Қыс маусымының басы. Екі-үш ай ұйтқи соғып мазаны алған Қобда бетінің қара желі сап тауып басылған. Жалаңаш күрең таулар мынау дүниедегі тірліктен әлде жалыққандай, әлде дүбірге толған заманнан есеңгірегендей. Ұзақ жол жүріп қайта айналып зорығып келе жатқан мініс аттарындай қабағы салыңқы, қыр- қыраттардың иығы салбырақы мүлгіп қана тұр. Аспанның қабағы түйіліңкі, қою, қошқыл қара бұлттар түксиіп тұнжырай түскен. Күннің құлақтана қалуы да анау батыс жақтан баяу жылжып келе жатқан қардың ызғары барын танытқандай. «Бір таудың қуысында, бір алланың уысында» жатқан мынау малшы ауылына былтырғысынша биыл да қыс үрей, ауыртпалық арқалай келіп қалған түрі бар. Сол өткен қыс пен жазғытұрымғы қара жұтта жанталаса қанша тырбанып қолдан келгеннің барын салып, барын арнаса да тамырын тартып талғажау етер азғана тұяқ малының қақ жартысынан айырылып титығы құрып, запыс болған ауыл япырай енді не болар екен деген сарыуайымда. Малы нәпақасын төрт мезгіл бойы жайылымнан табатын табиғат ықпалындағы малшы қауымның күні осы. Жаратылыстың қабағына қараумен, жаратқан иесінен рахым күтіп жалбарынумен, өздері де қол қусырып отырып қалмай баққан бағып қалады, бақпаған қарап қалады деп жаз шығысымен малын бозторғайдың шырылдаған дауысымен жарыса өргізіп, жайы келсе қара шәугімін қанжығалап жалаң қоспен отарға кетіп, ара-арасында шөп-шалаң жиып, қора-қопсыны жөндеумен тынымсыз тіршілік етеді. Қыстың суығы қатая бастаған сайын бұлар тізе бүгуге мұрса жоқ өлермен күйге түскен. Үсен де солдардың бірі. Жас кезінде өз үйінің шаруа жайын деңгелек айналдырып бітіріп тастап, басқаға көмектесуші еді, енді жасы егделей келгенде қаруы қайтып, қарымы босап солғындай бастаған соң анауысы бітпей, мынауысы шала қалатын болғандықтан жалғызіліктігіне налиды. Ауылда серіктесер, селбесер адамдар жоқ емес бар. Іргелес үш үйлі жан. Қысы-жазы жұбын жазбай келе жатқан бұлардың қайғы, қуанышы ортақ, өзара көмектесіп селбесудің арқасында көптен озбаса да көштен қалмай талай жылдар бойы жұрт қатарында келеді. Дегенмен дәм-тұз, ыдыс-аяқ араласып қанша бірге отырғанмен «үйі бөлектің көрі бөлек», олардың да өз тірлігі өзіндік мұң-мұқтажы бар, қашанғы алақанға салып әндігерлеп, иығынан сүйеп жалпылдап жанында бола береді.
Алла тағала бермей қойған жоқ, құдайға шүкір, құдіретіне құлдық, бірнеше қыз перзент берді, олар да ұрпақ. Ұрпақ болмаса «қызын ұрпағым демегендер менің үмметім емес» деп пайғамбарымыз жарықтық неге айтты. Ол тұрмақ мына көршілес отырған жат жұрт ұлы бола тұра қайырымды келеді деп жасы ұлғая келе көбінесе қыздарына қара тартып соларға паналайды, солардың қолында тұрып пәниден аттанады. Олардың қыз балалары да өжет келеді. Бәйге аттарына жеңіл делініп бес-алты жасар қыз балалары мініп шабады. Қыз, келіншектері атпен қой жаяды, жоқ қарап, жылқы айдайды, шу асауларды құрықтап ұстап, құлақтап ноқталап алады. Дейтұрғанмен қыз баланың аты қыз бала. «Қыз-жат жұрттық» деп қазекең тегін айтпаған. Текке айтса осы үйдің алдыңғы екеуі қалайша ұзатылып кетті. Қалған екеуі оқуда. Қазақ көзімен қарасаң әйтеу қарайып тірі, аман болсын, жақсы жүрсін демесең «атбайлар» ғана, олардан не пайда. Алпысты алқымдаған Үсен қат-қабат жұмыс-шаруаның бірі бітсе бірі бітпей қарбаласып қалжыраған, қажыған сайын осынау ойлар жанын жегідей жейді.
Кешқұрым уақыт еді. Тракторшы Бейсен әлгінде ғана келіп тіркемесінен түсіріп тастап кеткен ауыз сулық жиырмашақты кесек мұзды тасып, тау қуысында тастан жиылған қорасының бір түкпіріне жинап аламын деумен діңкесі құрыды. Зілдей ауыр мұздардың бір шетін келіп көтерісіп көмектесер еді бәйбішесінің денсаулығы дімкәс. Көршілерде қазір өлмелі кемпірден басқа селбегі тиер еш адам қалмаған, малға кеткені мал жайып кетіп, екі үйдегі екі келін қап алып, әнеу биіктен күртік қар алып келуге кеткен. Бұл жақта су тапшы, өзен де, құдық та алыс. Ұзын аяқты мал ұзақ өріске жақын қара судан суарылады. Ауыз су мен қорада қалған әлжуаз тоқты-торым,, бұзау-торпақ қолдан суарылатындықтан олардың сусынына, ауыз суға да таудың таза қарын ерітіп керектенеді. Қолы жеткені мұз артып түсіріп жинап таза сақтап алады. Шамасы азайып шаршаған Үсеннің көкірегі алай-дүлей. Өнебойынан бу бұрқырап басы-көзін қырау жапқанда көмейіне ащы запыран ағыл-тегіл құйылып келіп тірелгендей кейіп:
– Мінеу мұз тым үлкендеу екен, бір шетін көтерісуге шамаң жетер ме екен –деп еді, онсыз да белі ауырып аттап аяқ баса алмай жүрген Мағила үн-түнсіз келіп, қанша тырмысып әуреленсе де қозғай алмай қойды.
