Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. Әріп тағдыры

Бұл әскер қызметінде жүргенде пайымдай бастаған нәрсем еді. Мурманск облысының Дания, Норвегия жақ шетінде орналасқан Нерпичий Залив деген жер. Әскери құрылысшылар батальоны. Қырық ру адам. Осы түрлі нәсілдің ішінен бір топ адам біздің көзімізге жылыұшырап көрінген. Қараторы немесе аққұба өңді, шаштары бұйралау, мұрындары қоңқақтау, зор денелі, еңсегей бойлы кавказдықтар.

Бірақ барлығының тілі қазақ тіліне ұқсас. Алғашында Қазақстанда тұратын, қазақ тілін жақсы меңгерген таулықтар деп ойлағанбыз. Артынан сұраса келе, жерлес санап жүрген таулықтарымыз Солтүстік Кавказ, Дағыстанннан келген қарашай, балқар, құмық халықтарының өкілдері болып шықты. Нарынқолдық Асқар деген бір жігіт бар еді, сол:

– Олай болса қазақ тілін қайдан білесіңдер? – деп сұрағанда таулық достарымыз түсінбей қалған.

– Біз өз тілімізде сөйлеп отырмыз, – деген шамданып.

Солтүстік Кавказ бен Дағыстанда тұратын Әзербайжаннан басқа барлық дерлік түркі халықтары ноғай тілі деп аталатын бір тілдің көзге көрінер-көрінбес айырмалары бар диалектілерінде сөйлейтінін біз кейін білдік. Ал ноғайдың қазақпен бір рет айырылысып, Ноғай ордасы күйрегеннен кейін қайтып келіп қазаққа қосылған кәдімгі қазақтың рулары екенін де кейін білдік. Бұл турасында қазақта кең тараған «Ел айырылған», «Ноғай-қазақ айырылған», «Ноғай-қазақтың зары» деген күйлер де бар.

Алайда сол сәтте, мұның бәрінен бейхабар біз үшін кавказдықтар мен дағыстандықтардың біздің қазағымыздың тілінде сөйлеуі таңғажайып құбылыс еді.

Кей-кейде асханадан үлкен бір пышақ алдырып, соны аузына тістеп, етігін шешіп шұлықшаң бір қарашай я балқар, я құмық ортаға билеуге шығады. Басқа біреуі аяғының арасына орындықты қысып алып барабан құсатып ұрып отырады. Ішінде біреуі керемет гармоншы еді. Сол жігіт гармонмен адамның жүрегін елжірететін бір керемет әдемі, екпінді әуенді ойнайды. Қалған қарашай, балқар мен құмық қол соғып, әндетіп биші жігітті қошеметтеп тұрады.

– Теңізбайдың қыздары,

Қатырыма келгенде, – деп басталатын ұзақ ән біткенше биші тоқтаусыз асыр салады.

– «Қатырыма келгенде» деген не? – деп сұрағанымызда Қайып деген балқар жігіт, ол «есіме түскенде», дегенді білдіреді, – деп жауап берді.

Қазақ тіліндегі «қапер» де кейде «қатер» деп айтылады. О керемет, дедік те, қойдық. Күндердің күнінде біздің бөлімшемізге іссапармен жиырма шопыр келді. Жартысынан астамы қырым татарлары екен. Бірде өздерімен өздері әңгімелесіп отырғандарында жандарынан өтіп бара жатып… қазақ әуезін естідім.

– Қазақстаннан келдіңдер ме? – дедім жандарына барып.

– Жоқ, Қырымнанбыз, – деді сөз бастап отырған біреуі, – Симферополь, Ставрополь.

Қазақ тілін қайдан білесіңдер дей жаздап барып, тілімді тістей қалдым. Кейін араласа келе тағы да ғажап қалдық.

Сүлеймен Әбубекіров деген қырымның татары бізбен әңгімелесіп отырғанда қазақтар­­дың бірі:

– Ән айтшы, – деді.

Сүлеймен кеудесін кере әндетіп қоя берген.

– Тауға бардым тал кестім,

Тартпады танам-ай.

