол арқа, оның сол арқа тауларына жатады. Тарбақ тау, кейде барқыт бел деп те аталады. Барқытбел қазақша, Тарбағатай моңғолша тарибиған, суырлы деген сөз. Есенқұлқызы Жәнделі жөнінде қилы хикаят айтылды. Есенқұлдан үш ұл, бір қыз. Қожанның қыстаулық жайлаулы болған жерінде өзге рулар неге жүр деген сұрақтар туындады.

Әтекеңдермен бірге қытай жағынан шекараны аралағанда Қотанашы-Қожыр, Тарбағатай жалы Шығысайырық, Қасқайырықтан өтіп, Көкмойнақ, Арқанқалды Көкжайлау, Қожырдың артынан мойнақты асқан сәттердегі әсер Жәнделі сайынан шыға келгенде, сол қапталда Қарасай, алды мидай жазық, одан ары жарыла ашылған аласа адыртаудың екі тұмсығы Терісайырық көрінгенде көп дүние көзге көлбеп, еске түскен. Шорбастың батысы Бұрымбет, Бұтабайдың күн шығысында Әбішбұлақ, Қайыңдысай, Какенталды, оңтүстігінде шаппалық жазық қайқаң қытаймен шекаралас жатыр. Баймұрзадан ары Алыбай баласы Адырбайдан өтіп Мәсәлімнің көлі, ашық жерді Желдіден Алыбайдың бораны Қарасайдан шығып жылы лебі соғып Семейге жете күн жылынып кетеді екен. Осы жел Кәкенталдыны орай батысқа қарай соқса күн суытады. Үйдененің өзені Шағаноба заставасына жақын жерде тұр. Тауды бөктерлеп Шағаноба заставасынан өтіп қайқаңқа тарттық. Егемендік алғаннан кейін құрылған комсомал шекара заставасы Қайқаңнан бөлініп жатыр. Мемлекеттік шекара бекетіннен арнайы әскери көлікпен майор алып өтті. Шекараға тартылған тор сымның түбінде түскен ізді анықтау үшін төрт-бес метр кеңдікте екі трактор жағалай жыртып жүр, қалт кетіп торға тиген қимыл орталық апаратқа жетеді, тіпті малшылар жайған малын көзден таса етпей жаяды. Жоғары иық тұс Сауыр-Сайқан, Алтынқазған, Үшбұлақ, Тоқжайлау, жота төбесінен Текпі көрінеді. Қарасай жақтағы Үйдененің есігі, Тарбағатай сілемі Маңырақ, Сауырға тірелген ашық жерді “есік” дейді. Дәл осы сияқты үш есік бар. Сол есіктерге қаратып дала философы Асанқайғы: “Шіркін, Шіліктінің төрт жағында төрт есік болғанда Шілікті жазығы ұжымаққа айналар еді” деп айтқан екен. Сай-саланың бұлақ бастаулары жиналып Тасбастауға құйылады. Шілікті халқының жартысы кезінде қарағайлыдан тартылған шекара тор сымның екі жағында бөлініп жататын. Арлы-берлі кіріп-шығудың өзі әңгіме болатын. О кезде Маратбек ағаның көктемде Мұздыбұлаққа әкелген төлді қабылдайтын. Жұмық елі 28-38 жылдары қытайға қашып бара жатқан бір топ адамды қызыл әскер қынадай қырып салады, баласын емізіп отырған әйелді де атып тастайды, сол жер “Көртөбе” аталып кеткен екен. Зәкидің немересінің атындағы застава қызыметкері негізінен Қабаш ұрпақтары, Зайсандағы соттар мен прокурорда да Қабаштар істеген, түрме қызметкерлеріде солардан болған. Олардың қытайға өтпей қалып қоюының бірден бір себебі айналысқан жұмыстарымен байланысты болса керек. Маратбектің атасы Сүлеймен арқылы Қожандар туыстарына сәлем жеткізіп тұрған. Қабаштар көптеген Қожан баласының аман қалуына үлес қосқан. Шағанобада күзуін заставасында заготовка скота өткізілетін. Осындай еркін өмір кешкен қазақтар комунисттерге ұнамаса керек, Зайсанның үлкен-кіші екі Қараталға қарай Қабаштарды көшіреді.