– Жә, мен өзім... - деп ақ балтаны алып келіп астына таза тері-терсек төсеп алды да мөп-мөлдір мұз кесектерін жаңқалап талқанын шығарды. Аллаға шүкір, әлде де денсаулық, әл-қуаттың бары дәтке қуат. Бірақ уақыт өлшеулі, кәрілік ең дауасыз дерт, төрінен көрі ақырын аяңдап жақындай түсіп, кәрі қойдың жасындай жасы қалып, ажал дейтін аждаһа қусырып қуып келе жатқанын еске алғанда тұлабойы суып жүре берді. Дүние алмағайып, жасаған жасыңның өзіне қарап тұра алар ма... «Қысылғанда қымыз шығады»:
– Әй Мағила-ау, - деді әлдеқалай бір ой басына сап етіп түсе кетіп.
– Әу! - деді бәйбішесі оған жаны ашыған, аяған кейіппен етбауыры елжірей қарап тұрып.
– Осы бізге серік керек екен - деді қолындағы балтаны лақтырып тастай салып, қора шетіндегі сандық тасқа құйрығын қойып, маңдай терін сыпырып тастап, шақшасын тасқа шақ-шақ ұрғылай отырып.
– Немене серікті айтасың? Балаларды сабағынан шығарып алмақпысың, о не дегенің, обалына қалмаспыз ба, оқысын, олардың өзі бізге қанша уақыт серік болда алады. Онанда әл бітіп, қашанғы бір дәм таусылғанша өз қотырымызды қасып күнімізді өзіміз көре бермеспіз бе?!
– Жоға, мен олдарды айтпаймын... Һім, былайша... Басқа жақтан...
– Басқа жақтан бізді есіркейтін кіміміз бар еді?
– Оның жөнін мен өзім-ақ табам. Осы біз Сәбиланың бір ұлын сұрасақ қайтеді, тіпті бауырымызға басып асырап алайық.
– Кім баласын біреуге баласын бере салғалы жатыр дейсің?
– Береді. Оның баласы баршылық қой. Мен сұрасам береді біреуін. Өзің білесің, бір кісідей-ақ талай көмектесіп сүйедік емес пе біз, жетім-жесір деп те... Алды зіңгіттей болды.
– Әй қайдан. Қанша көп болғанымен іштен шыққан перзенті, мә деп қиып екі туып бір қалғаны емес албаты біреуге қалай бере қояды. Қайсысын алайын деп қолқа салмақсың сонда?
– Әнеу кішірек сары ұлды. Өзі тым сергек, қиын сүп-сүйкімді неме!..
– Берсе алып келші, жақсы серік, қолғанат болар еді. Онда өз баламнан кем көрмеймін, тіпті шынымен келсе тілеу істеп той жасамасқа. Шыным осы, құдайға рас, міне бейуақ!
– Олай болса менің алып келетініме сен. Тіпті келісіп те қойып едім.
– Ә-ә-ә, иә бәсе, өзім де сезуші едім... Түрі аумай саған тартқан... Тіпті ел-жұрт та білетін көрінген. Сене бермейтінмін, өсек пе деп. Жарайды не де болса сөкеттігі жоқ. Басқа бас қосылып жатса одан өткен қуаныш бола ма?!
– Япырау, білген екенсің-ау, өсек емес шыны сол, көңіліңе ауыр алма, кешір мені!..
– Кешірім сұрайтын түгі де жоқ, мен саған осы ақылды баяғыда айтып басыңа салмап па едім. Алланың бергеніне бас, дегенмен қыз балалар біз екеуімізді қанжығалап ала кетпейді ғой. Сен екеуіміз кіналы емеспіз, жасаған иеміздің жазғаны сол... «Мынау өзі ата-бабаның қара шаңырағы, киелі аруақтар ренжиді, сен осы шаңыраққа мирасқор ие тап» деген адам сөзін осыдан он жыл бұрын саған айтқаным есіңде ме?
– Иә есімде, есіме сақтап ақылыңа көнген соң да осылай істеген едім ғой, Мағила! Батып айтуға дәтім жетпей қабағыңа қарап тосырқап сырды жасырып келгенім рас. Көңіліңді қимаған едім. Мен разы, ата-бабаның аруағы разы, алла разы сендей ақылды, ер анаға! Балаңды алла қаласа ертең-ақ алып келіп алақаныңа саламын. Әкелмесем маған серт. Сәрсенбінің сәтіне даярлай бер ақсарбасыңды. Маңайдағы елдің бәрін шақырайық!
– Өз қолымды өзім кесем бе. Бәсе, мен айттым ғой саған! – Мағила кемсеңдеп көзіне жас алып, жанқалтасынан орамалшытын шығара берді. Бір қуаныш, бір мұң...
Моңғолияның "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", ақын-жазушы, аудармашы.
Баян-Өлгий, 2006 жыл
6alash ұсынады