Ән айтылып болғаннан кейін балалардың бірі «бұл ән не жайында» деп сұрады. Сүлеймен «осылар мені ақымақ қылып отырған жоқ па» дегендей бетімізге күмәндана қарап сәл отырды да түсіндіре бастады.

– Тауға бардым, отын шаптым, сол отынды арбаға тиегенде танам арбаны тарта алмай қалды, – деген сөз. Сендер немене мыжып отырсыңдар? Мені келемеж қылғыларың келе ме?

– Ал тана деген не? – деді балалардың бірі.

– Тана деген құнажыннан үлкен сиырды айтады, – деді Сүлеймен, – Біз жақта арбаға сиыр жегеді.

Осы жерге келгенде күлегеш Асқар шыдай алмай жымиған. Сүлеймен шамданып қалды.

– Неменеге күлесің? – деді Асқарды жаға­сы­нан алып, – Біреудің абұйыры ашылып қалды ма?

Және осының бәрі таза қазақ тілінде айтылып жатыр. Төбелесейін деп тұрған Сүлеймен мен Асқарды ажыратып жібердік.

Кейіннен мен ауырып Североморск қаласының госпиталінде жатқанда бір қарақалпақ ұлтының өкілімен палаталас болдым. Ол да маған қарап… таза қазақша сөйлеген.

Міне, Кавказ бен Дағыстандағы бірнеше ұлттың, қырым татарларының, қарақалпақтардың менің тілімде, қазақ тілінде сөйлеуі мен үшін үлкен жұмбақ, әскер қызметінен алып шыққан ең үлкен жұмбақ еді. 1976 жылы мен Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының филология факультетіне түстім. Көңілдегі үлкен түйткілдің бірі осы жерде шешілген.

Жазу мен тілдің тарихын қосып, «тарихи грамматика» деген пәнді майталман ұстаз Асхат Әбілқаев жүргізетін. Керемет білімді адам еді. Тілдердің шығу тегін, әр сөздің сырын жіліктеп тұрып түсіндіргенде көңілдегі ең шытырман күмәндар сейілетін. Ностратикалық теорияның орасан кемшіліктерін де осы Асхат ағамыз алғаш көрсеткен еді (Кейіннен бұл салада, мезгілсіз көз жұмған ғалым Серікбай Қондыбай үлкен еңбек етті, үндіевропалық деп аталатын тілдер жүйесіндегі көптеген лексикалық байлықтың түптеп келгенде ескі түрік, арғы түріктің сөздері екенін дәлелдеді).

1979 жылдың күзі. Соңғы курс студентіміз. Шамалғанның ар жағындағы Қарғалы поселкесінде педагогикалық практикада жүрміз. Алматыға қайтатын уақыт тақағанда шағын дастарқан жасап, осы практика кезінде тәлімгер болып жүрген Асхат ағамызды қонаққа шақырдық. Студент деп қомсынған жоқ. Келді.

– Сендер енді, бес минутсыз әріптессіңдер ғой, – деп бізбен коньяк ішті.

Содан соң көңілі жайланып ұзақ-ұзақ әңгіме шерткен. Бұл оның бұрын, аудиторияда айтқандарынан мүлдем бөлек әңгіме еді.

– Аға, мынандай нәрсені білгіміз келеді, – деді балалардың бірі. – Түрік халықтары ауызекі сөйлескенде бір-бірін оп-оңай түсінеді. Ал бірақ бір-бірінің жазуын оқи алмайды. Бұның себебі неде?

Мен де әскери қызмет кезінде дәмдес болған балқар, қарашай, құмық ағайындарды еске түсіріп, біраз әңгіме айтып бердім.

– Сұрақтарың орынды, – деді Асхат аға.

– Сонан соң недәуір уақыт ойланып барып, әр сөзін екшей сөйлеген.

Балалар, менің бұл айтқандарымды бір жерде қайталап, арандап, пәлекетке ұшырап жүрмеңдер. Біліңдер, бірақ іштеріңе сақтаңдар. Білгенімше айтып берейін. Кейбір сөздерім жаңсақ та болуы мүмкін. Тек менің сөзімді принципінде дұрыс деп қабылдаңдар. Кейін заман өзгергенде, шындық ашылғанда менің бұл айтқандарымды өздерің толықтырып аларсыңдар.