Осындай көші-қон қытай жақтағы Текпі тауындағы Қожандарға да жүргізілген. Оларды 1962 жылы қытай үкіметі “қытай шекарасы түбінде Қазақтың қоныстануына  мүлде болмайды” деген сылтаумен шекарадан 70 шақырым шығысқа қарай шегіндіріп әзіргі тұрып жатқан Алтынбұлаққа көшіріп әкелген. Сонда Әтекеңдер ат жалын тартып мінген боз балалар еді. Жұмаш қылшылдаған қырқында 1986 жылы өзі бастап Әтекең мен Төкеңнің кеңесімен Қожан елін ата-жұрты Текпіге қарай қайыра көшірнеді. Сол жыл көктемде қатын-қалаш, бала-шаға ауылда қалып, азаматтар Текпіде ала-жаздай мал бағып, егін салады. Бір қызығы жергілікті және одан жоғары биліктегілердің бәрі көріп, біліп отырса да ешбірі жақ ашпайды, тек күзгі жиым-терім біткен соң халықты бұрынғы ауылына кері қайтарады. Сол жылдың соңында Алматыда көтеріліс болғанын азаттық радиосынан естідік. Соның алдында әкемнің ағасының “арғы беттегі” үлкен қызынан алғаш рет хат келіп ағайын-туыстар мәре-сәре болып қалған едік. Ол кісі 1962 жылы шекара асқан 200 мыңдай қазақтың бірі болып “арғы бетке” өтіп кеткен.

Сайды сағалап Шағаноба заставасына келгенде екі жақтан мал, шай-шалаң сияқты әртүрлі сауда жасалатын шекара орны Баймырзадан жоғары жерде Чук-Чан заставасы көрінді. “Табақсай” Кергентас тұрған жер екен. Кергентас суы, Кепе тауы, ар жағында Мәсәлім көлі, Көктекшеден өткен соң Алтынқазған, Тоқжайлау. Мәсәлім көліне дейін өрісте кезінде 60-70 мың қой жайылып симай жататын дейді. Қаз-қатар тіп-тік тізілген тастың шығыс жақ басында аруақ жерленген қорымның орны байқалады. Бие байлап сауу үшін желібауды керіп тартуға арнап қойылған тас деген жорамал сөз естітіп қалдық. Енді бірде, Моңғолдар қайтыс болған адамды өгіз не түйеге артып қоршалған қораға қамап қояды, оның етін ит-құс жеп кеткен соң сүйегін алып кетеді дейтін тұспал тұжырым айтылды. Бұл екі вариант та ел ауызында жүрген аңызбен қабыспайды. Бұдан басқа тағы бір аңызда, қалмақ батыры Шабан соңынан қазақтар қуып, бірі садақ тартып оқ тигізгені айтылады. Шабан батырдың мықты жүйрігінен құламай, біраз уақыт қаңсырап шапқандығы, қаны тамған жерге қалмақтардың бір-бір тас кашап қойғандығы, батыр құлаған жерге қорым тас үйгендігі туралы әңгіме болды. Найман таңбасы таста анық көрінеді. Сол жазуға жөнінде көп талас болды, біреуі орхон-енесей жазуы десе, енді біреулер Найман жазуына ұқсатып жатты. «Найман» монғол-тунгусша «сегіз» дегенді білдіреді. «Ұйғыр жазу» деп жүрген жазу «Найман жазуы» болып шықты. Найман жазуы арқылы моңғолдар өздерінің әдеби тілімен мәдени тілінде әлі күнге дейін қолданып жүргенін әлем тарихшылары дәлелдеді. Осы жерде Мұхтар Мағауин сөзін алдыға тартайын: “Қазақ көркем әдебиет тілінің тарихы орыс әдебиет тілі тарихынан да, ағылшын әдебиет тарихынан да арыда. Орхон-Енисей жазбасын қараңыз. Біздің қазақ тілінің қазіргі жазу үлгісі орыстың XII ғасырдағы “Игорь полкы туралы жыр” жалғыз шығармасын қазіргі орыс түсінбейді ғой аудармасыз. Ал бізде V-VIII ғасырларда тасқа қашалған ғажайып мұралармыз бар. Күлтегінің, Білге Қағанның, Тоныкөктің басындағы жазу. Еуропада жоқ ондай ескерткіш мәдениет”.