Қысқасы, былай болған. Революциядан кейін Қырымда Исмайылбек Ғаспыралы, қазақта Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жаханша Досмұхамедов сияқты алаш азаматтары түрікшілдіктің ұранын көтерді. Кейіннен бұл ұранға Түркияның алғашқы президенті Кемал Ататүрік қосылды. Барлық түркі халықтарына ортақ латын әліпбиі осы кезде қабылданған. Кейіннен, шет жағасын өздерің де білесіңдер, Алаш қозғалысы да, Қырымдағы түрікшілдер қозғалысы – барлығы талқандалды. Көп ұзамай бірыңғай әліпби жойылып, барлық түркі халықтары кириллица деп аталатын осы қазір өзіміз пайдаланып жүрген әліпбиге көшірілді. Сталиннің жанында отырған «кемеңгер» орыс филологтары әр халыққа әртүрлі ұлттық әліпбилерді «жасап» берді. Мақсат – түрік қана емес, жалпы бауырлас, қандас барлық халықтарды бір-бірімен түсінісе алмайтын қылу, қолдан келгенше араларын алшақтату. Құмық, қарашай, балқар, Молдовада отырған гагауз, ноғай мен қазақ, қырым татарлары бір-бірімен ауызекі тілде қиналмай сөйлесе тұра, бір-бірінің тасқа басылған жазуын тани алмауы осыдан келіп шығады. Міне, менің білетінім осы, қарақтарым. Тағы да қайталап айтам, менің бұл айтқандарымды қайталап керегі жоқ. Өздерің үшін. Мен жасым жеткен адаммын. Ал сендердің болашақтарың әлі алда…

Арада біраз жыл өткенде аяулы ұстаз көз жұмды. Дүние тағы бір төңкерілгенде Кеңес одағы ыдырап, империяның құрамындағы қаншама халық егемендік алып шықты. Осы Ресейдің, одан соң Кеңес одағының темір бұғауынан құтылып азаттыққа жеткен жұрт­тардың бел ортасында біз келе жатырмыз. Егеменді Қазақстан Республикасы.

Егемендік алғаннан кейін бір жылға жет­кізбей-ақ барлығын анықтадық. Асхат ағамыз аздаған детальдардан қате жібергені болмаса, шындығында да принципінде дөп түсіпті. Біраз нәрсені естіген, анықтаған, біраз нәрсені өзі болжап тапқан. Енді оқырманның өзі де бұрыннан білетін жайттарды үстіртін болса да жаңғыртып өтейік.

1914 жылы Ресей мен Австро-Венгрия және Германияның арасында басталған соғыс ақырында шиеленісе келе бірінші дүниежүзілік соғысқа ұласады. Осы кезде герман армиясының Бас штабы Ресей империясын іштен іріту мақсатында Швейцарияда эмиграцияда жүрген орыс революционерлерін Ленинді басшы етіп, Финляндия арқылы айналма жолмен Петроградқа жеткізеді. Ар жағы белгілі. Күн көсем шаруаларға «Егер империяны құлатсақ жердің барлығын крестьяндарға үлестіріп береміз. Мәңгіге», деп жұмысшыларға «зауыт-фабриканы үлестіріп береміз. Мәңгіге» деп уәде етеді. Социализм кезінде мемлекет деген жойылады деп тағы да «бақыт үлестіреді». Осы қарабайыр ұрандар таңғажайып нәтиже берген.

Ресейдің пәленбай миллиондық армиясы шаруалардан құралған. Лениннің уәдесіне сеніп қалған солдаттар майданды тастап, тезірек жер бөлісуге асығып селоларына қашқан. Әрине, қолдарындағы винтовкаларын тастамаған, қашқан әскерді тоқтатпақ болған офицерлерді штыкпен шаншып, атып өлтіріп кете берген. Осылайша Батыс майдан күйреп, жойылып, неміс армиясы ешқандай қарсылық көрмей Ресейдің жерін оп-оңай жаулап ала салған. Немістер Ленинге «Ресей империясын таратып жоқ қыласың, осыны орындасаң орыстың бүкіл байлығын тонауға рұқсат береміз, сендерге ешкім сырттан келіп тиісе алмайды, себебі, біз сендерді қорғап тұрамыз» деп қатаң тапсырма береді. Ленин өзінің қожайындарының айтқанын екі етпейді, революция жеңіске жеткеннен кейін «Ресей империясы жойылды, енді елдің барлығы бос, тараңдар» деп жар салады.