“Тұмсықтағы қақтың бетіне егілген арпа жаңбырмен шығады, өскенде басы жығылып қалады, жерде қалған дәнінің өзінен келесі жылы тағы көктеп шығып басын көтере алмай жатады. Екі жақтағы жалпақ жұрт Тамдайырық, бір жағы Қарағайлыға, келесісі Шілдебайға кетеді, күн шығысындағы атты адам әрең жүретін тік сай Аршалы, ол тіке жылы сайға барады. Одан әрмен Кергентастың күн шығысындағы Көктекше заставасының бергі жағы Тасты өзеніне қарсы үлкен биік Кеңбұлақ, үлкен-кіші Сарымсақты арасы Көктекше заставасының шығысын ала орналасқан үлкен Сарымсақтыдан тік Дабансала, батысқа қарай Ақобаға, одан ары қытай шекарасы жалғасып жатыр” деп түйіндеп тоқтаған Маратбек ақсақал “О жерде 1700 жылдар ағылшындар келіп алтын қазыпты, сол үшін Алтынқазған аталып кеткен” деді сөзін соңын жалғап қойды.

Жағасын қалың тал көмкеріп, балығы тайдай тулаған Кергентастағы өзенге Қарағайлыдан бір жарым құлақ, Шілдебайдан екі құлақтай келіп үш құлақтай су қосылады. Шағаноба суы, Қарағайлының бұлағы, Кергентастың өзені түгел Көртөбеге барып сіңіп кетеді де, Шіліктінің сазындағы Қайшыдан шығады, қалың бұлақ қайшыласып ағып жатқан соң “Қайшы” аталып кеткен. Сол жерден ары он-он бес бұлақ құралып Серуенге құйылып, Қандысуға қосылады. Қанды су Шорғамен бірге Зайсан көліне құйылады. Сазда сорты кішкентай ұсақ талдар ешқашан биіктеп өспейтін ырғай тұқымдас шіліктерге қарап Шілікті аталған. Аршалыдан түскенде оң қапталдағы Тасбастау ауылы, суы тастай суық болған соң солай аталса керек деп ойлап қалмауымыз керек, ауылдың аяғын ала таспен өрілген бастаудың бұлақ суы таза болу үшін қаланған. Ақсақал Алтын адам шыққан оба Бәйге төбенің қасындағы ауыл Тасбастау арасында атты кісі көрінбейтін Жалшиді айтқанда, Маңырақтың батыс тұмсығындағы Алыбайдың ақшиі, Текпідегі Ауызши, Алтынбұлақтағы Жиекши бәрі бір меридиан сызығын бойлап жатқанын түсіндік. Дәл сол сызықта Китіңқара мен Китің өзені де жатыр. Осыған орай Шілікті жазығы мен қытайдағы Қарамай да бір меридиан сызығын бойлап жатқана қарап еріксіз таң қаласың. Ендеше, Шіліктінің асты толған газ-мұнай кеніш болуы бек мүмкін. Шіліктіден шығысқа түзу созылған меридиан сызығын бойлатсақ Семізтайдың күнгейіндегі бұрғылап мұнай атқылап жатқан Қарамайға барып тіреледі. Жағырапиялық атыласта Шілікті, Маңырақ тауының терістігі мен түстігінің қойнауы толған мұнай деген сөз.

Шілдебайдың суы терең қия жарда сарқырап ағып жатыр. Бүгіп, исеңде үзіліп не сынбай, қайыстай созылып шыбығы мол Шарбаққораны көрдік. Алдыда жалпақ жұрт Қарағайлының суы жатты. Бесті айғырдың сідігі шаптырым жердегі тұмсыққа машина өте алмай қойды. Шылбыр тастам жерде тұрған Шілдебайдың шоқысы шекара сызығын сызып жер бөлгенде қытайға өтіп кеткен екен. Білектің күші, найзаның ұшымен сақтап қалған ата-жұрт, бұл күнде қақ айырылып жат қолында жатыр.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет шекарашылардың жағдайына дұрыстап көңіл бөле алмаған соң салдаттар қиын күнде өздері нан пісіріп, шекара күзетеді. Сол кезде сауыншылардан сүт тасығыштар арқылы шекарашыларға күнделік 5-10 литр сүтті Маратбек аға беріп отырған. Қазір тамақ тоқ, киім жылы, мінген көлік тау-тасты талғамай тастан-тасқа секіріп жүре береді.

Еліктер бүргенің арасында күн ыстықта жатып, тәңертең-кеш салқында өріске шығады. Ауыз қарағайда аю жүреді. Алтай мирабас пен Еділбаймен будандастырған қора-қора қойлар сайда жайлып жатыр.