Осы жан-жаққа «тараған» халықтардың ішінде Ресейдің бұрынғы отары Финляндия ғана шын бостандық алып, егемендікке жетіпті. Ал қалған елдер, ұлыстар, халықтар қайтадан қанға батырып, қайтадан біріктірілген. Оның себебі мынада еді.

1918 жылдың күзінде біріккен одақтастардың күшіне төтеп бере алмаған Германия күйреді, масқара келіссөздердің кезінде, Америка мен Англияның небір қорлық шарттарына көніп, егемендігінен айырылды. Өзін таққа отырғызған қожайыны Германиядан құтылған Ленин енді мүлдем басқа адамға айналды, «Социализм кезінде мемлекет атаулы жойылады!» деген бұрынғы ұранды ұмытып, енді Ресей империя­сын бұрынғы шекарасында қалыпқа келтіру идеясын уағыздай бастады. Ақырында Ақ гвардияны жеңіп, ары асырып тастағаннан кейін, империяның бұрынғы отарларын қайыра отарлады. Міне, алашшыл-түрікшіл қозғалыс осы 1917 жылғы қазан төңкерісі мен 1918 жылы Германияның күйреуі аралығында дүниеге келген ұлы елдіктің елесі еді.

Құрметті оқырман, сіз жаңылыс оқып отырған жоқсыз. Бұл шынында да ұлы елдіктің, Ұлы Түрік қағанатының елесі еді. Картаға қараңыз. Егерде Ақтаудан тік тартсаңыз Каспий теңізінің (бізше Хазар теңізі, немесе Көк дария, немесе Әбескүн теңізі) арғы жағасында Мақашқала – Дағыстанның астанасынан шығасыз. Дағыстанда құмық, қарашай, балқар отыр. Солға қарай, яғни Иранға қарай сәл қиыстау тартсаңыз – Бакуден, Әзербайжанның астанасынан шығасыз. Ал Әзербайжанның өзі баяғы Иран мен Ресей соғысы кезінде пайда болған ел. Соғыста жеңілген Иран қоластындағы әзербайжанды (түрік нәсілін) ортасынан қақ бөліп Ресейге берген. Яғни жарты әзербайжан өзінің жерімен, суымен, нуымен қазіргі Иранның құрамында отыр. Әзербайжанның ар жағы Нахичеван. Ал Нахичеванның арғы жағы ұлы Түркия. Ыстамбұлдан шығып Қара теңізді қақ жарсаңыз тағы бір түрік нәсілі жайлап отырған Қырымнан шығасыз.

Қазақстанның солтүстік батысында Еділ бойы түріктері – татарлар, башқұрттар, марилер отыр. Сібірде алтайлықтар, төлеңгіттер, хақастар, тувалар, барабын татарлары, якуттар, оның ар жағында тунгустанып кеткен тағы да толып жатқан түрік халықтары. Осының бәрі бір әліпбиді пайдаланса, күндердің күнінде жақындаса келе «екінші шағатай тілі» пайда болар еді. Әрине, Ленин бұндай салмағынан жер жарылған елдіктен шошыған, қайткен күнде болдырмаудың әрекетіне кіріскен. Оның адал шәкірті Сталин де бұл «игілікті» істі ары қарай түбегейлі жүргізіп, ақырында ұлы түрік идеясын күйретіп тынған. Ар жағы оқулықтардан белгілі. Жер-жердегі түрік нәсілінен шыққан қайраткерлер лек-легімен атылған, асылған, түрік санасы енді қалыпқа келместей етіліп өшірілген. Біз Кеңес одағының территориясында тұратын түркі халықтарының санын әлі күнге дейін толық білмейміз. Статистикалық мәліметтер совет заманында да, қазір де жасырылады. Әйтеуір көп екенімізді білеміз. Бірақ, қанша? Белгісіз.

Жазудың ауысуының салдары қандай? Мысалға біздің өзіміздің төл жазуымыз болған. Көне түрік жазуы деп аталады. Бізде шумертану (шумерология) ғылымы жоқ. Әйтпесе, көкіректе, сол шумер мәдениетінде, шумер әліпбиінде, жазба мұрасында біздің үлесіміз жоқ па екен деген күмән де бар. Олжас Сүлейменов өзінің «Қыш кітабында» осыған меңзейді.

Еуразия даласында үстемдік құрып, билік орнатқан қондыгер қаңлы (скиф) нәсілінің де төл жазуы болуы мүмкін. Себебі, көне түрік жазуының табиғатынан мыңдаған жылдық дамудың белгісі танылып тұрады.

Құрметті оқырман, әліпбидің ауысуының қасіреті – бұрынғы мұраның ұмытылып отыруында. Әліпби ауысады, сол әліпбиде жазылған текстер жойылады. Мысалға, қазір қарапайым халық көне түрік немесе сары ұйғыр жазуындағы жәдігерлерді оқи алмайды. Бұл текстер енді ғалымдардың ғана еншісінде. (Осы орайда Асхат Әбілқаев ағамыз «Қазақстанда бір ғана көне түрік бар – ол профессор Томанов!» деп қалжыңдайтыны еске түседі). Біздің байырғы, көне түрік тіліндегі жазба мұрамыз батыстың, орыстың ғалымдарының «меншігі». Солар оқиды, солар талдайды, солар пікір айтып үкім кеседі. (Олармен дауласа көрмеңіз, Құдай сақтасын!). Енді түрік әулеті Орхон-Енисей бойынан қоныс аударып, қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, батыста Хазар теңізінің екі жағасын, Кавказ бен Шығыс Еуропаны алды. Бұл кезде енді урбанизацияға ұшыраған түрік нәсілі араб жазуына көшті. Яғни, тастағы жазулар Орхон мен Енисей, Селенгі мен Керуленнің жағасында түсініксіз бір өркениеттің белгісі болып қала берді.

Араб жазуында түріктің нәсілдік, милләттік ғылымы мен мәдениеті өркендеді, түрік ойының ең көрнекті, ең асқақ үлгілері араб тілінде таңбаланды. Содан соң жазу тағы өзгерді… тағы өзгерді… және өзгерді. Ал өзгерген сайын, жоғарыда өзіміз айтқандай бұрынғы мұра тарих еншісіне айналып отырды.

Жазу-сызуды, тілді унификациялаудың, бірыңғай қылудың ең үлкен әрекеті Алтын Орданың кезінде болыпты. Шағатай тілі – Алтын Орда филологтарының ең ұлы жетістігі. Адам айтса нанбайтын нәрсе, бірақ шағатай мәнерінде хат жазу дағдысы қазақта өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін келіпті. (Шағатай мәнерінде жазылған хатты оқығанда, ондағы, адресатқа деген құрмет пен ізеттен жүрегің елжіреп, көзіңе жас келеді. Қазақ бұндай инабаттан, бір-біріне деген бұндай құрмет пен ізеттен айрылғалы қашан. Біз советтік стильде, советтік жарлықтар стилінде хат жазып үйрендік. Дік-дік, дүрс-дүрс бұндай хаттарда мәліметтен басқа ештеңе де жоқ).

Қазан төңкерісінің алдында, одан біраз кейін бізде «төте жазу» деген болды. Қазақ сөзі араб әрпімен жазылады. Оны да қазір арнайы сол мәселемен айналысатын филологтар, әуесқой зерттеушілер ғана біледі, оқи алады. Содан соң латын әрпіне көштік. Бұл азғантай дәуреннен кейін кириллицаға көштік.