Тарбағатай тауынан асып Маңыраққа қарай соғатын жел қыста түскен қарды ашып, мал тебініне жайлы тиетін көрінеді, бұл кезде жұрт “Тарбағатай соғып тұр” дейді. Бұл желдің ұшқыны Шіліктіге бармай Маңыраққа тіреліп Қанды суды бойлап, Обала кезеңінен өтіп, Жетіаралды басып, Зайсан көліне жетеді. Желді қараның биігінің үстінен өтіп “Күзуінің желі” Какентал, Жалшиді кесіп, Қанды суды бойлап, Обала кезеңінен өтеді. Тарбағатай желі мен Күзуін желі қатар соққан кезде қарды сай-салаға нығап тастайды. Ондай кезде Күзуін желі күшейіп, Тарбағатай желін алып кетеді. О да малға жайлы тиеді. “Қоңыр тауда қой бағып әнге салдым Елігай, Құлағыңа жел болып жетпеді ме Елігай” деген өлең жолдары сол желді еске салып тұрса керек. Шағаноба, Баймырза, Шілікті басып Қандысуды бойлап кететін “Қарасайдың желі” малға жайлы екенін бала жасынан табиғатпен тілдесіп өскен Тілеуғазы аға, “Қарасай соқса малыңды жайла, Күзуін соқса күрегіңді сайла” деп мәтелдетті. “Қарасайдың құтты желі қашан соғады” деп жергілікті халық күтетін көрінеді. Қарасай соққанда ескінің адамдары “Қарасай соғыпты” деп қуанады екен. “Қарасай соқса қар қалмас” деп айтылатын ауылда сөз бар. Арғанатыдан бастап Обалыдан өтіп, Маңырақты бөктерлей шығысындағы Шіліктіге қарай “Бүрінің желін” жұрт аса ұната бермейтін, терісінен соғатын сүйкімсіз жел дейді.

Хош. Шікей ақсақалдың жағырапиялық атласын ести кетуді жөн көрдік. “Мұзтаудан түстікке құлдап, Хуйтің мен Тоқжайлау өзенінің арасындағы жалды қиялап, Текпіні жоталап еңкейіп келіп Кергентастың басы, Шағанобаның кезеңіне шығып, Мәсәлім байдың Қоскөл жайлауынан Сандықтасты жағалап, Қотанашы-Қожыр келіп, Ителгінің арасындағы Балтабай Айдарханның қыстауы тұрған сайдан еңкейіп, Табақ сайдағы Баймырзаны басып, Қотанашының жазығындағы командаңның бажы үйінің шығыс оңтүстігінен өте шығып, Желді тауының тұмсығына шығып, Айыр кезеңнің асуын басып, Какенталды, Көрпеталдыны жоталап, Күзуінге келген соң Шіліктіге беттеп, Бұтабайдың Жалшиін өрелеп Маңыраққа беттеп, Қоңыр қажы зиратының батысынан өтіп, Шетбұлақ, Өртеңбұлақ, Кеңбұлақ қыстауларын қолтыққа алып, Жанделінің асу кезеңін жоталай Үйденеге түсіп, шығысындағы Қарасайдың теріскей бетіндегі үлкен жалды жалдап, Сауырды жоталай, Кидің өзені, Тоқжайлаудың басындағы мұзтауға барып тоқтайды. Текпі мен Сауырдың ортасы Сауырдан құлдап түсетін үлкен аңғар Тасты өзен, Қоражайлау, Алтынқазған сияқты таулы аймақ түгел Қожанның ата-жұрты” дейді ақсақал.

Біраз дүниенің ой-қырын шолып шыққан болдық. Дарабоз қолбасшы Қабанбайдың екі туып бірі қалған туысы Қожан ұрпақтары ел-жұртты қорғап, ұлттық тұтастықты сақтап қалуда орасан зор еңбек еткенін еске алдық. Шілікті жазығында алты қанат ақбоз үйдің түтіні шудалана ұшып, өріс мал-жанға толып, болашақ қазақтың арқа сүйер атпал азаматы өсіп шықса деген үміт пен тілек бар.  


ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Қобықсәрі моңғол автономиялы ауданның тарихи материялдары., – Ү., 2005.
  2. Кәмен Мамырұлы., Жұмық Батыр., – Қ., 2011.
  3. Qazaqstan tarihy порталы., Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы., 2013.
  4. Qazaqstan tarihy порталы., Жауынгер қыз Жәнделі., 2015.
  5. Шәкерхан Әзмұханбетов., Үкілі найза ұстаған үш Бәйжігіт., – Ө., 2017.
  6. Зардыхан Қинаятұлы., Найман хандығы: Тарихы және мәдениеті (XII-XIX ҒҒ.)., – А., 2017.
  7. Қараша ұрпақтары., – Ө., 2018.

Бағай Назарбайұлы

6alash ұсынады