Міне, көріп отырғанымыздай, жазу-сызу, әліпби ауысқан сайын атамұра жойылып отырады. Жер бетінен жойылады десек астамшылық болар, бірақ ұрпақ жадынан өшетіні, маман филологтардың еншісіне ғана айналатыны анық. Осы орайда мынадай бір, кітаптан оқыған хикая еске оралады. Ағылшынның Индиядағы отарлық армиясының жоғары шенді офицері, масон әулетінен шыққан белгілі ғалым Дж. Черчвард бірде сахабалардың қолындағы көне жазба мұралар қоймасын аралап келе жатып, бұрышқа қарай күреліп тасталған, тау болып жатқан қыш кітаптарға көзі түседі. Өзін ертіп жол көрсетіп келе жатқан сахабадан «Бұл не, неге бұрышқа үйіп тастағансыңдар?» деп сұрайды. «Әбден ескірген, жазуы түсініксіз дүниелер.

Бұл кітаптарды ешкім оқи алмайды, себебі бұл жазуды ешкім білмейді. Баяғыда ұмытылған әліпби. Сондықтан, керегі болмағандықтан сырып тастаған едік» деп жауап береді сахаба. Дж. Черчвард «Олай болса бұл кітаптарды маған бере салсаңыздар қайтеді?» дейді. «Ала беріңіз» депті сахаба. Дж. Черчвард көне жазулардың, әліпбилердің майталман білгірі, аталған кітаптарды алып оқып, текстің сырына жетіпті. Осыдан жүз мың жылдан астам бұрын, Атлантидадан әлдеқайда ерте пайда болған Алтын Империяның орталығы, қазіргі Австралияның жерінде өркендеген Му континенті жайындағы, заманы келгенде Алтын Империядан егемендік алып Ұйғыр қағанатының бөлініп шыққандығы жайындағы сенсациялық мәлімет осылай жария болған екен.

Кезінде Құбылай хан, Қытайдың жазуға икемсіз иероглифтік әліпбиін кәдімгі дыбыстық әліпбиге ауыстыру жайында шешім қабылдайды. Сонда қытайдың он сегіз мың ғалымы бұл шешімге қарсы болыпты, қаһарлы ханға қасқайып қарсы тұрыпты. Құбылай ашуға мініп, ғалымдарды сарайға алдырып алдарына екі шарт қойыпты. Біріншісі, реформаға көну, жаңа жазуды қабылдау, осылайша аман қалу. Екіншісі, ескі жазуда қалу, өлу. Осылайша он сегіз мың ғалымның басы шабылып, Қытай өзінің ескі жазуын сақтап қалыпты деп жазады ескі жәдігерлер. Кім біледі, гиперболаға бейім қытай тарихшылары өсіріп айтқан шығар, он сегіз мың ғалым емес – он сегіз ғалым өлім жазасына кесілген шығар.

Бірақ солай болған күннің өзінде қытай жұртының ата жолына берік екені, дәстүрді сақтау үшін, керек болса өлімге де бара алатыны осы ғақлия әңгімеден айна-қатесіз көрініп тұр. Әрине, моңғолдан шыққан Құбылай хан мен қытай ғалымдарының арасындағы бұл конфликтінің тамыры тереңде жатыр. Кейін реті келгенде бұны да әңгіме етерміз. Бұл жерде біздің айтпағымыз басқа. Біз екі түрлі ел – ұлы түрік нәсілі мен ұлы қытай нәсілінің жазу мәдениетін, әліпбилерінің тарихы мен тағдырын салыстырып отырмыз бұл жерде. Әрине, Қытайдың жоғалтқаны да аз емес. Мәдени революция кезінде де кітап өртеу, ата мұраны жою деген сұмдықтар болыпты. Алайда Қытайдың сақтап қалған мәдениеті ұшан-теңіз. Жазуы қырық рет өзгеріп кеткен біз, яғни, түрік нәсілі қытаймен шендеспек түгілі, олардың маңайына бара алмаймыз.

1989 жылы консерваторияның ректоры Дүйсен Қасейіновтің арнайы шақыртуымен вьетнамдық ғалым Ван Нам Алматыға келіп бір айдай лекция оқыды. Алғашында біз оны Вьетнамнан келген адам деп ойлағанбыз. Олай емес екен. Ван Нам Дағыстандағы Қабарды-Балқар елінен келген екен. Кейін араласа келе өмір тарихын айтып берді. Вьетнамнан келіп Москвада оқыған, орыстың қызына үйленіп, ақыры жолдамамен Қабарды-Балқардың астанасы Нальчик қаласына аттанады. Лекциядан кейін біздің фольклор кабинетімізге келіп, шай ішіп отырып ұзақ әңгімелесетін.

Бірде:

– Қы­зық, сіздер тура балқар тілінде сөйлейтін сияқ­тысыздар, – деді Ван Нам. – Балқарлар өзде­рі о баста бір халық болған екен. Екі тайпаның біре­уін шеркестерге қосып бір республика, екінші­сін қабардыларға қосып бір республика етіпті. Мен тұрып жатқан қаланың аты Нальчик емес – Иналшық екен. Бір түркітанушы ғалым ма­ған «Иналшық» деген ескі түрік тілінде «Хан», «Әмірші» дегенді білдіреді, қазіргі астана Наль­чик о баста «Иналшық», яғни «Ханның ауылы», «Ханның қыстағы» деген ғана болған, қазір үлке­йіп қалаға айналып кеткен деп түсіндіріп еді.

– Шыңғысхан өлтірген Отырардың ханы Иналшы Қадырхан деген болған, – дедім мен.

– Интересно, – деді Ван Нам басын шайқап, – Қызық екен.

– Несі қызық? – дедім мен, – Олардың барлығы Алтын Орданың кезінде Кавказға дейін шашырай қонған қазақтың, түріктің рулары…

Иә, солай болған, құрметті оқырман. Алтын Орданың кезінде Кавказға иналшы-әкім болып барған, Кавказдың қырық ру халықтарын бағындырып ұстап тұрған әулет, замананың желі түрік нәсіліне қарсы соққанда Ресейдің табанының астына түскен, империяның неше ғасырлық тепкісінен сүйегі саудырап, азып, ақыр соңында шешен мен ингуштан, армян мен грузиннен несібесі мен абыройы төмен, екінші қатардағы халық дәрежесіне түсірілген.

Еуропаны дүр сілкіндірген, Ресейдің өзін әлденеше рет шапқан, Речь Посполитаны (поляк пен Балтық халықтарының біріккен патшалығы) қалтыратып отырған Қырым жұрты да осындай кепке түсірілген. Алдымен егемендігінен айырған, содан соң 1941-1942 жылдары қырым татарлары деп аталатын халықты толайымен Қазақстанға көшірген. Әрине, бұл шағын мақалада Ресей империясының және соның мұрагері советтік тоталитарлық империяның барлық қылмыстарын жіпке тізіп шығу мүмкін емес.

Сөздің реті келгеннен кейін айттық. Енді, міне, бүгін, ішкі-сыртқы саясатта аса байыпты, сақ, ақырын жүріп анық басатын Елбасымыз ерекше іске бел буып отыр. Енді әліпбиіміз өзгереді. Әліпби өзгереді, осылайша біз төрт тарап, жеті ықылымға тарап кеткен бауырлас ағайынмен, түрік деп аталатын нәсіл мен қайыра бауырласамыз, ортақ мәдениетке қадам басамыз. Бұл баяғы Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Жаһанша, Мағжан, Міржақып сынды аяулы ағаларымыздың, Исмайылбек Ғаспыралы бастаған Қырым ұлтшылдарының, тағы да, біз атын біле бермейтін түрік нәсілі қайраткерлерінің асыл арманы еді. Олар жете алмады. Міне, біз бүгін осы істі ары қарай жалғастырамыз.

Әрине, әліпбидің өзгеруі өте қиын шаруа. Әлі талай қателер болады, программалар өзгерген себепті компьютерлер «қалқып» қалатын болады, кириллицада жасалған жазба мұраны жаңа жазуға аудару кезінде талай сүріну де болады. Бәрі де болады. Бірақ соның бәрі де өтеді. Өтеді де кетеді. Діни кітапта айтылғандай, «Жаңа аспанға жеткенде, өтіп кеткен аспанды есіңе де алмайсың, ол туралы өкінбейсің де».

Жаңа әліпби құт-берекеге жеткізсін, ағайын.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, 2013 жыл

"Егемен Қазақстан" газеті